31 мамыр күні Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті. Шараға сол тұстағы солақай саясаттың құрбанына айналған тұлғалардың ұрпақтары шақырылды. Арнайы ескерткішке гүл шоқтары қойылып, марқұмдарға құран бағышталды. Өткен жылы жұмысын бастаған музей ұжымы түрлі тарихи экспонаттарды қонақтар назарына ұсынды.
Салтанатты шараның Алматыдан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңалық ауылында өтуінің себебі мынада. Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімовтің айтуынша, 1937-1938 жылдары Алматы қаласында және Алматы маңындағы абақтыларда өлтірілген екі мыңдай адамның мәйіті осы Жаңалық ауылының іргесіне үйінде ретінде көмілген. Елбасының тапсырмасымен бұл тарихи оқиғаға лайықты баға беру үшін 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бой көтерді. Ал 2018 жылдың 1 желтоқсанында құрбандарға арналған музей өз жұмысын бастады.
Бабаларға тағзым ету үшін 1 минут үнсіздік жарияланып, кейін сол кездегі солақай саясаттың құрбанына айналған тұлғалардың ұрпақтары естеліктерімен, шараға шақырылған қонақтар ой-пікірлерімен бөлісті.
Республикалық «Әділет» қоғамы бірлестігінің төрағасы, Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов саяси қысым көрген бабалар жайлы баяндады.
– Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы картасы шар сияқты доп-домалақ болатын. Қазіргі картасы сопайып қалды. Солтүстіктен де, оңтүстіктен де жер кетті. Жерімізбен бірге тарихымыздан да айырылып қалмас үшін өткенді ұмыттырмайтын осындай орындардың бой көтергені дұрыс.
– Репрессия деген көбінің көзіне тек кеңестік дәуірде болған сияқты көрінеді. Ал расында, Қазақ хандығы Ресейдің боданы болып, құрамына кірген кезеңде басталып кеткен. Өзіңіз қараңыз, Кенесарының басын алды – респрессия, Махамбеттің басы шабылды – репрессия, Бекболат Әшекеев осы Жетісуда асылды – репрессия. Яғни, 31 мамырда тек Сталинді, тоталитарлық билікті жамандап кете салуға болмайды. Репрессия – азаттығыңның көрінісі.
– Мына кіреберістегі тақтайшаға қарасаңыз, «осы жерде жерленген...» деп жазып қойыпты. Бұл жерде жерленген ешкім жоқ. Ол дәуірде ешкім оларды арнайы әкеліп жерлеген емес. Сол себепті, «жерленген» деп емес, «мәңгі тыныштық тапқан» деп жазғанымыз дұрысырақ болады.
Профессор сөйлеу барысында репрессия құрбаны Ұзақбай Құлымбетов жайлы әңгіменің де шетін шығарды. Бұл тақырыпты ары қарай Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаева жалғады. Сонымен, қатар ұйымдастырылып жатқан шараның да маңыздылығына тоқталып өтті.
– Бұрын репрессия құрбандарының ұрпақтары бұл маңға 4-5 автобуспен келетін еді. Бүгін 1 ғана автобус көрініп тұр. Жыл өткен сайын қариялар да бұл жалғанмен қоштасып, арғы дүниеге кетіп жатыр. Ал енді мына ескерткіш пен музей ұрпақтар арасындағы байланысты үзбей ұстап тұрмақ. Бұл жерге оқушылар, жастар келіп бабаларының тарихымен таныса алады.
– Мен репрессия құрбаны Құлымбетов Ұзақбайдың қызымын. Академик Мәмбет Қойгелдиев Ұзақбай Құлымбетов жайлы былай деп жазады: «1920-1930 жылдар аралығында орталық Ресей біздің байлығымызға көз тікті. Сол байлығымызды жасырын алып қалуда үлкен еңбек сіңірген қайраткердің бірі – Құлымбетов Ұзақбай. Біздің алтын кеніштерімізді қайтарған – Ұзақбай Құлымбетов. Біздің экономикамыздың дамуына жағдай жасаған, өндірістің негізін қалаған – Ұзақбай Құлымбетов. АЛЖИР, КарЛаг сияқты лагерьлерді ашуға жер сұрағанда, «жер берілмесін» деп Қарағандының басшысына хат жазып, қазақ жерінде легерь тұрғызуға қарсы шыққан адам – сол кісі. Алайда, Қарағанды басшысы Сталиннің қолшоқпары болғандықтан, бұл іске тосқауыл қойды».
Атылған ата-бабалары мен туған туысқандарын еске алуға келген қонақтардың арасынан Дәулет Тынышбаев көрінді. Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі болған тарихшы-ғалым Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы әкесі жайлы есте қалған оқиғалармен бөлісті.
– Мен дүниеге келгенде әкем алашордашылармен бірге түрмеде жатты. Бірнеше уақыт өткенде әкем ақталып шықты, алайда оған Алматыға қоныстануға тыйым салды. Біз амалсыз Ташкентке көшіп бардық. Сөйтіп, әкем Нүкіске жаңа қызметке орналасқан. Алайда, бұл әрекеттің де соңы сәтсіз аяқталды. Оны жұмысқа алған басшының өзін Мұхамеджан Тынышбаевты қол астына алғаны үшін қызметінен айырыпты. Бұл оқиғадан кейін, әкем тағы жұмыс іздеп, ақыры Қандыағаш-Гурьев теміржолына орналасты. Біз тағы көштік. Мен жолда қатты ауырдым. Дертім 1 жарым айға созылып, соңында анам екеуіміз Уфаға көшуге мәжбүр болдық. Бұл дұрыс шешім болыпты, егер көшпеген жағдайда анамды лагерьге әкетеді екен. Әкем Уфаға келіп-кетіп жүрді. Күндердің бір күнінде біздің адреске Ташкенттен хат келді. Бұнда әкемнің тұтқындалғанын жазыпты. Кейін атылғандығы туралы хабар алдық.
Арнайы шақырылған қонақтар, кеңестік дәуір саясатының құрбандарының бүгінгі ұрпақтары сөз сөйлеп болғаннан кейін есткерткішке гүл шоқтары қойылып, құрбандарға құран бағышталды. Айтпақшы, осыдан төрт ай бұрын осы төңіректе құрылыс жұмыстарын жүргізіп жүрген ауыл тұрғындары аулаларынан барлығы 168 адамның сүйегін тапқан. Осы оқиғаның соңы немен аяқталғанын Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиев айтып берді.
– Бұл сүйек зерттеліп, тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін 29 мамыр күні құран бағыштап, сүйекті қайтадан жер қойнауына тапсырдық.
Сонымен қатар, музейдің ашылу тарихына қатысты бірер ауыз сөз айтты.
– Жылдар өткен сайын ұрпақ ауысып жатыр. Бұл жердің тарихын білетін тұлғалар ертең арамыздан кетсе, осы жерде болған оқиғалардың барлығы ұмыт болады. Сол себепті, 2017 жылы Алматы облысы әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов Жаңалық ауылында музей тұрғызуға тапсырма берді. Нәтижесінде 2018 жылдың 1 желтоқсанында «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі» салтанатты түрде ашылды. Ендігі мақсат – бұл жердің территориясын кеңейтіп, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер тұрғызып, тарихи танымдық бұйымдармен толыққан үлкен саябақ жасау.
Көлемі 635 шаршы метр музей ғимараты ескерткіштің жанында орналасқан. Музей меңгерушісі Ғарифолла Әнес «келіп көруге қызығушылық танытқан адамға ғимаратымыздың есігі әрқашан ашық» дейді.
– Музейде 160-қа жуық экспонат бар. Кеңестік саясаттың салдарынан құрбан болған боздақтардың тұтынған бұйымдарын олардың ұрпақтарынан, мемлекеттік архивтерден алдырып жатырмыз. Экспонаттар саны артып жатыр. Біздің музейіміздің ерекшелігі – барлық қорды цифрландыруға арналған жеке зал бар. Репрессия, аштық, депортация құрбандарының қорын электронды форматқа өткіземіз. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Шараға келген қонақтар арасында балалар мен жастардың көптігі байқалады. Қуғын сүргіннің құрығына іліккен әр отбасыдағы қайғыны музей ұжымы экспонаттар арқылы керемет көрсете білген екен. Бірінші залды аралап жүрген 8 жасар Мадина әйнектің арғы жағындағы көрініске көз тастап, анасынан «сәбиін неге тартып алып жатыр?» деп сұрады.
Бұл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу залы. Бұл бөлмедегі қара тастарда Алматы облысында жерленген кеңестік саяси жүйенің құрбаны болған 4125 адамның аты-жөні, өмір сүрген жылдары жазылған. Залдың ортасында орналасқан ақпараттық тақталарға тізімдегі тұлғаларды жазу арқылы қосымша ақпарат алуға болады.
Сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының есімдері де бір стендке топтастырылыпты. Бұнда 172 адамның аты жазылған.
Музейдің экспонаттарын аралап жүріп қоғам қайраткері Асылы Осман апамызды кезіктіріп қалдық. Ол кісі бұл музейге кіріп, ерекше әсер алғанын жеткізді.
– Бүгінгі күн қаншалықты қайғылы болғанменен, оның маңызы үлкен, тәрбиелік мәні зор. Қазақ айтқан, «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас лақтырады» деп. Өткенді ұмытуға болмайды. Алаштың алыптары қазақтың әр сүйем жерінің қасиетін кетірмей, бүгінгі ұрпағына қалдырды. Сол ұрпақ бабалардан қалған аманатты, оның қасиетін білу керек. Осындай орындар бабалар мен балалардың арасын жақындатады емес пе? Мен мына музейдің ішін аралап, сондай қуанып тұрмын. Елімді даласымен, халқымды данасымен, сәбиді анасымен, азаматтарды санасымен сақтасын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы 31 мамырда қазақстандықтарға арнаған үндеуіндегі ақпараттарға сүйенсек, 1929-1933 жылдар 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кеткен. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешкен.