Алтын Орданың негізін қалаған кім?

Алтын Орданың негізін қалаған кім?
Фото: Николай Постников

Еуразия халықтарының тарихи үдерісіне ерекше ықпал еткен мемлекеттің бірі Алтын Орданың негізін қалаушы ретінде Батудың есімі аталады. Бірақ «Алтын Орданың құрылу уақыты мен оның негізін қалаушы кім?» деген сұраққа неше түрлі жауап бар.

Зерттеушілердің басым бөлігі Алтын Орданың құрылуын Батудың Батыс жорығын аяқтап, Еділ бойына оралған кезеңінен (1242-1243 ж.ж.) бастайды. Көрнекті орыс шығыстанушысы В.В. Бартольд еңбегінде «Бату хан – моңғол билеушісі, Русьті жаулаушы және Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаушы» деп жазды. Неміс зерттеушісі А.Каппелердің еңбегінде де: «Шыңғыс ханның немересі, Жошының ұлы Бату ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдары негізін қалаған Жошы ұлысы, яғни орыстар Алтын Орда деп атаған мемлекет ортағасырлық держава болды» дейді. Кеңестік Ресей тарихшылары Б.Д. Греков пен А.Ю. Якубовксий «Алтын Орда және оның күйреуі» еңбегінде: «Алтын Орда қаншама Жошы ұлысы атанғанымен, Жошы Алтын Орда мемлекетінің тағдырына шын мәнісінде ешқандай рөл атқарған жоқ. Дешті Қыпшақ даласын толығымен жаулап алу үдерісі Бату хан билік құрған 1237-1256 жылдар аяқталды» деп жазды. Зерттеушілердің екінші бір тобы мемлекеттің құрылуына Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы есімімен байланыстырады.

Ал ғалым З. Қинаятұлының зерттеуіне сүйенсек, Жошы ұлысы державасының шаңырағы алғаш қазақ даласында (Ертісте, 1224 ж.) бой көтерді. Ол: «ұлыстың іргесі батысқа қарай кеңейе түсіп, держава деңгейіне көтерілуі – Жошының өзі, оның серіктері мен ұлдарының бес дүркін жасаған ірі жорықтарының нәтижесі» деп атап көрсетті.

Бату билігі кезінде ұлыстың территориясы кеңейді, мемлекеттің қалыптасу үдерісі аяқталды, ұлыстық деңгейден державаға айналды. Сондықтан алғашқы ұлыс билеушісі болған Жошының атқарған ісін ұмыт қалдырмауымыз қажет. Бірақ Жошы ұлыс билеушісі бола тұра өзін «хан» деп атамады. Өйткені Шыңғыс ханның тірі кезіндегі билік қағидасы бойынша, «Аспанда Тәңір, қара жерде қаған бір» болған. Сондықтан Жошы хан қыпшақ даласына алғаш «хан» емес, алғашқы моңғол бидеушісі, «даруга» (әкім немесе билеп-төстеуші) мәртебесімен келді.

Шыңғыс хан мемлекет құрар алдында шығарған заңдары

Жошы көзінің тірісінде «хан» атанғаны жөнінде тарихи дерек жоқ. Жошыны хан атандырған – қыпшақ даласы және бұл далада билік құрған оның өз ұрпағы. Жошы ұрпағының «хан» атануы Шыңғыс хан, Жошы хан өлген соң, Бату кезеңінен, 1242-43 жылдардан басталады.

Massaget