1905 жыл
Қоянды жәрмеңкесінде Ресей үкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу секілді мәселелерді көтерген 12.767 қазақ азаматы қол қойған құзырхат жолданды. Бұл тарихқа «Қарқаралы құзырхаты» деген атпен енді. Оны ұйымдастырушылар: Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпаев.
Орал қаласында қазақ облыстары өкілдерінің съезі өтті. «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылданып, партияның бағдарламасы бекітілді. Съезге Ә.Бөкейхан, Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, Б.Сыртанов, М.Тынышбаев, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы т.б. қатысты.
1906 жыл
Ресей мемлекеттік I Думасына Ә.Бөкейхан, Ш.Қосшұғылұлы, А.Бірімжанов, Б.Құлманов, А.Қалменов т.б. мүше болып сайланды. Қазақ зиялылары мемлекеттік деңгейде ұлт мәселесін көтере бастады.
Семейде қазақ сайлаушыларының съезі болды. Мұнда Ә.Бөкейхан баяндама жасады. Шәкәрім қажы сөйледі.
1907 жыл
Ресей мемлекеттік II Думасына М.Тынышбаев, Ш.Қосшұғылұлы, А.Бірімжанов, Б.Құлманов, Б.Қаратаев т.б. мүше болып сайланды. Олар жер, сайлау, білім беру мәселелерін көтерді.
1908 жыл
Ә.Бөкейхан Петербор газеттерінде қызмет атқарды.
Татар тіліндегі «Уақыт» газетінде М.Дулатовтың «Ибраһим ибн Кунанбаев» атты мақаласы жарық көрді.
1909 жыл
Петерборда Абайдың өлең кітабы, А.Байтұрсынұлының «Қырық мысал» және Уфада М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты жинақтары жарық көрді.
1910 жыл
Қазанда қазақтың тұңғыш романы М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» жарық көрді.
Орынборда Ғ.Қараштың «Ойға келген пікірлерім» атты философиялық кітабы жарық көрді.
1911 жыл
Троицкіде қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» шыға бастады. Бас редакторы – М.Сералин.
Орынборда Шәкәрім қажының «Мұсылмандық шарты» және «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітаптары жарық көрді.
Орынборда А.Байтұрсынұлының «Маса» жинағы жарық көрді.
Уфада Ғұмар Қараштың «Бала тұлпар» кітабы жарық көрді.
1912 жыл
Орынборда А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе. Баяншы» және «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші кітап» атты кітаптары жарық көрді. Бұл оқу құралы ұлы ғалымның тіл білімі мен оқыту саласындағы болашық жұмыстарының ірі бастауы болатын.
Қазанда М.Жұмабаевтың «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
1913 жыл
Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бас редакторы – А.Байтұрсынұлы. Бұл басылым Алаш қозғалысының өрістеуіне зор ықпал етті.
Орынборда А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Қазақтан басқа түркі, ғараб, фарсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп етілген. Алифбаға жалғас» атты екінші кітабы жарық көрді.
«Айқап» журналында съез ашу мәселесі жөнінде Ж.Сейдалиннің «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» мақаласы жарық көрді, оған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Б.Сырттанов, Е.Қасаболатов т.б. жауап жазды.
1914 жыл
Орынборда А.Байтұрсынұлының «Қазақша әліппе: Оқу құралы», «Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық» кітаптары жарық көрді.
Орынборда М.Дулатұлының «Оқу құралы» атты кітабы жарық көрді.
Семейде Абайға арналған әдеби кеш өтті.
1915 жыл
Орынборда А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Усул сотиемен тәртіп етілген қазақша әліппе. Бірінші жылдық» атты кітап жарық көрді.
«Қазақ» газетінде Ә.Бөкейханның «Рухани мәдениет қарауылынан», М.Дулатұлының «Қазақ тілінің сыры» атты мақалалары жарық көрді.
Уфада «Ғалия» медресесінің шәкірттері күшімен «Садақ» атты қолжазба журнал шыға бастады.
"Алаштың" тілдік мұрасы кітбынан, 2009 жыл.
Жалғасы мұнда
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: massaget.kz