- Негізгі бет
- Тарих
- Әлемдегі ең алғашқы...
Әлемдегі ең алғашқы ядролық жарылыс туралы білесіз бе?
АҚШ-та 1940 жылдан бастап саяси принциптердің себебінен атомдық қаруды жасап шығаруға белсенді түрде мән беріле бастаған болатын («Манхэттен жобасы» деп аталған). Ал 1945 жылдың 16 шілдесінде Лос-Аламос полигонында (басқаша атауы Аламогордо, Нью-Мексика штаты) әлемдегі тұңғыш жерүсті атом жарылысы тәжірибелік мақсатта іске асырылады. Оның жарқылы 290 км қашықтықтан көрінген. Ал дауысы 160 км-ге дейін жеткен.
Атомдық қаруды жасаудағы сынақ барысында полигонда 30 метрлік ғимарат салынады. Сол жылдың 12 шілдесінен бастап уран-плутонды атомдық зарядын жинақтау басталады. Екі күн өткеннен кейін атомдық құрылғыларды (детонаторларды) ғимараттың басына шығарады. Ал 15 шілде күні түнде детонаторлар өз орнында дайын тұрды.
16 шілде, 05:29:45-те сынақ батырмасы басылады.
Лос-Аламос полигонында орын алған ядролық жарылыс
Содан кейін бір ай өтер-өтпестен атом бомбасы Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына лақтырылғаны тарихтан белгілі. Хиросимада болған ядролық күйреудің нәтижесінде 140 мыңнан астам адам қайтыс болады. Ал Нагасакиде 75 мың адам. Қалалардың өздері күлге оранды. Бұл адамзат тарихындағы антропогендік қырғынның ең жойқын мысалы болып қалды.
АҚШ-та атом бомбасын жасауға атсалысқан ғалымдар салдары осылай боларын ойламаған болатын. АҚШ үкіметінің Жапонияны бомбылауының тағы бір себебі, КСРО-ға өз қуатын білдіргісі келгендігі болды. Дегенмен, арада көп уақыт өтпей КСРО-да да белгілі ғалым Игорь Курчатовтың басшылығымен атомдық қаруды жасау өз нәтижесін береді. Осылай әлемнің саяси мінберінде тепе-теңдік сақталып қалады.
Мақаланы жазу барысында, итальян жазушысы Дино Буцаттидің кішкене, бірақ өте маңызды болған әңгімесі есіме түсіп кетті. Әңгіменің желісі бойынша екі кейіпкер Альберт Эйнштейн мен әзәзілдің өзара құрған диалогы болады. Әзәзіл бір келіп Альбертті алып кетпекші болғанда ғалым кісі өмірлік еңбегінің маңызды нәтижесін орындауға аз қалғанын, тағы біршама уақыт күте тұруын сұрайды. Екінші рет те солай қайталанады. Ал үшінші кез келгенде Эйнштейн риза болып қуанып жүреді. «Енді мені алып кете берсең болады. Мен өз еңбегімнің нәтижесін алдым», - дейді ол әзәзілге. Сонда әзәзіл бір күліп: «Сенің жасаған еңбегіңнің арқасында тозаққа келушілердің саны арта түсті. Мен сол үшін сені әдейі асықтырған болатынмын. Енді қанша қаласаң сонша өмір сүруіңе болады», - деп, бұрылып кетіп қалған екен.
Иә, мүмкін сол Альберт Эйнштейннің атом бомбасын жасауға үлес қосқаны осындай әлемдік қырғынға алып келіп отырған болар? Бұған қатысты өзге маңызды ақпараттар әлі күнге дейін құпия түрде сақталуда.
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: ru.wikipedia.org
Ж. Өрісбай