- Негізгі бет
- Тарих
- Акваланг қалай ойлап...
Акваланг қалай ойлап табылды?
Әлемге аты белгілі, мұхиттарды зерттеуге бар ғұмырын арнаған француз өнертапқышы Жак-Ив Кусто 1943 жылы Эмиль Ганьянмен біріге аквалангті ойлап табады.
Бүгін осы бір ғалымның дүние салған күні. Сондықтан сөз болып отырған өнертабыс туралы кеңінен әңгімелеп беру арқылы Жак-Ив Кустоға деген құрметімізді білдіруді жөн көрдік.
Ендеше адам баласы ХХ ғасырға дейін аквалангқа ұқсас қосалқы құралдарды қажет етіп, жасауға тырысып баққан ба екен? Судың астында біраз уақытқа дейін жүрудің амалын біздің заманымызға дейін Қытайдың балықшылары табуға әрекеттенген екен. Бізге қайта өрлеу дәуірінде суретшілігімен белгілі Леонардо да Винчи қазіргі заманауи аквалангқа ұқсайтын су астында ауамен демалуға мүмкіндік беретін аппаратты жасап шығарған. Леонардоның аппаратында арнайы былғарыдан тігілген киімге ауа өтетін шланг жалғанған. Ал шлангтың екінші беткейі судың бетіне шығып тұруы тиіс болған. Қайта өрлеу дәуірінің басты өнертапқышы болған да Винчи Венеция королінің талабы бойынша альтернативті аквалангты жасайды. Себебі, Осман Түріктер империясы Еуропаның сауда-өнеркәсіп орталығы болған алып шаһар Венецияны алғысы келген болатын.
Да Винчидің жоспары бойынша әскерлер судың астымен жүріп барып, түріктердің кемесінің астын жару керек болған. Дегенмен, жоспар соңына дейін аяқталмай, да Винчи өзінің Флоренциядағы үйіне қайтып кетеді. Осылай жарты жолда жасалмай қалған аквалангті араға 5 ғасыр салып, Жак-ив Кусто жетілдіреді.
Жак-ив Кусто жастайынан теңізде саяхаттауға қызығып, су асты әлемі туралы білгісі келетін. Басты мәселе, судың астында ұзақ уақытқа дейін қала алу болғандықтан, аквалангты жасауға бет бұрады. Келесі күрделі мәселе ауа қысымының су астында шектеулі болуында болды. Бірақ, оның шешімі екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде табылды. Сол кезеңде неміс инженері кәдімгі табиғи газды автокөліктің карбюраторына бағыттау арқылы газбен қозғалатын көлікті жасап шығарған болатын. Кусто көліктегі газ реттеуішті алып, ауаны нығыздайтын альтернативті конденсаторға қол жеткізеді. Осылай ауа мөлшерін қамтитын, су астында дем алуға арналған контейнер (Акваланг алғашында «контейнер» деп аталған) жасалынады. Ол сосын SCUBA (Self-Contained Underwater Breathing Apparatus) деп аталды. Аквалангтың жылдар өте жаңарған нұсқалары су астында дем алудан бөлек, еркін жүзуге де қолайлы бола бастады. Нәтижесінде скубаларды жасап шығару жақсы бизнес көзіне айналды.
1966 жылға келіп, Кусто өзінің білікті сүңгуірлері мен инженерлерін жинап, Калипсо кемесін су астын зерттеуге заманауи тұрғыдан ыңғайластырып, қайта жасап шығарады. Одан кейінгі Кустоның командасының мұхит астында жасаған зерттеулері көзі ашық оқырманға белгілі. Қазіргі кезде скубалар әрі әскери, әрі ғылыми бағытта қолданылады. Оған қоса, дайвингке қызығатын жандар оны жеке сатып алып, су астын өзінше зерттеп жүр.
Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Сурет: www.4rfv.co.uk
Ж. Өрісбай