Гитлерге бағынбаған махаббат

Жоғарыдағы суретті қараңыз. Онда талай адамның арасында ерекшеленген адамды байқайсыз. 1936 жыл. Гамбург қаласында Адольф Гитлерді қарсы алып, қолдарын көтеріп тұрған адамдар. Арасында қарапайым жұмысшы киіміндегі, екі қолын кеудесіне қойған жалғыз адам бар.

Оның аты Август Ландмессер. Ал социал-националистік ой-идеялы заманда қарасы бар, дарасы бар – бәрі де фюрерге айрықша «құрмет» көрсететін. Бұл күні Гитлер атақты “Хорст Вессель” қайығын суға жіберу салтанатына арнайы келген еді.

Сурет 55 жылға таяу уақыт бойы назарға ілікпей келіп, тек 1991 жылы ғана қоғамда дүмпу туғызды. Суретті Август Ландмессердің туған қыздарының бірі мұрағаттан тауып, әкесінің өмірі жайлы жергілікті газеттердің біріне дереу хабар берген.   

Әкесінің өмір тарихы былай екен: Август 1931 жылы жұмыс іздеп жүріп националистік партия қатарына енеді. 1935 жылға дейін партия мүшелігінде болған оны Ирма Эклер есімді еврей ұлтының қызына үйленгені үшін қудалайды.  

Ирма Ингрид және Ирена деген екі қыз босанады. (Соның бірі суретті тауып, осы әңгімені газетке берген адам). 1938 жылы еврейлерге қарсы саясат күшіне мінген кезде Август абақтыға түседі. Соғыс басталып, 1941 жылы бостандыққа шыққан ол не соғысқа қатыса алмайды, не үйіне жете алмайды...

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/xlygJS6C4sw?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"300"});

Август Ландмессер әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Өкінішке орай, әйелінің тағдыры тым қатал болады. Фюрерліктер оны өлтіріп, балаларын бөлек-бөлек концлагерге аттандырып жібереді екен. Ингрид есімді қыз 1951 жылы өз әкесінің фамилиясын алады. Бүгінге дейін екі қыз бірін-бірі білмейді. Ал 1996 жылы Ингрид «A Family Torn Apart by “Rassenschande”» деп аталатын кітап жазып, онда әкесінің, отбасының тарихын жинап, деректер мен құжаттарды ұсынады.  

Ал аңыз сурет Берлинде кезіндегі орталық гестапо орналасқан Prinz Albrecht 8th Street бойындағы «Террор топографиясы» экспозициясында сақтаулы. Сөйтіп, Гитлердің қаһарынан қорықпай, махаббат үшін ғұмырын тәрк еткен Август тарихта қалып қойды. Ал әлемнің БАҚ беттері бұл деректі бірінен бірі көшіріп басуда.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: fasena.de