Африкада қазба жұмыстарын жасап жүрген археологтар ежелгі адамның мәйітін тапты. Ғалымдардың айтуынша, табылған қабір қазіргі ғылымға белгілі мәйіттердің ең ежелгісі. Бұл жайлы Reuters хабарлады.
Археологтар тапқан мәйіт ересек адамдікі емес, 2-3 жасар баланікі. Оны Кения жағалауына жақын үңгірден тапқан.
Баланы ұл не қыз екенін анықтау қиын. Өйткені кішкентай кезде балалардың сүйегі бірдей болады. Ал ДНК арқылы анықтауға генетикалық материалдары қалмаған.
Жүргізілген сараптаманың арқасында баланың осыдан 78 мың жыл бұрын қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл – орта тас ғасырына тән кезең.
Зертханалық зерттеулер көрсеткендей, бала қабірге жатырда жатқан кейіппен жерленген. Ал басына сүйеніш (жастық болуы да мүмкін) қойып, мәйіттің үстін жапырақпен, жануар терісімен жапқан. Соған қарағанда, орта тас ғасырында өмір сүрген адамдардың өзі жерлеуге ерекше көңіл бөліп, оны ритуал санағанға ұқсайды. Әрі жерлеуді саналы түрде жасаған.
"Соған қарағанда баланың ата-анасы қатты қайғырған сияқты. Әрі баласын арулап, ізет көрсетіп көмген", - дейді CENIEH директоры, испан антропологы Мария Мартинон-Торрес.
Археологтардың айтуынша, аталмыш артефактінің маңызы зор. Өйткені осыдан 30-40 мың жыл бұрынғы адам сүйектері табылғанымен, одан көне адам мәйіті табылған емес. Бұл жаңалық ғылымда тағы жаңа гипотезалар құруға дәйек болмақ.