Топонимдік атаулар қазақ халқының тарихынан мағлұмат береді. Олардың кейбірі біздің жыл санау дәуірімізден бұрынғы замандарға хас болса, екінші топтары орта ғасырға, үшінші топтары кейінгі заманға тән. Ең көне топонимдер санатына жататындар: Каспий, Арал теңіздері, Балқаш көлі, Ертіс, Сырдария, Іле, Меркі, Талас, Есіл, Тобыл өзендері болса, таулар: Хан Тәңірі, Алтай, Алатау, Қаратау, Ұлытау.
Каспий теңізінің атауы біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда және біздің дәуіріміздің IV-VIII ғасырларында Гирхан теңіз деген атпен белгілі болса, VIII-X ғасырларда оғыздар үстемдігі кезінде Хазар теңізі аталғаны мәлім. Тілдік табиғаты жағынан Каспий атауы дербес мағыналы Кас және пий деген екі сөзден құралған. Тарихшы ғалым С. В. Юшковтың пікірі бойынша: "біздің дәуірімізге дейінгі VII–IV ғасырларда Каспий теңізінің жағалауы мен Маңғыстау маңайында каспий тайпасы өмір сүрген. Өзінің мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-санасы жағынан ол сақтардың (скифтердің) ірі тармағы болуы керек".
Арал теңізі біздің дәуірімізге дейінгі жазба ескерткіштерде Оксин теңізі аталған. Оны Рим ғалымдары Страбон мен Птолемей жазбалары да растайды. Бұл біздің дәуіріміздің V–VIII ғасырларында оғыздардың үстемдігі кезінде Хорезм теңізі аталған.
Сырдария біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда, біздің дәуіріміздің IV ғасырында сақтар (скиф) тілінде Силис, біздің дәуіріміздің VI–VIII ғасырларында грекше Яксарт, (түріктің Касарт сөзінен) бұдан кейінгі VIII–X ғасырларда қарлұқтардың үстемдігі кезінде Сейхун аталғаны, ал одан бұрын Александр Македонский сыпайыларының оны Танаид атағаны, бұл атаудың сақтардың (скиф) Дон "өзен" атауының сөзбе-сөз аудармасы екені де тарихтан мәлім.
Ертіс өзенін Шығыс Қазақстан тұрғындары Қара Ертіс атайды. Бұл Ертіс атауы VIII ғасырда Күлтегін мен Тоныкөк құрметіне орнатылған көне түркі ескерткішінде кездеседі. Ертіс Зайсан көліне құяды да, Өскемен, Семей, Павлодар қалаларын басып өтеді. Осы атау XI ғасырда өмір сүрген белгілі түркі ғалымы Махмұт Қашқаридің еңбегінде Эртиш тұлғасында кездеседі. Бұл тарихи дерекке сүйенетін болсақ, оның біздің дәуірімізден бұрынғы Каспий, Арал теңіздерінің құрдасы екені шүбәсіз.
Осы дәуірлерге Алтай, Хан тәңірі, Талас, Қаратау атаулары да тән сияқты. Әлемге әйгілі Хан Тәңірі деген тау атының, хан және тәңір сөздерінен қойылғаны ежелден белгілі. Алайда бұл сөздердің негізгі мән-мағыналары тереңде. Бұл атаудағы хан сөзі жалпы халыққа белгілі ертедегі ел билеген "хан" мәніндегі сөз емес, ол көне түркі тіліндегі үлкен, зор деген мәнге ие, ал тәңірі "аспан", "көк", "әуе" деген мағынаны білдірген. Алматы облысы Нарынқол ауданының тұрғындары қазіргі кезде географиялық карталарда Хан тәңірі аталып жүрген атауды Хан Теңгір атап келген.
Оңтүстіктегі ерте орта ғасырға тән әйгілі қалалардың бірі – Тараз. Тарихи жазба ескерткіштерде Тараз аты VI ғасырдан белгілі. Ол VII ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолындағы атақты қалалардың бірі ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Бұл қала аты кейін 1867 жылдан Әулиеата, ал 1935 жылдан Мирзоян, 1938-1997 жылдары Жамбыл деп аталды. 1997 жылы 8 қаңтарда тарихи Тараз атауы қайтарылды.
Орта ғасырдан (VII–XIII ғ. ғ.) белгілі қала атаулары да аз емес. Олар: Испиджаб, Сайрам, Отырар, Шавгар, Түркістан, Шымкент, Манкент, Кедір, Суяб, Ходжент, Алмалық, Баласағұн, Барақ, Барысхан, Бесбалық, Бескент, Жент, Қарнақ, Қойлық, Құлан, Сауран, Сүткент, Талғар, Алматы, сондай-ақ тұрақтар мен қалашық, елді мекен аттары: Ақбешім, Ақтөбе, Алтынасар, Бабаата, Дүнгене, Жол, Құйрықтөбе, Сүмбе, т. б. Бұл қала, елді мекен атауларының барлығының жасалу үлгісі де, лексикалық құрамы да (сөз жүйесі) қазіргі тіліміздегі жер-су 124 атауларынан алшақ емес, жалпыхалықтық тілден жасалған, түсінікті де танымал. Осылар тәрізді орта ғасырға тән қала, елді мекен, өзен, көл, тау т.б. аттарының ана тіліміздің төл сөзінен жасалып келгенін де аңғару қиын емес. Мәселен, Алматы, Есік, Тұзқала, Қызылжар, Жайық, Үйшік, Теке, Ақмола, Ақтау, Ақсу, Нілді, Атасу, Жезді, Теміртау, Қарағанды, Қазалы, Қарқаралы, т. б.
Байыппен бағдарлап қараған адамға тіліміздің тарихы мен барша заңдылығы осы және басқа да физика-географиялық атаулардың бойынан анық көрінеді. Ондайлар республикамыздың барлық облыстарында жүздеп, мыңдап кездеседі. Рас, өткенге ой жүгіртіп, зер сала қарасақ, қасиетті де қастерлі жерімізге сонау замандарда парсылар мен арабтардың, моңғолдар мен жоңғарлардың баса кіріп, лаң салғаны, бірақ олардын халық тегеурініне шыдай алмай күшті тойтарыс алғаны тарихта тайға таңба басқандай қаттаулы. Ол кезеңдерде пайда болған араб, парсы, моңғол тілдеріне қатысты жер-су аттарының, аздап болса да сақталып келуі – сол тарихи оқиғалардың айғағы.
Алайда араб, парсы тілдік атаулар біздің оңтүстік аймақтарда болмаса, орталық, солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс, батыс аймақтарында сирек, тіптен мүлдем ұшыраспайды десе де болады. Оның керісінше, моңғол текті атаулар барлық өңірде бой көрсетіп қалғанмен, аса көп емес, ана тіліміздің байырғы төл сөздерінен қойылған мыңдаған атаулардың арасында көп бидай ішіндегі шашыраған тарыдай ғана. Оның үстіне бұлар тілімізге бейімделіп, дыбыстық өзгеріске ұшырап, жымдаса қалыптасып, қазақыланып кетті. Себебі ол атаулардың басым тобының табиғаты негізінен, қазақ, моңғол тілдеріне ортақ сөздер еді.
"Қазақ ономастикасы", Т.Жанұзақ