"Әйел-самурай" тіркесін қолданудың өзі дұрыс болып саналмайды. Себебі, екінші иероглиф тек ер кісілерге қатысты қолданылады. Сондықтан, әйелдер үшін "онна-бугейся" термині айтылатын болған.
Орта ғасырларда Күн шығыс еліндегі ел билеу ісінде әйелдің ролі айрықша болған. Тіпті Жапонияның алғашқы тарихи жазбалары оған дәлел бола алады. Айта кетсек, Корей бұғазы арқылы Корея және Яматоға жасалған төтенше шабуылдар кезінде жауынгер ханшайымдар ерлік көрсеткен. Дегенмен, VI-VII ғасырларда Конфуций ілімі өз басымдығын көрсете бастағаннан кейін әйелдер соғыс пен билеу ісінен аластатылған болатын.
Уақыт өте келе әйелдер баланың тәрбиесімен қоса соғысу тәсілдерін де үйреніп жаттығатын болған. Оған себеп самурайдың үйіне тұтқиылдан жау кіретін болса, әйел өз үйін қорғай алатын болуы тиіс. Ондай әйелдер "буке-но-онна" яғни "букэ(буси) әулетінен шыққан әйел" деп аталатын болған. Олар көне дәуірдегідей әскер басқармаса да, өз жұптарының сенімді серігіне айнала алатын болған. Осылай әйелдердің өзіндік бір табы қалыптасты. Осындай әйелдердің бірі Камакур сегуні Минамото Еримотоның жұбайы Масако ханым еді. Тарихшыларға құлақ түрсек, ол өте зерек, шапшаң және батыл болған деседі. Масако ханым елді ресми билемесе де онымен кеңеспей ешбір шешім қабылданбайтын болған. Самурайлық тәртіп бойынша әйелдерді де олардың әке, аға мен бауырлары секілді өз әулетіне адалдықпен қызмет етуге негіздейді.
Әйел-самурайлардың негізгі қаруы тік (яри) және иілген (нагината) найза болған. Оған қоса әр самурайға киюге міндет болатын кимано белбеуінің артқы жағында үнемі қанжар болады. Қанжар, негізінен, самурай әулеттің сенімін ақтай алмаған жағдайда немесе жау қолына түсер сәтте өзіне-өзі қол жұмсау үшін қажет болған. Ал әулеттің басшысы соғыста мерт болса, оның самурайлары кек алуға міндетті болады. Бас сегунның айтуымен кек алуға рұқсат етілмеуі мүмкін. Ондай кезде қалған самурайлар ронин (басшысыз) атанатын болған. Қазіргі заманауи дәуірде де жапон әйелдері дәстүрді сақтап келеді. Олар өз ұлдарын әскери академияға беріп, қыздарын додзеге ("нагинатадзюцу" деп аталатын көне соғыс өнеріне үйрететін арнайы мектеп) тәлім алуға береді.