- Негізгі бет
- Тарих
- Есім ханның ескі...
Есім ханның ескі жолы
Тарихымызда "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның "Жеті Жарғысы" атты қазақтың әдет-ғұрып заңдарының жинағы болғаны әмбеге аян. Алайда, осы күнге дейін бұл заңдардың түбі, мазмұны мен қамтитын мәселелері ғылымда мүлдем белгісіз болып келген. Ешкім, ешуақытта бұл мәселені арнайы зерттемеген. Сонымен бірге қазақ қоғамының құқықтық мәдениетінің деңгейін сипаттауда маңызы зор.
Көптен бері ізденіс, зерттеулер жүргізу нәтижесінде қазақ халқының әдет-ғұрып ереже-заң нормалары жайлы біркелкі тұжырымдарға жарарлық мағлұматтар жиналды. Солардың бірі XX ғасырдың басында өмір сүрген, бүкіл Орта жүзге аты әйгілі Сакқұлақ бидің колжазба жинағы. Тағы басқа да жиналған деректерге сүйене отырып, оны баласы Ералы өз түсініктерімен кезінде бізге тапсырған.
Есім хан қазақтарға 1598—1628 жылдары хан болған. Ол өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хан жасаған әдет-ғұрып заң нормаларын қайта қарап, өз дәуіріне ылайықты етіп түзеген. Өзінің мазмұнына қарай құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді күрделі тараулардан құралады.
Ежелден-ақ қазақ қоғамындағы күрделі даулардың бірі – кісі өлімі. Кісі өлімі үшін құн алынған. Есім хан шығарған арнайы заң бойынша өлген кісіге өлтіруші жақ құн төлеуге міндетті. "Ер адамның құнына жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе)" кесілген. Ол барлық еркек үшін бай, кедей, жас, кәрі демей бәріне бірдей сол дәуірде бұл алынған негізгі құн өлшеуінен артық құнның мынадай түрі болған:
1. Өнер құны. Оған жүлде алған атақты адамның құны жатады. Жүлде алған деп, жұртқа белгілі ақындар мен топқа түсіп бәйге алған балуандар есептеледі, олардың құны үшін екі кісінің құны (200 жылкы, 12 түйе) кесілуі керек.
2. Сүйек құны. Оған өлген кісінің сүйегі үшін төленетін құн жатады. Мысалы өлген адамның сүйегі туған-туысқанының қолына түспей, жоқ болып кетсе, ол үшін екі адамның құнын төлеулері керек.
Бұл екі түрлі құнды, үстеме құн деп атаған. Кісі өліміне құн төлеу жайлы жоғарыда айтқан ойымызды бізге келіп жеткен "Есім ханның көкаласы бір-ақ бесті" деген қағида толық дәлел бола алады. Ұры ұрлап кеткен Есім ханның көкала дейтін аты қанша жақсы, жүйрік жылқы болғанымен ас пен тойға қосылып бәйге алған мал емес екен. Сондықтан да ұрыдан төлеу алғанда төлеуге бір-ақ бесті кесіпті. Біз мұнан жұрт көзіне түсіп, белгілі болу, болмауына байланыстылығын көреміз.
Әйел адамның құны "Есім ханның ескі заңы" бойынша қалын малдың шамасы бойынша өлшенген. Өлген әйелдің тұқымының қызына алатын қалын малы қандай болса, сондай мал төлеуге тиісті, болмаса қыз орнына өлтіруші жак қалынсыз қыз беруі керек. Бұдан бізге белгілі болғаны, еркек адамның құнынан айырма әйел адамнын құнының әртүрлі екендігі. Бұл қыз әкесінің әл-ауқатына қарай, қалың малдың мөлшеріне байланысты.
Даудың тексерілуі кісі өлтірушінің аулында өтеді. Қылмыс істеген адамды — қанды қол, құн сұрауға келген адамдарды даугер деп атайды. Дауға келген талапкерлерді ел болып күтіп алып, оларға шыққан шығынға руластары түгел ортақ болуы керек. Дауда сөйлеуге екі жақтың да белгіленген кісілері (шешендері) болады. Олар тәртіп бойынша кезекпен дауларын айтып, қағысады. Ақырында екі жақтан бітімші (би) кісілер белгіленіп, олар келісімге келіп, шешімдерін айтады.
Қазақ қоғамындағы екінші бір үлкен дау - жесір дауы. Жесір деген сөз әйел жынысының ерсіз бос отырған жігіне тән атау. Демек, қалың беріп атастырып қойған, бірақ ұзатылмаған қыз атастырылған ері өлсе, онда қалың мал төлеген елдің жесірі болып есептеледі, сондай-ақ ері өлген әйел де барған елінің жесірі болады. "Ерден кетсе де елден кетпейді" деген қағиданы берік тұтынуы, әйел тек ерінің ғана емес, бүкіл руының қарамағында болғанын айғақтайды. Дегенмен, Есім ханның заңы бойынша жесірге сол рудан адам таңдауына рұхсат етіледі. "Егер таңдаған адамы бас тартса, онда әйелдің басы босап, қалың малы қайтарылады".
Қазақ қоғамында мал-мүлік дауы да ерекше орын алған. Қазақ үшін байлық - мал. Малдың еті, сүті - тамақта, жүні, терісі - киім, мал қазаққа көшсе-көлігі, мінсе жүйрігі, яғни малсыз тірлік жоқ. Сондықтан да ескі патриархалдық-феодалдық қазақ қоғамында қай көшпендінің болмасын арманының асқарларының бірі - мал.
Әрі қазақтар осындай байлықтарын (мал-мүлік) қатаң күзет қоймастан немесе құлып салмастан ашық қалдырулары себепті ұрлық істеушілер сонау Шыңғыс ханның "Жаса" заңынан бастап-ақ қатаң жазаланып отырған. Есім хан да ұрыларға аяушылықпен қарамағаны хақ.
Ұрланған аяқты мал үшін ұрыдан ол малдың көзі қайтарылады, көзі жоқ болып кетсе оның орнына тұрарлық төлеуі алынады, оның үстіне: бір қара ұрлағанның айыбына "ауыздықсыз ат, астарсыз шапан", он қараға дейін-қосымша "ат-тон" кесілген.
Он қарадан жоғары ұрлаған ұрыдан - "мойнына қосақ, артына тіркеу" дейтін екі қара айып алынады. Орта жүз Момын деген атанын жүз жылқысын Найманның Ебей, Себей деген ұрылары алады. Мал иелері артынан қуып барса Найманның Көкшолақ деген биі ешкімді аяғына отырғызбайды, малын қайырмайды. Сонда қуғыншыларға ілесіп барған 12 жасар Досбол:
Қысырында бермесең,
Буазында берерсің.
Арығында бермесең,
Семізінде берерсің.
Өз алдында бермесең,
Өнерімді көрерсің"- деп тепсініп тұрып кетеді. Сонда Көкшолақ: мына бала түбі құтқармас, мойнына қосақ, құйрығына тіркеу қосып құтыла көріңдер — депті. Осындағы билік шешім Есім хан заңымен айтылғаны айдан анық.
Есім хан заманы-шетелдіктермен күресте көбіне жеңісті, сәтті болып отырғанмен де аса тынымсыз, елдің тынышын кетірген ауыр заман еді. Осындай қилы да қиын заманда сәйгүлік тұлпар, қаса жүйрік жылқы ер жігіттің жан серігі, ең жақын досы іспетті болған. Бұны барлық батырлар жырларынан мысалға алуға болады. "Есім ханның ескі жолында" жүлде мен бәйге алып жүрген жұрт көзіне түскен жүйріктің кесімді құны алып жүрген бәйгесінің және жорықта келтірген пайдасының түріне қарай өлшеп-шешкен. Әрине жылқы малының жүйрігін мұнша қастерлеу Шыңғыс ханның "Жаса" заңында бар.
Есім ханның заңында "Мал-дүние ұрлаған ұрылардың ұрлық үстінде қолға түскендеріне: киімін тонап, келігін аударып алған, қорлықпен байлап, сабап берген ақірет-азалары жоқталмайды. Егерде ұрының денесінің бір жеріне кемістік келтірілсе, көзі шықса, қолы сынса, құлағы кесілсе, сақалы жұлынса т.б. ол кезде зәбір беруші жағы ұрыға тиісті айыбын тартатын болады" —делінген.
Есім ханның шығарған заңында жер-су, жайлау-қыстау, көшу-қону қоныстары туралы болып тұратын күрделі дау-жанжалдарды шешуге белгіленген заңның жол-жобалары бар. Жер-су, жайылым, ата-қоныс мекеніне иелік ету үшін талапкерге қойылатын салт-сана заңдарының түрлі шартты сұрақтары мен қажетті белгілері көрсетілген. Олар: талапкердің ата-анасының салынған қабірі, қойылған құлпы тасы, қазылған арық, егілген егіннің атыз жаптары, құрылған шығырдың орыны, орылған қырманның ізі, соғылған бөгеттің қалдығы, қазылған құдықтың орыны, малдың қысқы көңі, қойдың күзгі түнегі, тұрғызылған қарақшы, үйілген омақа белгі, тігілген ағаш, егілген бақша, салынған там, соғылған азбар қора, салынған шеген, қазылған ошақтын орыны т.б.
Есім хан дәуірінен бұрын-ақ қазақтардың қыс қыстауы, қалалары болып, егіншілікпен айналысканын архив, қазба деректер толық дәлелдейді. Жиембет жыраудын Есім ханға:
"...Калмақтың Бөріханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қалған,
Сұлтандар суға салған,
Қаз мойынды ханыша
Қалада тұрып жылаған.
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақіпап... " — деп толғағаны осы ойымызды дәлелдейді.
Жоғарыдағы аталған белгі-мұралардың қайсы бірі болса да талапкердің әкесінің, болмаса бабасының, яки туысқан-туғанының біреуінің еңбегімен істеліп, бір кездерде онын қоныстанып мекендегені анықталса, ол жерді даулап талап етуші кейінгі иеленушіден сөзсіз қайтарып алады. Ол жерден соңғы мекендеушінің алып кете алмайтын ғимарат, қора-жай, бау-бақша сатынған күрделі жайларының тұрарлық бағасы бейтарап үш кісінің кесімі бойынша істеуіліге төленген.
Егер де жерді қайтарып алған иесінің даулаған кезінен кейінгі уақыттарда салынған жайлар, тігілген ағаштар, егілген бау-бақшалар болса, онда даулы жердің шатағы басылмай тұрғанын біле тұра әдейі істелген нәрсе деп табылып, жауапкердің ол еңбегіне ешнәрсе төленбейді.
Есім хан занында мұрагерлік, мирасқорлық мал мөлшері анық айтылған. Мирасқорлыққа бөлінетін мал-мүліктердің бөліну мөлшері: туған ұлдарына - екі еседен, туған қыздарына, — баласыз әйелдеріне - бір еседен, өгей балаларына - жарты еседен, есігінде еншілес болып жүрген құлы яки күңі болса — ширек еседен сыбаға тиісті.
"Есім ханның ескі жолындағы" қызға төленетін қалың малдың кесімді мөлшері бес түрлі болған. Олар:
1. "Жүз қырықтың қалыңы" — жүз қой, қырық қара деген кесім байлар мен билердің қызының қалыңы.
2. "Жүз жиырманың қалыңы" — жүз қой, жиырма қара деген кесім одан кейінгі орташа қызының қалыңы.
3. "Қырық жетінің қалыңы" - жеті қара, кырық қой деген кесім (байлардың, билердің "қатын үстіне" алатын кедейлердің қыздарына төленетін қалыңы).
4. "Он екі қара" — "дөңгелек қалың" (қатыны өлгендердің кедейдің қызын айттырғанда төлейтін қалыңы).
5. "Сегіз қара" (жарлы-кедейлердің бір-бірімен құда болып қызын айттырғанда төлейтін қалыңы).
Әйел құны да осы кесімге орай шешіліп отырған.
Зиманов С., Өсеров Н.
Дереккөз: bilim-all.kz
Е. Жұмабайұлы