ХХ ғасырдың басында болған оқиғалардың ішінде басы ашылмай қалған жайттар көп. Дерек пен мағлұматтардың көбі жойылып не жоғалып кеткен. Мұрағатта қалған деректермен бір оқиғаны толық қарау тағы мүмкін емес. Көзі көрген жандардың аласапыран шақта шаһит кетуі де шындықты көмескілеп тастады. ХХ ғасырда қазақ зиялары мен беткеұстар адамдардың өз арасында келіспеушілік бірақ болған.
Сондай басы ашылмаған, бірақ тарихи жағынан маңызды оқиғаның бірі – 1917 жылы болған Бетпаққара соты. Мұны қазақ даласында болған алғашқы демократиялық сот деуге негіз бар. Алайда бұл соттың өзі қазақы дәстүрмен, Жеті жарғы шарттарымен өткенге ұқсайды.
Ендеше оқиғаның неден басталғанын баяндайық.
1916 жылы Амангелді батыр мен қыпшақ ханы Әбдіғаппар Жанбосынұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс болғаны белгілі. Көтеріліс басшылары патша үкіметінің қазақтан сарбаз алып, оны Бірінші дүниежүзілік соғысқа, тыл жұмыстарына жібергенін қаламады. Сондықтан патша жарлығына қарсы көтеріліп, сарбаз бермеуге бекісті.
Ал Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Сейтқазин Қадірбаев, Мұхамедияр Тұңғаншин сынды Алашорда қайраткерлері керісінше патша жарлығына қарсы шықпауды жөн санады. Мұны алаш оқығандары "Патша жарлығына көнбесек, олар күш жұмсаса, елде қырғын болады, елдің берекесі кетеді, босқа қан төгіледі" деп түсіндірді. "Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп ойлайтындарың бізді құдай мен аруаққа тапсырсын" деп өзінің адал ниетін үндеу арқылы халыққа жеткізді. Бұл айтылғандар кейін шындыққа айналды. Патша әскері мен қарапайым халық арасында қақтығыс болды.
"6 қарашада Торғай қаласында көңілсіз оқиға болды. 1100 шамалы қазақ өлді. Ақымақ, надан, тентектер (көтеріліс басшылары – ред.) пайда-зиянды аңғармады" деп жазды алаштықтар "Қазақ" газетіне.
Олар Торғайдағы көтеріліс басшыларын ел жағдайының күйзелуіне, ел ішінің бүлінуіне себепкерлердің бірі деп таныды. Көтерілісшілердің бұл әрекетін алаштықтар «желік» деп бағалады.
Торғайды қамтыған көтеріліс 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін саябырсыды. Қазақ даласында құрылған уақытша үкіметтің тыл жұмысына қара жұмысқа алынғандарға қатысты амнистия жариялауы көтерілісті біржола тоқтатты.
Тәуелсіз мемлекеттік іргетасын қалауға ұмтылған Алаш қайраткерлері ақпан төңкерісінен кейін орнаған уақытша үкіметті қолдауға көшеді. 1917 жылы 4 наурызда Қазақстандағы уақытша үкіметтің комиссарларын сайлау туралы заң қаулысы қабылданады. Содан сол жылы Торғау уезінің комиссары болып Әлихан Бөкейхан сайланады.
Уақытша үкімет "тыныштық пен тәртіп" деген ұранды ұстанды. Содан 1917 жылы мамырда Әлихан Бөкейхан уездегі жағдайды тыныштандыру үшін Бетпаққарадағы қыпшақ, арғын руының игі жақсыларымен кездеседі. Сонда арғынның байлары 1916 жылы босқан көтерілістен малы тоналып, зиян шеккенін айтып, оған жауаптыларды жазаға тартуды талап етеді. Бұл жиында Әбдіғаппар хан мен Амангелді батыр да болған.
Содан арғын байларының арызымен Бетпаққара соты ашылады. Алашордалықтар көтеріліс кезінде көп зәбір шегіп, мал-мүлкі таланған арғын руының байларының пайдасына 300 мың сомнан астам ақша өндіру туралы әрі кінәлілерді жауапқа тарту мәселесін қояды. Осының нәтижесінде көтеріліске жетекшілік еткен 40 шақты жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Әбдіғаппар хан мен Амангелді батыр мұнымен келіспейді, сот үкіметін мойындамайды. Жиыннан шығып кетеді.
Кейін тергеу комиссиясы "А.Иманов бастаған көтеріліс жетекшілерімен оның жақындарына үлкен контрибуция төлеуді жүктейді, яғни 200 мың бас ірі қара, бірнеше мың қой төлеуі тиіс. Және Амангелді бастаған 40 жігітті 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылсын, жер аударылсын" деп үкім шығарады.
Бірақ бұл үкім аяқсыз қалды. Жергілікті уақытша үкімет өте әлсіз еді. Әрі көтеріліс көсемдерінің ел алдында абыройы мен беделі бар адамдар. Соған қарамастан Бетпаққара соты үкімді жартылай қанағаттандырса керек. Әсіресе, мал-мүлкі таланғандар өтемақысы мен құнын алған. Оған мына факті мысал.
Көтеріліске қатысқаны үшін 1917 жылы абақтыға түсіп, ақпан төңкерісі кезінде босап шыққан Тайшим Орысов естелігінде былай деп жазады: "Байлардың құн сұрағанын үкімет қолдады, бізді ешкім қолдамады. Бағынуға тура келді. Өлген алты бай үшін көтеріліске қатысқандардың бәрінен 6 рет 33-тен сиыр малын жиып алды. Менде және баламда 1 ат, 1 түйе мен 1 қашар қалды. Менің бар мал-мүлкімді тартып алды".
Бетпаққара соты – алаш зиялылары мен 1916 жылғы көтеріліс жетекшілерінің патша жарлығына қарсы ұстанған саясатының тоқайласқан тұсы.