Адамзат тарихында ауыр, қиын кезеңдер аз болған емес. Соғыс, індет, табиғи апат, аштық... Әсіресе, індеттің әкелген зардабы мен зобалаңы көп болды, миллиондаған халық қырылды. Соның бәрін "істеген" – бір-ақ түйір биологиялық ағза...
Мәселен, оба таяқшасынан 1340 жылы Еуропада ондаған миллион адам қырылды. Бұл нәубет тарихта "қара өлім" атауымен қалды. Ақырзаман белгісі, адамзаттың соңы сынды елестейді. Алайда без обасы тудырған дәл осы індет адамзатқа өлім-жітіммен бірге даму мен өрлеу-өркендеуді де қоса әкелді. Әрбір қиындықтың өз жеңілдігі бар деген – осы.
Сонымен, обаның өркениетке әкелген оң тұстары жайында баяндасақ.
Салауатты ұрпақ қалыптасты
Адамзат баласы аурумен арпалысқан сайын күшейе түседі. "Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі" демекші, аурудан айыққан ағза табиғаттың бұдан да ауыр сынағына дайын тұрады. Қазіргі зерттеу обадан аман қалған еуропалықтардың гені өзгеріп, ауруға бұрыннан бетер төзімді бола бастағанын анықтаған. Оның үстіне, обадан аман қалған адамдардың гені мен күйі төзімді әрі қуатты болғандықтан, одан туған балалардың саны да көп болған. Ал індетке қарсы тұра алмаған әлсіз ген жойылып кетті. Лондон зираттарында жатқан, ортағасырда обадан көз жұмған адамдардың генін зерттеген ғалымдар эпидемиядан қырылғандардың денсаулығы әлсіз әрі бұрын өмір сүрген ата-бабасына қарағанда дімкәс болғанын анықтаған.
Дарвиннің биологиялық эволюциясының дәлелденген тұсы – осы. Қауіпті дертке бой алдырмай, сауығып кеткен адамның да ұрпағы келер дертке күш бермесі анық. Егер оба індеті тараған кезеңге дейін өмір сүрген адамдардың небәрі 10 пайызы ғана 70 жасқа дейін жасаған болса, аурудан аман қалғандардың ұрпағы әлдеқайда ұзақ өмір сүрген екен.
Парфюмерия шығарылды
Орта ғасырдағы Еуропа қалалары тазалық пен санитариядан жұрдай еді. Көнтері иіс пен қапырық ауа, быжыған бу ауру атаулының ошағына айналған кез. Обаның да тарауына сол себеп болды.
Үстіндегі қабат-қабат киімді шешсе, сасық ауа денеге еніп, ауру жұқтыруы мүмкін деген сенімде болған халық тазалықты тәрк етіп, жуынып-шайынудан бас тартты. Оның орнына сасық иістен қалай да арылу үшін иіссу себуге тура келді.
Содан ортағасырлық дәрігерлер иіс тиген ауаны тазарту мен аурудан қорғану үшін әтір мен ароматты пайдаланған. Иіссудың еуропалықтарда бұған дейін де болғаны белгілі. Бірақ көбіне бақуатты адамдар сепкен. Элита өкілдері Францияның оңтүстігінде өндірілген лаванда мен гүлшетеннен сығып жасалған қымбат "Eau de la Reine de Hongrie" әтірін ұнататын.
Ал оба тараған жылдары әлжуаз топтар да әтір себуді әдетке айналдырды. Арзан, өсімдік майынан жасалған иіссуды қанағат тұтты.
Содан Еуропада парфюмерия өндірісі дамып, үлкен бір сала пайда болды.
Медицина дамып, ауруханалар ашылды
Ортағасырдағы ауруханалардың да, дәрігерлердің де аз болғаны белгілі. Оның үстіне, анатомия мен хирургия дамымаған кез. Ал медицинамен кәсіби дәрігерлер емес, шіркеу қызметкерлері мен монахтар айналысты. Олар ауруды нақты емдеудің орнына, адамның жанын "емдеумен", құлшылық етіп, дұға жасауға шақырумен болды. Философиялық медицина қаптаған обаны жеңуге түк көмектесе алмады.
Содан ауру жұқтырғандардың көбейгені сонша – оларды бөлетін, бөлек орналастыратын орын қалмады. Ортағасырдағы ауруханалар қазіргі заманауи емханалар сынды емдеумен айналыспаған, науқастарды жатқызатын жер ғана болған. Ал оба тараған кезде баспана мен хоспис сынды ғимарат қана болған ауруханалар енді емдеумен, медициналық практикамен айналысуға көшті. Ал жоғары оқу орындары хирургия мен анатомияны зерттей бастады.
Кәсіби дәрігерлер аурухананы жабдықтауға, шынайы ғылымға назар аудару керегін түсінді. Содан Еуропада медицина дамып, үлкен ауруханалар салынды. Жекелеген ауруды емдеумен айналысатын мамандар пайда болды.
Өнер дамыды
Адамзатты жалмаған эпидемия ортағасырлық қоғам мен адам санасына қатты әсер етті. Обадан құтылған ешкім жоқ: кедейі де, байы да өлім құшты. Эпидемия өнерде өзгеше ой туғызды: өлім мен ауру алдында бәрі тең, класс пен тап жоқ, бұл – шартты нәрсе деген түсінік етек алды. Еуропадағы демократия осыдан басталды десек те болады. Алайда демократия алдымен өнерде басталды.
Көркем сурет пен кескін өнерінде "өлім биі" (макабр) бағыты пайда болды: адам өмірінің баянсыз, тұрақсыз деген түсінік – өнердің басты құндылығына айналды. Питер Брейгильдің "Салтанат құрған өлім" (Триумф смерти) картинасы осы түсініктің жарқын көрінісі.
Жұмыс жағдайы жақсарды
Эпидемия белең алған жылдары Еуропада қалалар босап, егіндік пен жайылым қурап, өндіріс тоқтап қалды. Оны қалпына келтіруге жұмыс күші қажет еді. Бірақ аурудан сансыраған жұрттың қауқарлы жұмыс істеуге қабілеті жетпеді. Ал жұмыс берушілердің жұмысшылардың жағдайын жасаудан басқа амалы қалмады.
ХIV ғасыр – жұмыс берушінің емес, жұмысшының дәурені жүрген кез. Жұмысшылар жоғары жалақы сұрап, жақсы жұмыс орнын талап етті. Әйелдер де жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Содан кедейлер табы өзінің қоғамға қажет екенін сезініп, бай буржуазияға қарсы күш біріктірді.
Еуропада басталған жұмысшы төңкерісі мен буржуазиялық революцияға да оба себепші болды десек те артық емес.