- Негізгі бет
- Тарих
- Алғаш сейсмограф құрастырған...
Алғаш сейсмограф құрастырған адам
Қытай – мәдениеті дамыған ежелгі елдердің бірі. Қағаз, папирус пен компастың отаны. Бұлардың барлығы – Хан патшалығы кезінде жасалған дүниелер. Қытай өнертабыстарының ішінде сейсмограф та бар. Оны 132 жылы қытай ғалымы Чжан Хэн ойлап тапқан.
Жалпы, Қытай елі – жер сілкінісі жиі болатын аумақ. Қалалар қирап, мыңдаған халық қырылған апат көп болған тарихта. Қытай жылнамаларында да жиі айтылады. Империя территориясы ауқымды болғандықтан, зардап шеккен аймаққа көмек күші тез жетпесі анық. Оның үстіне, қираған қалаға көрші мемлекеттің әскері мен ұры-қарылары шапқыншылық жасап, тонап кеткен кездері аз болмаған.
Сондықтан ел патшасы мен хан әскері апат табиғатын түсінуге, табиғат заңдылығын ұғынуға барынша күш салды. Қытай ғалымдарының да алдына осындай міндет қойылды. Жаратылыстануды түсінуге деген құлшыныс жерде қалмады. 132 жылы қытайдың ұлы ғалымы Чжан Хэн әлемде алғашқы болып сейсмографты ойлап тапты.
Ғалым 78 жылы дүниеге келген. Жастайынан білімге құмар, еңбекқор болып өскен. Ғылым жолында да, еңбек жолында да үлкен жетістікке жеткен адам. Сондықтан 37 жасында-ақ патша сарайында белді қызметке – шежіреші астролог, кеңесші атанған.
Чжан Хэннің қытай ғылымы үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, жағырапия мен математика ғылымына қосқан үлесі мол. Ғұмыр бойы Қытайдың географиялық картасын жетілдірумен болған. Ал "Айдың жарығы – күннің түнгі сәулесі" деген тұжырымы бүкіл астрономия ғылымында айтылған прогрессивті идея болатын.
Императорға 132 жылы таныстырған сейсмограф та ғылым үшін тамаша жаңалық еді. Көне қытай деректеріне көз жүгіртсек, аталмыш аспаптың жүздеген шақырым қашықтықтағы жер дүмпуін сезе алатын қуаты болған.
Ғалымның сейсмографы қазіргі сейсмографтарға қарағанда өзгеше: аспаптың өзі үлкен мыс сауытқа ұқсайды, ішінде маятник бар. Маятник сауыттың төбесіне ілінген. Ал маятниктің жанына теңдей етіп 8 иінтірек қойған. Иінтірек тұрған жердің сыртында айдаһар мүсінін құйып, айдаһардың ауызына темір шар "тістетіп" қойған екен. Егер жақын маңда алда-жалда жер сілкіне қалса, маятник тілі тербеліп, иінтіректердің біреуіне барып тиеді де, ол "сырттағы айдаһарды" барып соғады. Сол кезде айдаһардың ауызындағы шар жерге түсіп, сарай ішінде "гүмп" деген дыбыс жаңғырып шығатын болған.
Аспаптың императорға ұнағаны сонша – император Шунь Ян Цзя ғалымды сарайдағы ең сенімді серіктерінің біріне айналдырған. Чжан Хэннің есімі тарихта мәңгі қалды, ал құрап шығарған аспабы оның атағын да әлемге танытты. Хэн төрт жылдан кейін сарайдағы беделі мен императордың алдындағы абыройының арқасында империяның белді провинциясының басшысы болып тағайындалып, өмір бойы сол қызметте болған.
Бірақ осыдан екі мың жыл бұрын құрастырылған аспаптың сыры әлі күнге дейін ашылмады. Мыс сауыттың сырты әдемі көрінгенімен, ішінде маятник пен оның сауытпен арадағы байланысын, жер тамыры мен дүмпуін сезу механизмін, аспаптың жұмыс жасау қағидасын бүгінгі ғалымдар әлі анықтай алмай отыр.
Хэннің аспабын құрастырып көргендер көп болды. Оны жасау үшін заманауи құралдар қолданылды. Бірақ оның бірде-бірі жер сілкінісін таба алмады. Соған қарағанда ежелгі технологияның құндылығы тереңде жатса керек.
Қ. Слямбек