Иманжүсіп Құтпанұлы мен Балуан Шолақ арасындағы оқиға осыған дейін сайтымызда жарияланды. Иманжүсіптің тек балуан емес, сонымен қатар әнші, композитор болғанын да жақсы білеміз. Десек те сұңғыла бойлы Иманжүсіптіңбүгінге дейін айтылатынкүрес өнеріндегі ерліктері ел есінде. Батырдың бойына дарыған күш пен қайсарлық әкенің қанынан келсе керек. Кенесары ханның қолында белсенді топ жауынгері атанған Иманжүсіптің әкесі Құтпан (шын есімі Баймырза) көтеріліс кезінде көзсіз ерлігімен халық жадында қалған. Құтпанның 3 ұлы да батырдың атына кір келтірген емес. Барлығы текті, білімді, батыр болды. Иманжүсіп сол үшеудің кенжесі болғандықтан кішкентай күнінен тентек болып өскен. Сол себептен болар, өсе келе Иманжүсіп қызуқанды, тік мінезді тұлғаға айналды. Қажымұқан Мұңайтпасов пен Иманжүсіп Құтпанұлы жақсы араласып, пікірлес болған тұлғалар. Ел арасында мына бір әңгіме жиі айтылады. Қажымұқанның атақ-даңқы әлемге тарап, халық арасында есімі жиі айтылып жүрген кез. Бірде ол ел аралап Қоянды жәрмеңкесіне келген. Батыр балуан келді деп киіз үй тігіп, барын салып күтіп жатқан жергілікті тұрғындар жүгіріп-ақ жүр. Қажымұқан таудай болып төрде отырғанда есіктен кішкентай ғана мыжырайған шал кіреді. Көпшілік оны көзге іле қоймайды. Сөйтіп, жаңағы кісі балуан жайғасқан тұсқа жақындап: Қажымұқан, сен үлкенді сыйлауды ұмытайын деген екенсің. Осы аймақта 5-6 қыпшақ үй бар. Сол қыпшақтың үлкені мен едім. Алдыма сәлем беруге келмей, керек қылмағаның қалай?! деп Қажымұқанға сөзбен тиісе бастайды. Кішкентай ғана шалдың батыр балуанға осылай тік сөйлегенін көпшілік күтпесе керек, барлығы ол не дер екен деп жауап күтеді. Сонда балуан аптықпай: Ей, шал! Қаңғырған қай қыпшақты іздеп жүремін?! Сөзді қой! деп жақтырмай қалады. Сонда әлгі кішкентай шал долданып: Сен шынымен үлкенді сыйлауды ұмытқан екенсің деп үйден жұлқына шығып кетеді. Отырыс ары қарай жалғаса береді. Гулеген әңгіме қызып жатқан уақытта киіз үйдің сыртынан қаһарлы дауыс естіледі: Ей, Қажымұқан! Еркек болсаң шық сыртқа!. Қасына жиылған қалың топпен сыртқа шыққан балуан аттың үстінде кербездене күтіп тұрған Иманжүсіпті көреді. Ашуға булығып тұрған Иманжүсіп қамшысын үйіре көтеріп, Қажымұқанды тартып жібереді. Теріні тіліп жіберердей қатты екпінмен тиген қамшы күшінен кейін Қажымұқан теңселіңкіреп барып Иманжүсіпті атта отырған жерінен құшақтай алыпты. Иманжүсіп Қажымұқаннан 23 жас үлкен. Үлкендігін мойындап Қойдым, көке деп, қарсы шықпаған екен. Сөйтіп, Иманжүсіп те көңілденіп, біраз шер тарқата әңгіме айтысып бірер уақыттан соң аттанып кетеді. Сонда Қажымұқанның қасындағылар балуанның маңына жиналып: Қажеке, мынау не сұмдық? Сіз жер-жердің балуанының жауырынын жер иіскеткенде, мына бір Иманжүсіпке қарсы келмегеніңіз қалай? депті. Сонда балуан: Кілемдегі қарсыластың жөні бір бөлек. Ал, бұл кісі өзіміздің ағамыз. Көкеміз қамшымен тартып қалғанда, мен Қажымұқандығымнан тірі қалдым. Тағы бір қамшысын иіргенде мен өліп кетер едім деген екен. Иманжүсіп бабамыз керемет қамшыгер кісі болған. Алдына түскенді қамшымен бір тартса, қарсы келгенді тұра алмастай ететін.