«Мен ешқашан екінші Брюс Ли болғым келмеген. Мен үнемі бірінші Джеки болуды аңсадым» — деген Джеки Чанды бүгінгі таңда білмейтін адам жоқ шығар. Ол комедиялық атыс-шабыс жанрындағы фильмдері арқылы көпшіліктің ойында «жақсы мотивті кейіпкер» ретінде қалған. Кез келген ер азамат бала кезінде оған ұқсап жұдырықтасқысы да келген болар. Ендеше белгілі актердің өмірінен көбіміз біле білмейтін қызықты деректерді ұсынамыз.
1. Джеки Чан туылмай жатып-ақ бәрін таң қалдырған. Актердің анасы 12 ай бала көтеріп, оны дүниеге алып келеді. Оның туылған кездегі салмағы — 5,5 келі. Ата-анасы алып баласына қарап, оған Пао Пао (Зеңбірек оғы) деп лақап ат қояды.
2. Джеки Чан кедей отбасында дүниеге келген. Ол туған кезде әке-шешесі ақшадан қысылып жүрген болатын. Мұны білетін акушер оларға тиімді ұсыныс айтады. Ол Гонконгтағы баласы жоқ ағылшын дәрігерлерінің бала сатып алғысы келетінін түсіндіреді. Чан отбасы баласын 25 АҚШ долларына сатуға келісімін береді. Бірақ кейіннен Джеки Чанның биологиялық ата-анасы мұндай тиімді келісімнен бас тартады.
3. Джеки Чан - актер әрі шығыс жекпе-жегінің шебері. Ал оның ән салатын өнерін біріміз білсек, енді біріміз одан бейхабармыз. Джеки Чан 6 жасқа толған кезде, анасы оны Бейжің опера мектебіне оқуға береді. Джеки бұл мектепте вокалмен айналысады. Мектепті тәмамдағаннан кейін табысты маманға айналғысы келіп, каскадер болып жұмыс істейді. Ол кезде фильмдегі күрделі эпизодтарды орындағаны үшін қомақты қаржы төленетін болған. Содан кейін, кино өндірісіне қызығушылығы оянып, актерлік қабілетін шыңдау үшін әртүрлі фильмдердің екінші дәрежелі рөлдері мен эпизодтарына түседі. Бүкіл әлемге танымал актер атанғаннан кейін ғана қайтадан вокалмен айналысуды жөн көреді. Нәтижесінде Джеки Чан бүгінге дейін 100-ден астам ән жазып, 20 альбомын жариялап үлгерді. Олардың басым бөлігі өзі түскен фильмдердің саудтрегіне айналған.
4. 1970-жылдары Джеки Чан бір көзін пластикалық ота жасау арқылы үлкейтеді. «Маскүнем шебер» атты фильмнің түсірілімі кезінде белгілі актердің бір көзіне зақым тиеді. Джеки Чанның көзіне ота жасауға тура келеді. Нәтижесінде зақымданған көзі екіншісінен біршама үлкендеу болып қалады. Джеки Чан бетінің симметриясын сақтау үшін пластикалық ота жасаушы дәрігерлерге жүгінеді. Хирургтар оның сау көзін үлкейтіп, актер бетінің пропорциясын бұрынғы қалпына келтіреді.
5. Джеки Чан төрт рет Гиннесс рекордтар кітабына енген. Рекордтың біреуін жетістік деп айту қиын. «Айдаһар лорды» атты комедиялық фильмнің сюжеті бойынша мастер Чан қытай футболы матчына қатысуы тиіс болған (Қытай футболы біз білетін футболдан әлдеқайда өзгеше құрылым мен ережеге ие). Сценарий бойынша, актер алты метрден кішкене қақпаға қытай добын кіргізуі қажет еді. Осы эпизодты түсіру үшін 1600 дубль мен екі күн уақыт кеткен екен. Бұл бір шеберлік әдісін орындауға кеткен ең көп уақыт болғандықтан, Джеки Чан есімі Гиннесс рекордтар кітабына енеді.
6. Джеки Чан MTV Movie Awards сыйлығын кездейсоқ иеленеді. 1995 жылы аталған сыйлықты табыстауға белгілі америкалық режиссер Квентин Тарантино шақырылады. Квентин өз кезегінде келісімін беру үшін екі талабын орындауды сұрайды. Ол Джеки Чанды сыйлыққа лайық деп табуларын айтып, сол сыйлықты өзі табыстағысы келетінін мәлімдейді. Іс-шараны ұйымдастырушылар қарсы болмайды. Нәтижесінде Тарантино өзінің бала кезіндегі сүйікті қаһарманына сыйлықты өз қолымен ұсынады.
7. Джеки Чан өз мансабында 3 мыңнан астам дене жарақатын алған, аяқ, қол, тіпті қабырға сүйектері сынады. Нәтижесінде бүкіл әлемнің сақтандыру компаниялары Чан командасымен келісімге келуден бас тартады. Оны қара тізімге енгізеді.