- Негізгі бет
- Тарих
- Аннексия ұғымы туралы...
Аннексия ұғымы туралы не білесіз?
Аннексия (лат. annexio, немесе лат. annexus — қосып алынған) — бір елдің өзге бір елдің келісімінсіз, оның территориясын толық немесе жартылай жаулап алып, өз доминионы ретінде жариялау саясаты. Халықаралық құқық теңдігінің нормасы бойынша, аннексия бүгінде басқыншылық деп есептеледі. Құқықтық нормаларды сақтамаған ел халықаралық сот алдында жауапкершілікке тартылады.
Аннексияны оккупация (отарлау) терминімен шатастырып алмау керек. Отарлаушы елдер бір-бірінің саясатын мақұлдамаған. Сондықтан кез келген жаулап алу процесі заңды түрде меншіктеу деп есептелмеген. Державалар тек әскери күштің көмегімен, ешкімнің келісімінсіз отарлау саясатын жүргізген. Мысалы, 1878 жылы Аустро-Венгрия империясы Босния және Герцеговинаны оккупациялайды. Дегенмен тек 1908 жылы ғана аталған отар елді аннексиялайды, яғни заңды империяның меншігі деп жариялайды. Оған дейін Босния және Герцеговина құжат түрінде Осман империясының жері болған. Сонымен қатар, Солтүстік Кипрдегі Түрік республикасы 1983 жылы түріктердің жаулап алуынан кейін құрылады. Бірақ аталған ел бүгінге дейін ресми Түркияның территориясы болып қабылданбаған.
Тарихта аннексияланған жерлер:
• 1820-1821 жылдар аралығында Судан Мысыр елінің құрамында болған.
• 1833 жылы Ұлыбритания Фолкленд аралдарын жаулап алып, аннексиялайды.
• 1845 жылы АҚШ Техас республикасын өз территориясына ресми түрде қосады. Техас өз еркімен Мексикадан бөлініп, АҚШ-қа қосылуға ұсыныс білдіреді.
• 1848 жылы Франция Африканың солтүстігіндегі Алжир елін өз доминионы деп қабылдайды.
• 1861 жылы Испания Орталық Америкадағы Доминикан Республикасын аннексиялайды.
• 1879 жылы Рюкю архипелагы Жапония империясының территориясы құрамына кіреді.
• 1898 жылы АҚШ Тынық мұхитындағы Гавай аралдарын жаулап алып, сол жерде өзінің 50-інші штатын құрады.
• 1908 жылы Аустро-Венгрия өзінің отары Босния және Герцеговинаны аннексиялайды.
• 1910 жылы Жапония Кореяны өз территориясы деп жариялайды.
• 1914 жылы Ұлыбритания Африканың солтүстік-шығысында орналасқан Мысыр елін өз доминионы деп қабылдайды.
• 1914 жылы Ұлыбритания Кипр аралын жаулап алып, аннексиялайды.
• 1938 жылы Германия Аустрияны ресми өз территориясы деп жариялайды.
• 1961 жылы Үндістан Португалдық Үндістанды аннексиялайды. Айта кетсек, 1498 жылы португал саяхатшысы Васко да Гама Үндістан түбегін ашып (еуропалықтар арасында Азияға жеткен тұңғыш саяхатшы), қазіргі Гоа, Дадра мен Нагар-Хавели, Даман, Диу және Мумбай аймақтарын Португалияның отары деп белгілейді. Кейіннен аталған жерлер «Португалдық Үндістан» деп аталған.
• 1967 жылы Израиль шығыс Иерусалимді жаулайды.
• 1976-1999 жылдар аралығында Шығыс Тимор Индонезияның меншік жері болған.
• 1975 жылы Марокко мен Мавритания елдері Испан Сахарасын өз территорияларына қосып алады.
• 1990-1991 жылдары Кувейт елі Ирак доминионы болған.
Бүгінде мұндай жаулап алу саясаты БҰҰ тарапынан қатаң бақылауға алынған. Әйткенмен де, ғаламшарымыздың әртүрлі аймақтарында заңсыз оккупациялау тәртіптері ұйымдастырылып жатыр. Айта кетсек, Таяу Шығыс пен Кіші Азия түбегінде ұлтаралық қақтығыстар оқтын-оқтын белең алады. Израиль Ливан елімен жер дауын шеше алмай жатса, Түркия мен Сирия елдері арасында әскери қақтығыстар болған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, саяси идеологияның арқасында бөлінген Корея елдері арасында соғыс оты тұтанды. Оңтүстік Кореяның (капитализм) сол кездегі президенті Ли Мен Бак корея ұлтының бірігуін мақсат етіп, бейбіт қосылуды ұсынады. Ал Солтүстік Корея (социализм) мұны жаулап алу деп біліп, ресми соғыс ашады.
Орта ғасырларда отарлау саясатын жүргізген державалар бүгінде кері жаулау процесіне тап болған. Айта кетсек, бұрын отар болған елдер Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Германия, Жапония сынды державалардың тілі мен мәдениетін үйренген. Бұрыңғы отар елдердің халқы державалардың тілін үйреніп алған соң, дамыған елдерге миграция саясатын жүргізіп жатыр. Мұны бейбітшілік заманда «мәдени жаулап алу» немесе «кері отарлау саясаты» дейді.
Ж. Өрісбай