Америка құрлығы қалай ашылды?

Америка құрлығы қалай ашылды?

Америка құрлығын белгілі италяндық саяхатшы Христофор Колумб ашқанымен, континенттің неліктен «Америка» терминімен аталғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бұл атау Америго Веспуччи есімді саяхатшының есімімен байланысты.

Ұлы географиялық ашылулар кезінде ел арасында жаңа жердің бар екені туралы аңыздар тараған. «Өзені суға емес, сүтке толып ағады» деп суреттелген Үндістанға Еуропадан бірінші болып португалдықтар жетеді. Айта кетсек, Васко да Гама есімді португалдық саяхатшы Африканың оңтүстігі арқылы айналып өтіп, Үндістанға барар жолды картаға енгізеді. Көрші елдің жетістігіне төзе алмаған испан королі жаңа жер ашу мақсатында ұйымдастырылатын саяхатты толық қаржыландыруы туралы жарлық жібереді. Нәтижеде аңызды шындыққа балау үшін, Христофор Колумб корольдің сенімін ақтауға ант етеді.

Корольдік флоттың қолдауымен Христофор Санта-Мария, Нина және Пинта деп аталатын үш кемемен Үндістанға баратын батыс жолды ашу мақсатында ұшы-қиыры жоқ теңіз жолына аттанады. Үш айға тартқан мұхит асу сапарынан кейін испандықтар қазіргі Багам аралдарына жетеді. Расында Колумб Америка құрлығындағы алғашқы еуропалық атанып, ашылған мекенді «Еспаниола», яғни «Кіші Испания» деп атайды.

Багам аралдарына түскен Колумб

Дегемен, Колумбтың есімі оңтүстік Америкадағы бір елге ғана беріледі. Ал түгел құрлық Америка деп аталып кетеді. Неліктен?

Америка сөзі италяндық саяхатшы Америго Веспуччидің құрметіне қойылады. Ол құрлыққа кейіннен барып, оның бөлек материк екенін зерттеп анықтаған. Ал Колумб Үндістанға баратын батыс жолды ашамын деп, жаңа континентке тап болғанын өмірінің соңына дейін білмей кетеді. Сол себепті қазіргі Кариб теңізіндегі аралдар аймағы «Вест-Индия», яғни «Батыс Үндістан» деп аталады.

Вест-Индия

Веспуччи XIV ғасырдың соңына қарай Амазонка мен Бразилия торабын зерттеуге аттанған Алонсо Охеда экспедициясына қатысады. Экспедиция құрамы қазіргі Венесуэла алқабын зерттеп, Испанияға қайтады. Америго мұнымен бөгелмей Португалия королі Мануэль І ұйымдастырған Гонсало Куэльйо экспедициямен құрлыққа қайта келеді. Екінші рет Америго мол ақпарат жинақтай алады. Оған дейін ашылған жерлердің географиялық маңыздылығын танып, Португалияның меншігіне Бразилияны енгізеді. Экспедицияның негізгі мақсаты оңтүстікке қарай жол ашу болған. Нақтырақ айтар болсақ, экспедиция құрлықты айналып өтуге тырысқан. Нәтижеде Куэльйоның үш кемесі оңтүстік Американың 33-ші параллеліне дейін жетеді.

Экспедиция барысында Веспуччи Лиссабонға хат жолдап отырады. Оның екінші жолдаған хаты география тарихындағы төңкеріске алып келеді. Ол географиялық меридианның шектеуіне жетіп қалғанын және Жердің төрттен бір бөлігін қамтитын қашықтықты басып өткенін ескеріп, жердің материк екенін жазады. Оның хаты латын тіліне аударылып, Парижде басылады.

Америго Веспуччи жасаған карта. Оңтүстік Америка

Оның өз замандастары арасында танымал болуына түрткі болған екі пайымы:

- Жаңа географилық ашылулардың басқа материкте екендігі және оның Азияға еш қатысы жоқ болғанын білді;

- Жаңа жердің жергілікті тұрғындары өркениеттен қалып кеткенін түсінді және олар үнділер емес үндістер екенін білді.

1507 жылы неміс картографы Мартин Вальдземюллер өз картасына Америго Веспуччидің жинаған ақпаратын қосып, жаңа құрлықты «Америка» терминімен атауға ұсыныс тастайды. Ұсыныс ғалымдардың тарапынан куәландырылып, Колумбтың есімі шетте қалады.

Одан бөлек, Америго Веспуччи тағы бір саяхатқа қатысуды жоспарлайды. Оның ойынша өзі жете алмаған оңтүстіктің шеткі ендігінде батысқа шығатын теңіз жолы бар болған. Сол бағытты картаға енгізу Веспуччидің орындалмаған мақсатына айналады. Кейіннен бұл торапты әлемді теңізбен айналып шыққан Фернандо Магеллан ашады.  

Сурет: geographyofrussia.com

Ж. Өрісбай