Хәкім Абайдың поэзиясы мен қоғамдық қызметін ажыратып қарау мүмкін емес. Өйткені өлең өз дәуірінің айнасы, ақынның тұтастай ғұмырымен сабақтасып тұратын құбылыс. Абайел билеу ісіне белсене араласып, болыстық қызметке бірнеше рет сайланғанын білеміз. Толғырақ айтсақ, 1866 жылы және 1872-1874 жылдары Күшік-Тобықты елінің болысы, 1876-1878 жылдары Қоңыр-Көкше елінің болысы, 1893 жылы Мұқыр елінің болысы болып сайланды. Ақынның:Болыс болдым мінеки,Бар малымды шығындап, деп басталатын өлеңі соның айғағы. Мұнда ақын болыстық қызметтің жағымды-жағымсыз тұстарын, адамның сан қырлы мінезін астарлап жеткізеді. Хош, Абайдың болыс болғандығы туралы деректер жетерлік. Енді осыған тереңірек үңілсек, ойлы оқырманға қызықты біраз мәліметті көреміз. Мысалы, хәкімнің құжаттарға қолған қолы. Абай өз қолын қандай іске және қандай құжаттарға қойды? Бұл құжаттардың ақын өмірімен қандай байланысы бар? Міне, осындай салмақты сұрақтарға ізденіс жасап көрсек... Абайдың қол қоюйына қатыстыдеректердің бірі: Дело оботкочевкеказачки Кузеновой с сыном Кучук-Тобыктинской волости, деп аталатын істе кездеседі. Іс 1866 жылдың 31 қазанында жүргізілген. Осы істе Сергиополь ішкі округтік приказына Абайдың атынан рапорт жазылыпты. Рапорттың басында: Күшік-Тобықты болысының управителінен рапорт, деп жазылған да, мынадай мазмұндағы қатынас қағаз толтырылған: Бөкенші руының старшинасы А.Алшынбаев түсіндіруі бойынша жесір әйел Жаныс Күзенова өз ұлы Қожбақпен Абақкерейге кеткен. Ол әйелдің туыстары Сапақов, деп жазған. Қатынас қағаздың аяғына:И.Кунанбаев, деп орысша қол қойған. Бұл жерде Күзенованың Абақкерейден өз руластары арасына қайта көшіп келуі туралы сөз болып отыр. Орыс кеңсесіне берілген қазақ әйелі Күзенованың арызын анықтау үшін оны Күшік-тобықты елінің болысы (управителі) Абай Құнанбаевқа жіберген. Абай қайтадан жауап рапорт жазған да, астына қол қойған. Абайдың бұдан кейінгі екінші қолы1876 жылы Қоңыр-Көкше еліне болыс болған кезде орысша жазған мәліметте кездеседі. Онда: Ибр. Кунанбаев, деп сауатты да сұлу түрде қол қойылады. Ал арабша қойған қолы 1876 жылы орыс-түрік соғысы кезінде орыс әскерлеріне ат, көлік, үй, тамақ, ақша беру туралы жазылған шақыру хатта бар. 1875 жылы Абай отыз жаста. Осы жылы Қоңыр-Көкше Тобықты еліне болыстың управителі болып сайланған. Абайдың қолымен облыстық басқармаға өзі басқарып отырған болыстың жай-күйін баяндайтын статистикалық мәліметтер жіберіліп отырыпты. Оқып отырғанда сол заманның өзін көргендей әсер береді:1876 жылдың аяғында болыста 4163 еркек, 3393 әйел болды. Қыстайтын жерлер саны 1004, оның 469 жылқы, кірпіштен қаланған қыстауларда, 535-і киіз үйде қыстайды. Болыста 900 түйе, 4500 жылқы, 1350 ірі қара мал, 30150 қой ешкі болды..., -деп жаза келіп, одан қанша төл алынды, қыста өлгені, тамақ үшін пайдаланғаны т.б көрсетіледі де, болыстағы егін шаруашылығының жайын баяндайды:19 шаңырақ егін шаруашылығымен шұғылданды. Суарылатын егіндік жерге қара бидай мен бидай 20 қап, тары мен сұлы 8 қап себіліп, одан 13 қап қара бидай мен бидай, 24 қап сұлу өнімі алынды. Суару жүйесі Мұқыр, Тақыр өзендеріне салынды, бір су тиірмен болды. Бұл болыстың адамдары өздеріне керекті 2104 қап астықты Семейден сатып алды.Бұл мәліметтерді өз қолымен жазып отырған Абай елдің әлеуметтік-экономикалық хал-жайын: мал, егін шаруашылығын, елдің әлі де жартылай көшпелі, жартылай отырықшы күйде қалып отырғанын терең сезінді. Бұрынырақта қазақ сахарасында дала заңы үстемдік құрды. Мысалы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы деген қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерін білеміз. Сол секілді 1885 жылдары Қарамола съезінде Абай қазақ елінің әдет-салтын жете зерттей отырып, заң ережелерін жасауға белсене қатысады. Абай съезде төбе би сайланып, оған заң ережесін жасау тапсырылған болатын. Аталған заң ереже 1886 жылы генерал-губернатордың бұйрығымен Қазан қаласында басылып шығады. Кіріспе бөлімінде:Семипалат облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының 1885 жылында май айында Шар бойында Қарамола съезінде жасалмыш ережелер, деп жазылған. 74 баптан тұратын Ережені талқылап, қол қойып, бекіткендердің ішінде Семей облысынанИбраһим Құнанбаев, Жұмақан Жарқынбаев, Айтқазы Жексенайұлы, Сүйіндік Шақабайұлы бар. Ғұлама ақынның басшылығымен жасалған бұл ережеде адамның бостандығы, қоғамдыдемократиялық бағытқа жетелеуіерекше көзге түседі. Бекітілген бұл заңды қазақ елінде жүзеге асыру ісіне де Абай сүбелі үлес қосқан. Абайдың қолтаңбасы туралы тағы бір дерек 1896 жылы ақынныңөз ұлы Мағауияға жазған хатында бар. Бұл хатты семейлік ғалым Амантай Исин Абай музейінің сирек қорынан тауып алған-ды. Хат туралы мақала Сүйінші! деген айдармен кезінде Абай журналында жарияланған еді (1997, №4). Семейден қырдағы Мағауияға жолданған хаттың өзгеше құнды болатыны Абай оны өз қолымен қадымша қарпімен жазғанында. Хаттың қазақша мазмұны төмендегідей: Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм хүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер... Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін. Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,Сан дегенің тоғыз-ақ; бірден сана.Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды, Единица сыфат деп біл тек қана.Көп білгенге көп надан болады қас,Маужуд пенен мансухты ол айырмас.Бәйетерек те күндейді көлеңкесін, Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықтаағаңыз Абай.Семей 1896 жылдың ... Бұл өлеңнің өзі Абайдың пайым, толғам өзгерісі, ақынның (әкесінің) өз рухани тіректерін іздеуі сияқты, ұлы Мағауияға деген ыстық сезімін, сенімін айғақтайды. Оның Мағауияға: Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым, деген сөзінен ыстық жүректі әкенің ерекше мейірімін аңғарамыз. Хат туралы А.Исин былай деп пікір жазған: Жүз жыл өтіп, жұртшылыққа жаңа таныс болып отырған Абай хаты халқымыз үшін баға жетпес мәдени мұра. Абай мұраты, Абай арманы, Абай өлеңі, Абай мейірімі бәрі де осында, бәрі бар, жоғы менмұндалап, үні естіліп, түсі көрініп, исі жұпарланып тұр. Хаттағы Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия сынды тарихи тұлғалардың да өмір белестері осы ат арқылы танылады (Абай №4, 974-бет). Түйін:Жоғарыдағы деректерге сүйенсек, Абай ел басқару ісіне 20-21 жасынан бастап-ақ қатысса керек. Әкесі Құнанбай медреседегі оқуын аяқтатпай, 14-15 жасар Абайды елге қайтарып алып, ел басқару жұмысына баулығанда, осы мақсатты көздегені анық. Әке тәрбиесінде 4-5 жыл жүрген Абай сол 20-21 жас шамасында-ақ Күшік-Тобықты еліне болыс болған. Одан кейін ақын ел арасында жүріп әлеуметтік, саяси мәселелерді шешуде әбден шыңдалады.Қырықтан асқан шағында Еуропа мен Шығыс мәдениетін жан-жақты зерделеп, жіті танысқан Абай көзі ашық, көкірегі ояу халық қамын ойлайтын тұлғаға айналды. Қазақты ағарту жолында тынбай еңбек еткен хәкімнің дара жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Алты алашқа, тіпті адамзат баласына парасат биігінен үн қатып, ақыл айтқан Абайдың әрбір ісі қай заманда да маңызын жоймақ емес. Оның өлеңі ұлтымыз үшін қандай касиетті болса, қоғамдағы қызметі де сондай деңгейде насихатталуы заңдылық. Ендеше, Мыңмен жалғыз алысқан сөз зергерінің сан қатпарлы ғұмырын ақылға салып, таразылап, болашаққа ұрпаққа саф таза күйінде жеткізу біздің айнымас борышымыз. Біржан Ахмер,Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттікқорық-музейінің ғылыми қызметкері. Әдебиеттер: АБАЙ. Энциклопедия. Алматы: Атамұра баспасы. 1995. 720 бет. БейсенбайМұздыбай. Абай және оның заманы (Абай ізімен): Әдеби-сын мақалалар мен жаңа деректер. Алматы: Жазушы, 1988.- 136 бет. Болыс Абайдың 1876 жылы қойған қолы Абайдың Мағауияға жазған хаты www.ult.kz