- Негізгі бет
- Тарих
- "Алматы" атауына 100...
"Алматы" атауына 100 жыл толды
Биыл оңтүстік астананың "Алматы" аталуына 100 жыл толып отыр. Жетісу облыстық революция комитеті 1921 жылы 5 ақпанда Верный қаласының әкімшілік атауын "Алматы" деп ауыстырған болатын.
Алматы бекінісінің іргесі 1954 жылы ақпанда қаланған. Қалашық 1967 жылдан бастап "Верный" аталып, тарихи атауы біраз көместе қалды. Дегенмен бұл қалашықтың орнында қала болғаны әрі оның "Алматы" деп аталғаны жайында орыс әскерилерінің өзі жазып кеткен екен.
Мәселен, майор Перемышельский 1853 жылы корпус командиріне жазған хатында былай деген:
Жоғары мәртебелім, Сізге Алматы шыңын барлауда тапқан дерегімді жолдау мен үшін абырой. Инженер-поручик Александрмен Алматының бірінші және екінші шыңын шолып, мол табиғи байлыққа тап болдық. Орманы қалың, көркі тамаша, суы мен жылғасы мол жер екен. Топырағы тың. Есік пен Талғар аңғарынан асып түседі. Сондықтан Алматы маңында қоныс тебуді құп көрдік. Диқаншылық пен күздікке өте қолайлы мекен... (рапорттың бірінші беті тозығы жетіп жыртылып қалған, жазуы күңгірт, көрінбейді, жалғасы жоқ). (Дерек ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр, 3-қор, 7-іс).
Аталмыш деректен Алатауға жақын бұл аңғардың және соған жапсарлас шыңды қазақтардың "Алматы" деп атағаны, жергілікті атауды орыс шенділерді де қолданғанын байқаймыз.
Бекініске неге "Верный" атауы берілгені әлі күнге белгісіз. Ол жайлы аңыз көп. Бірақ қалашық тұрғындары мекенді "Верный" емес, Есік, Талғар не Алматы деп атағаны байқалады. Ал "Верный" атауы әкімшілік деңгейінде қалған көрінеді.
Қалай десек те, қалашық 1921 жылы тарихи атауына қайта оралды. Орта ғасыр тарихында бұл маңда "Алмалы" қаласы болғаны айтылады. Қазіргі Алматы қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан бұл маңда 1000 жылдық тарихы бар көне қала жатқаны белгілі болған.
Ал қалашыққа "Алматы" атауының қайта оралуына большевиктер себеп болды.
"Верный" атауы патша үкіметінің Орталық Азияны жаулап алғанын еске салады, Жетісу өңірін отарлап, соған деген адалдықты білдіру мақсатында берілген. Сондықтан қаланың пролетариат өкілдері бұл атауды алып тастап, орнына жергілікті еңбектенуші халықтың тарихи атауы – "Алматыны" қайтаруды ұйғарды. Енді қаулыда "Бүгіннен бастап Верный қаласы Алма-Ата қаласының еңбектенуші халқының тілінде аталатын болады, – делінген Жетісу облыстық революция комитетінің №13а қаулысында.
Ал орталық мұрағатта сақтаулы тұрған бұл құжаттың астында Жетісу революциялық комитетінің төрағасы Ораз Жандосов пен хатшы Сыдықовтың қолы тұр.
1927-1991 жылдары Алматы қаласы Қазақ КСР-нің астанасы болды. Кейін 1991-1997 жылдары тәуелсіз Қазақстанның астанасы атанды.
Қ. Слямбек