Атаман Анненковтың ермегі қазақ балаларын көлікпен таптау болған

Атаман Анненковтың ермегі қазақ балаларын көлікпен таптау болған
Фото: forestplant.msk.ru

Атаман Анненков жайлы қанды, қасіретті тарихи оқиғалар ел арасында өте көп. ХХ ғасыр қазақтың басына түрлі жауыздық пен қасапшыны сын ретінде жіберсе, соның бірі көріңде өкіргір атаман Анненков еді.

Өзін «Қызыл террорға» қарсы күресушімін деп жариялаған Анненковтың өзі шындығында келгенде нағыз қасапшы еді. Айтса денеңді тітіркендіретін, бойыңда ашу мен ызаны туындататын талай қылмысы бар. Патша Үкіметін құлатқан большевиктерге қарсы күресті Анненков әскері Сібірде бастап, Қазақ жерінде аяқтады. Әсіресе Жетісу мен Шығыс Қазақстанда жасаған адам шошырлық айуандығы өте көп. Ол Жетісу бойындағы қазақ ауылдарын шауып, қырып-жойып, ермек үшін балалар мен әйелдерді азаптап өлтіріп, ерлерді тірідей жерге көміп, сайтанның ойына да келмейтін сан зұлымдықты іске асырған. Мысалы Жетісу өлкесінде Анненков екі жыл бойы билік етеді. 1919 жылы ол қазіргі Қабанбай (бұрынғы Андреевка) өлкесіне шабуыл жасайды. 16 маусымда Тентек өзенін бойлап жүріп, сол маңдағы 5 ауылды басып алады. Жергілікті тұрғындарды аяусыз қырады. 1919 жылдың жазында Үшаралдағы большевиктік идеологияға қызмет етуде деген желеумен еркектерді қырып салады. Өз көрлерін өздеріне қаздырып, тірідей көмеді. Кейбірінің басын  ғана шығарып қойып, азапты өлімін сағаттар бойы тамашалап отырған деседі.

Тағы бір деректе Анненковтың көлікпен қоян, ит, мысық, тіпті адамды мыжуды жақсы көргенін, ермек санайтыны айтылады. Анненковтың жеке жүргізушісі болған Алексей Ларин: «Анненков іші пысқан сәтте қазақ ауылдарына барып, жергілікті халықты көлікпен қуып жүріп таптайтын, тіпті кейде жас балаларды жинап алып, өз сұмдығын жүзеге асыратын» дегенді тергеу барысында айтқан. Кейде ол қылмысты өз әскерлеріне жасатып, өзі масаттанып қарап отыратын.

1920 жылы большевиктерден түбегейлі жеңілгенін сезген Анненков Қытай жеріне өтіп кетуді жоспарлап, шығыс бағытқа бет бұрады. Шығыс Қазақстандағы жүздеген ауылдарды өртеп, халқын жол бойы қырып кеткен қандықол жендет, Алакөл бойында 3800 қазақ және өзіне еруге бас тартқан казак жасағын пулеметпен жайратып салады. Қытайдан Анненков 1924 жылы ұсталып әкеліп, 27 тамызда 1927 жылы атылады. Әрине, бұл сайтанның сыңары Анненков қылмысының бір ғана бөлігі. Оның залымдығы том-том трагедиялық кітапқа арқау боларлық деңгейде.

Бүгінде Анненковты ақтау және оны тарихи ұлы тұлға ретінде қайта жаңғырту мәселесі Ресейде қатты жүріп жатыр. Мысалы 1999 жылы 7 қыркүйекте Ресейдің Әскери Соты Анненковты ақтау туралы өтінішті кері қайтарған еді. Алайда 2017 жылдың 6 желтоқсанында тура осындай өтініш қайта жасалыпты. Көршіміз тарихтан сабақ алмайтын сияқты.

arhar.kz

А. Қажиев