Осыдан жетпіс жыл бір бұрын халықаралық қаржы проблемаларын шешу үшін Бреттон-Вудс жүйесі қабылданған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға жақындағанда антигитлерлік коалицияға мүше елдер әлемнің үдемелі дамуы үшін қаржы тұрақтылығына арналған заңдылықтар болуы керек деп пайымдайды. Соғыс көптеген елдердің экономикалық жағдайын қиындатып жіберген болатын. Нәтижесінде соғыстан ең аз шығын көрген АҚШ федералды валютасы негізінде тұрақты қаржы қорын құруды ұсынады.
Әлемдік дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қаржы тұрақтылығына жауапты ортақ валюта болуы керек еді. Осы мәселені талқылау үшін 1944 жылы антигитлерлік коалиция мүшелері 44 елден 730 делегат АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатындағы Бреттон-Вудс қаласына жиналады.
АҚШ-тың Қаржы министрі Генри Моргентау конференцияға басшылық етеді. Ал АҚШ делегациясын Қаржы министрлігінің өкілі Гарри Уайт басқарады. Белгілі экономист Джон Кейнс Ұлыбритания атынан келсе, КСРО Сыртқы сауда министрі Михаил Степанов Одақтың атынан қатысады. Қытай делегаты сол кездегі елдің үкімет басшысы Чан Кайши басшылығымен келеді.
Тарихи жиынның басты себебі халықаралық қаржы жүйесінің соғыс жылдарында құлдырауы мен кез келген валютаның құндылығын анықтап отырған алтын қоры стандартының жойылуы болған. Сонымен қатар, 1930 жылдардағы АҚШ-тағы ұлы күйзеліс пен соғыс шығыны негізгі факторлар қатарында болды.
Ал халықаралық валюта қорын тұрақты қалыпта ұстайтын тиімді жүйелерді АҚШ пен Ұлыбритания, яғни Уайт пен Кейнс ұсынады. Кейнс алтын мен халықаралық валютаның орнына бәріне ортақ «банкор» (bancor) атты ақша бірлігін дайындап, оны бақылауда ұстау үшін халықаралық клирингтік палата құру керек екенін айтады. Одан бөлек, белгілі бір ел валютасының АҚШ долларына қатысты қаржы тепе-теңдігін бақылап отыратын Халықаралық валюта қоры мен соғыстан кейінгі әлемнің экономикалық жағдайын қайта қалыпқа келтіріп, дамуын көздейтін халықаралық банк құру негізге алынады. Ағылшын экономисі Джон Кейнстің қаржы жобасы тиімді болғанымен, конференцияда АҚШ-ты жақтаушылар қатары басым болады. Тіпті КСРО да америкалықтарға қолдау білдіреді. Себебі АҚШ сол кезде соғыстан кейінгі экономикалық қуаты ең жоғары ел болған.
Бреттон-Вудс конференциясы үш аптаға созылып, соңында елдер ортақ келісімге келеді. Делегаттар АҚШ-тың ұсынысын қабылдайды. Есесіне АҚШ соғыстан зардап шеккен Еуропа елдерінің экономикасына ешқандай өсімсіз қаржылай қолдау білдіруге уәде береді. Сәйкесінше көптеген елдер өзінің ішкі нарығының айналымына АҚШ долларын енгізеді. Халықаралық консенсус арқылы АҚШ билігі әлемдегі қаржы үстемдігін жылдар өте көркейте береді. Ал Ұлыбританияның фунт-стерлингі халықаралық статусты иемдене алмайды.
Бреттон-Вудс конференциясынан кейін барлық валюталар бағамы АҚШ долларына тәуелді болып қалады. Ал доллар алтын құнына тәуелді еді. Көп өтпей арнайы жасақталған америкалық сарапшы экономистер алтынның долларға шаққандағы құнын анықтайды. Сосын оларға бағамды тұрақты түрде ұстап отыру міндеттеледі. Сол себепті дағдарыс кезінде өзге валюталар құнсызданғанымен, АҚШ доллары құнын жоғалтпайды. Керісінше инфляцияның пайыздық үлесін алып, АҚШ қазынасын байытып отырады. Сол үшін де АҚШ әлемдік дағдарыс кезінде салыстырмалы түрде зардап шекпейді.