Әл-Фараби және Абай философиясындағы үндестік

Әл-Фараби және Абай философиясындағы үндестік
Фото: youtube.com

Әл-Фараби және Абай – өз дәуіріндегі қоғамдық-әлеуметтік, саяси қатынастарға араласып, ғылыми-танымдық көзқарастарын қалыптастырған тұлғалар. Екі ғұламаның бүкіл адамзат қоғамы үшін көкейтесті ғылыми танымдық мәселелерді шешу кезіндегі ойларының сәйкес келетіндігін байқаймыз. Екеуі де адамның адамдық қасиетінің АҚЫЛ екендігін алға тартқан.

Абайдың мұсылман әлеміндегі өзінің өзгермейтін тұрақты негізімен ерекшеленетін ғылым-білімді терең зерттеп игергендігін білеміз; қазақ рухани байлығының осы тұрақты жүйелі ілімімен тығыз байланысын түйсініп оны жаңғыртқан, бүгінгі әдеби-ғылыми  тіліміздің бастау көзінде тұрған адам екені белгілі. Екі ғұламаның ортасындағы орасан зор уақыт кеңістігі болса да олардың мәңгі бақи өзгермейтін ортақ негізге сүйенгенін көреміз.

Әл-Фараби философияның мақсатын былай көрсетеді: “Философияны зерттеу мақсатына келетін болсақ, мұның өзі барлық нәрсенің қозғаушысы, себебі болып табылатын, өзгермейтін және бірегей бәрінен жоғары жаратушыны тану. Ал мұның осылай болатын себебі, ол – Алла өзінің рахымымен, даналығымен, ғылымы мен, әділеттілігімен осы дүниені аса келісіммен жаратушы. Ал, философтың әрекеті адамға ұқсас болуға тиісті”.

Абайға жүгінсек былай дейді: “Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен табылады. О баста ол – Алланың ғылымы емес, һәммені білетұғын ғылымға ынтықтық өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін де ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол (Алла) – хақиқат, оған ғашықтықтың өзі де хақтық һәм адамдық дүр”.

Түсінгеніміз, Әл-Фараби үшін де, Абай үшін де ғылымның мақсаты – жаратушыны тану. Олар жаратушыны тану арқылы адам өз өмірінің мәнін тауып, өмірдің әр түрлі кезеңдерінен дұрыс жолмен өте алатындығын алға тартады.

Әл-Фараби “Философияны үйренуден бұрын нені білу керектігі туралы” атты еңбегінде философияны зерттеудің алғы шарттарын сөз қылады. Ғұламалардың философияны зерттеуден бұрын шәкіртке логика, физика, геометрия т.с.с. жекелеген ғылымдарды терең игеру, сондай-ақ жан мен тәнді тазарту сияқты талаптар қойғанын оқыдық. Осының бәрі философияны оқып үйрену алдындағы дайындық, яғни философияны түсіну әр адамның қолынан келе бермейді, ол үшін арнайы дайындықтың болуы керек деп санайды. 

Философияның даналыққа махаббат екені бәрімізге белгілі. Ал сол даналық адам бойында тұрақтауы үшін көп еңбек, білім және адамгершілік керек. Біз осындай ғұламалардың еңбектерін оқып, олардың ойларын саралау арқылы білімімізді толықтырамыз, біраз мәселеге басқаша қарауды үйренеміз. Сол жинақталған білімі, көрген-білгені арқылы әр адамның жеке өмір сүру философиясы қалыптасады деп есептеймін.

Философия ғылымдарының
кандидаты, доцент Жанатаев Д.Ж.
Алуақас Б.Е. 1-курс магистранты
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

Г. Берік