- Негізгі бет
- Тарих
- Әйгілі диктаторларға жасалған...
Әйгілі диктаторларға жасалған қастандықтар
Елді басқару - қастандық жасалуы мүмкін болғаны үшін қауіпті кәсіп. Әртүрлі мемлекеттердің, авторитарлық және демократиялық елдердің басшыларына қастандық жасалғанымен, диктаторларға қарсы жасалатын қылмыстар әлдеқайда көбірек. Өйткені, олардың жағдайында өлім билікті өзгертудің жалғыз жолы.
Біз өткен ғасырдың үш диктаторлары: Адольф Гитлер, Бенито Муссолини және Иосиф Сталинге жасалған қастандық оқиғаларын баяндаймыз.
Адольф Гитлер
XX ғасырдың ең әйгілі диктаторына бірнеше рет қастандық жасалды. Олардың қатарында жеке тұлғалар да, ұйымдасқан топтар да болды.
Өз бетімен өлтірмек болғандардың бірі 22 жастағы швейцариялық Морис Баво болды. Идеясын іске асыру үшін ол 1938 жылы Гитлерге қоғамдық іс-шараларда жақындауға тырысқан. Мысалы, ол мінберге билет алу үшін журналист болып тіркелген. Бірақ ол атқан кезде дәл тигізу үшін жеткілікті жақын қашықтықта бола алмады. Кейін ұсталып, өлім жазасына кесілді.
Неміс Иоганн Эльсер қастандық жасауға біраз дайындалған. 1939 жылы ол атақты Мюнхен сырахана "Бюргербройкелле" бағанына динамит орнатуға шешім қабылдайды. Өйткені, жоспар бойынша Гитлер жыл сайын "Сыра төңкерісіне" байланысты жиын өткізіп, сөз сөйлейтін. Фюрерге арналған трибуна әрқашан бір бағананың астына тұратын.
"Бюргербройкеллере" қирандылары. Мюнхен, 1938 ж. Фото: Wagner, Bundesarchiv
Деректер бойынша дайындық үш айға созылды. Алдымен Эльcер динамит таяқшаларын ұрлау үшін тас қашайтын орынға жұмысқа орналасады. Содан кейін ол түнде бағанаға ойық жасау үшін күн сайын кешкісін сыра үйінің қосалқы бөлмесіне тығылған.
Жоспар шынымен мінсіз болған еді. Бірақ 1939 жылдың 8 қарашасында Гитлер өзінің дәстүрлі сөзін әдеттегіден әлдеқайда ерте аяқтады. Ол бомбаның сағат механизмін өшкенше сыраханадан шығып кеткен. Фюрердің ерте қайтуына ауа райы себеп болған. Тұманның кесірінен ол Берлинге ұшақпен қайта алмайтын болғандықтан, пойызбен жүруге тура келді. Сол себепті ол жұмысын ертерек бітірген. Ал Эльсер болса кейін тұтқынға түсіп, 5 жылдан кейін Дахау концлагерінде ату жазасына кесілді.
Ал ұйымдасқан топ жасаған қылмыстардың арасындағы ең атақтысы "Валькирия" операциясы немесе "20 шілдедегі қастандық" болды. Қылмыскерлер деп танылғандар қатарында әскердегі жоғары лауазымды қызметкерлер болды: жаяу әскер генералы Фридрих Ольбрихт, фельдмаршал Эрвин фон Витцлебен, генерал-полковник Людвиг Бек, сигнал корпусының генералы Эрих Фельгибель, генерал-майор Хеннинг фон Тресков, полковник Клаус Шенк фон Штауффенберг және т.б.
Фюрер мен адмирал жарылыс кезінде жарақат алады. 20 шілде, 1944 жыл. Дереккөз: Bundesarchiv
Жоспар бойынша олар фюрердің көзін құртып және билікті басып алу керек болды. Бұл уақытта әскери бөлімшелері СС бөлімшелерін қарусыздандыруға, фашистік элитаны тұтқынға алуға және Берлиннің стратегиялық маңызды нысандарын басып алуға арналған жан-жақты жоспар құрады. Бір қызығы басқыншылардың өзі Вермахт әзірлеген және Гитлердің өзі келіскен халық көтерілістері мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде әскериге арналған іс-қимыл жоспарын пайдаланғанған болатын. "Валькирия" деп аталатын бұл жоспар барысында Германиядағы негізгі объектілерді басып алу және жалған көтерілісшілерге қарсы тұру үшін резервтік армияны пайдаланатын еді. Бұл жоспарды тек фюрердің өзі немесе резервтік армияның қолбасшысы ғана жүзеге асыра алды.
Фюрерге жасалған қастандықтың орындаушысы әрі ұйымдастырушы Германиядағы ең атақты ақсүйектер отбасыларының өкілі граф Клаус Шенк фон Штауффенберг болды. Мінсіз беделі, жауынгерлік тәжірибесі және майданнан алған жарақаты бар полковник мүлде күдік турдырмады. 1944 жылы 20 шілдеде таңертең граф портфеліндегі екі бомбасымен қазіргі Польша аумағындағы "Вольфсшанце" штаб-пәтерінде өткен жиналысқа Гитлермен кездесу үшін келеді.
Кездесудің алдында Штауффенберг бомбалардың бірінің детонаторын іске қосады (оның екіншісін іске қосуға мүмкіндігі болмайды) және дұрыс естімейтінін сылтауратып Гитлерге жақынырақ отыруға рұқсат сұрайды. Ол бомбасы бар портфельді үлкен үстелдің астына қояды. Фюрер бастаған жиналысқа қатысушылардың барлығы үстел ортасындағы картаға дең қойған кезде, шұғыл қоңырау деп Штауффенберг жиналыс залынан шығып кетеді.
Жарылыстан жиналысқа қатысқан 24 адамның төртеуі қаза тапты. Гитлердің өзі жарақат алады. Бірақ басқалармен салыстырғанда жарақаты әлдеқайда жеңіл еді. Кейін бұл әрекеттің кездейсоқ сәтсіз аяқталғаны белгілі болды: жиналысқа қатысушылардың бірі фюрерге жақынырақ орын алу үшін бомбасы бар портфельді алыстау бұрышқа жылжытқан.
Аталған сәтсіздік бүкіл жоспардың күл-талқанын шығарады. Нәтижесінде қастандыққа қатысы бар 200-ге жуық адам өлім жазасына кесілді. Алайда Гитлердің өзі олардың жазаланғанын көріп үлгермейді. Дерек бойынша, диктатор 1945 жылы 30 сәуірде Берлиндегі бункерінде өзін атып тастайды.
Бенито Муссолини
Фашизмнің негізін қалаушы Бенито Муссолиниге бірнеше рет қастандық жасалған. Тек 1925 жылдың қарашасынан 1926 жылдың қазан айына дейін төрт өлімнен аман қалған.
Алғашқы әрекеттердің бірін италиялық социалист Тито Занибони ұйымдастырды: ол 1925 жылы 4 қарашада Римде өткен парад кезінде диктаторты атуды жоспарлады. Тито өз әрекетіне мұқият дайындалды: ол парадты қабылдауы керек болатын балконға қарайтын терезелері бар қонақүй бөлмесін жалға алды, фашистік полицияның формасын алып, бөлмеге алдын ала мылтық әкелді.
Бірақ Титоның түбіне оның аңғалдығы жеткен: Ол досына өзінің жоспары туралы айтқан, досы болса полицияға хабарлайды. Қастандыққа бірнеше минут қалғанда ол қолында мылтықпен ұсталады. Занибони отыз жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ 1943 жылы Муссолини тұтқындалғаннан кейін босатылды.
Осы қастандықтан төрт ай өткен соң, 50 жастағы ағылшын Виолет Гибсон Муссолиниді атады. Оқ болса ел басшысының мұрнының ұшына ғана тиді. Бірнеше айдан кейін итальян анархисті Джино Лучетти Муссолинидің көлігіне граната лақтырды. Жарылғыш зат болса, көліктен тиіп, әрі секіріп кеткен. Дәл сол 1926 жылдың қазан айында Муссолиниге 16 жасар анархист Антео Замбони оқ жаудырады. Диктаторға оқ тимейді, бірақ жиналғандар Антеоны соққыға жығады. Бір жыл ішінде төрт өлімнен аман қалған Муссолиниге Рим Папасы Пий XI "Құдай жарылқаған" деген атау берген.
Диктаторды өлтіру әрекеттері оның танымалдылығын арттыра түсті. Сонымен қатар, репрессияны күшейтуге сылтау болды. Алайда Беннитоның өзі қастандық әрекеттеріне немқұрайлы қарады және Гитлерден айырмашылығы өзін өте салмақты ұстады. Ол өзінің бір сөзіне: "Маған қастандық жасаудың пайдасы жоқ. Менің өлімім ерекше болады, ол пешенеме жазылған".
Лорето алаңында ілініп тұрған Бенито денесі, Милан. 29 сәуір 1945 жыл. Фото: Vincenzo Carrese
Бенито Муссолиниді 1945 жылы сәуірде Швейцариямен шекараны кесіп өтпек болған италиялық партизандар өлтірді. Оның денесін Миланның орталық алаңының жанындағы жанармай құю бекетіндегі бағанға төңкеріп іліп қойды. Тек 1957 жылы бұрын мұқият жасырылған диктатор денесі отбасылық сағанаға орналастырылды.
Иосиф Сталин
Гитлер мен Муссолиниге жасалған қылмыстар баспасөзде бүкпесіз, ашық жарияланса, Сталинге жасалған қастандық негізінен жасырын болды. Оның санын нақты айту мүмкін емес, бірақ аз болмағаны анық.
Бірінші белгілі қастандық 1931 жылы 16 қарашада болған. Британ барлау офицері Леонид Огарев Сталинді дәл көшеде оны атып тастай жаздаған. Серуен кезінде бас хатшымен кездескен Огарев револьверді шығармақ болды, бірақ оны күзетшілер ұстап үлгерген.
Дегенмен, Огарев сол сәтсіз кездесуде сталиндік гвардияшыларға қарсы мүмкіндігінің аз екенін саналы түрде бағалай отырып, оқ атуға әрекет жасамаған болуы мүмкін. Соған қарамастан көптеген британ барлау офицері сияқты ол да біраз уақыт бақылауда болды. Дәл ОГПУ-да тұтқынға алынғаннан кейін жауап алу кезінде Огарев көшеде Сталинмен кездесуі туралы айтты. Қастандық әрекеті де, қауіпсіздік қызметкері де әңгіме кейіпкері болды. Күзетшілері қалай қаһармандықпен Сталинді аман алып қалғаны жайлы да айтылды. Сталин осыдан кейін Мәскеуді жаяу аралауды қойды.
4 жылдан кейін Кремль кітапханасында Орлова-Павлова тегімен белгілі граф отбасының өкілі Сталинді атпақ болған . Бұл әрекет тарихқа "Шумақ" ісі деген атпен енген әскери және партия жетекшілерінің қастандығының бір бөлігі саналады. Қылмыс жасады деген күдікпен бірнеше адам, оның ішінде маршал Михаил Тухачевский атылды. Сталин қайтыс болғаннан кейін жүргізілген қайта тергеу істер аталған қастандықтар толығымен қолдан жасалғанын көрсетті. Қатысқандардың барлығы ақталды.
Сталиннің өз өміріне деген шектен тыс қорқынышын және қолдан жасалған қастандық істерінің көптігін ескере отырып, олардың қайсысы шынымен болғанын және қайсысы қуғын-сүргінге сылтау болғанын анықтау қиын.
Соған қарамастан, шет мемлекеттердің жасаған қастандық жоспарлары туралы ақпарат шындыққа жанасады. Мысалы жапон арнайы қызметі 1939 жылы Сталинге екі рет қастандық жасауға тырысқан. Бастапқы жоспар бойынша олар Мацестадағы демалысы кезінде бас хатшыны өлтіруі тиіс диверсанттарды әкелу керек болды. Оның сәтсіздігінен кейін ресми мерекелердің бірінде кесене мінберін миналау және сол арқылы бүкіл партия элитасын дереу жою туралы шешім қабылданды. Бірақ барлаудың арқасында бұл жоспарлар алдын ала белгілі болды.
Исиф Сталин америка және британ офицер мен елшілерімен бірге, Тегеран. Желтоқсан, 1943 жыл. Дереккөз: Library of Congress
1943 жылы Германия Тегеран конференциясы кезінде Сталинді, Рузвельтті және Черчилльдің көзін жою жоспарын дайындаған. Операцияны СС оберштурмбанфюрері Отто Скорзени жүргізді. Бас хатшыны тағы да барлау жұмысы құтқарды: операцияны дайындауға қатысқан неміс белгі берушілері тұтқындалды.
Айтпақшы, көптеген адам Сталиннің өлімін сәтті аяқталған қастандық жасау операциясы деп санайды. Оның үстіне, оның өлімі шынымен жұмбақ еді. 1953 жылы 1 наурыз күні кешке күзетшілер диктаторды резиденциясының еденінде жатқан жерінен тауып алды. Тек келесі күні ғана тексеруге жіберілген дәрігерлер дененің оң жақ бөлігінен инсульт пен сал ауруын анықтады. 5 наурыз күні кешке Сталин қайтыс болды.
Міне, өткен ғасырдың әйгілі диктаторлары бірнеше өлімнен осылайша аман қалған. Бірақ, ешбір адам өлімнен бәрібір қашып құтылмайтыны анық.
Т. Есқали