- Негізгі бет
- Тарих
- Ежелгі түрік халқының...
Ежелгі түрік халқының наным-сенімдері
Ежелгі түріктер негізінен қос күшке – Көкке (оны Тәңір деп атаған) және Жерге (Жер-Суға) сыйынатын болғаны тарихтан жақсы мәлім. Қарапайым түріктер өздерінің қағандарын сол Көк Тәңірінің әмірімен билік жүргізіп отыр деп түсінген. Сонымен бірге, түріктер табынатын үшінші күш болған. Ол – үйдегі от басы, бала-шағаны қорғаушы әйел тәңірісі Ұмай.
Ежелгі түріктер жерді, дүние кеңістігін төрт бұрышты («төрт булуң») деп ойлаған. Бұл төрт бұрыш: - “ілгеру» (күн шығыс), «қурыйа» яғни «кейін» (күн батыс) , «беріие» - «күн ортасы» (оңтүстік), «йырайа» - «түн ортасы» (солтүстік) деп аталған.
Сонымен бірге, ежелгі ен даланы, орман-тоғайды, тау-тасты т.б. күні-түні түрлі рухтар кезіп жүреді деп түсінген. Түріктер отты киелі құбылыс есептеп, оны пір тұтқан. Зұлымдық, қараңғылық, жамандық әкелетін рухтарды отпен тазалап, аластайтын діни ғұрып болған. Түрік қағанына келген Визинтия елшісі Земархтың өзін, тіпті киім-кешегіне дейін қалайша отпен аластағанын атақты тарихшы Менандр қызықты етіп баяндаған деректер сақталған.
Ежелгі түріктер өлген адамды шаман рәсімі бойынша жерлеген. Дәлірек айтсақ, биіктеу жерге киіз үй тігіп, өлікті алдымен сол үйге қойған. Сол маңайға құрбандыққа әкелген малды байлаған. Өлген адамның жақындары жылап-сықтап, бетін тілгілеп, шашын жұлып өлік жатқан үйді рет айналатын болған. Сосын белгіленген күні қайтыс болған кісінің киім-кешегін, барлық заттарын оның өз денесімен бірге өртеп жібереді екен. Сосын оның күлін жинап алып, туыстары қолайлы мерзімде жерге көметін болған.
Ж. Исакаев