- Негізгі бет
- Тарих
- 5 мың жыл...
5 мың жыл бұрын адамдар нені азық қылды?
Италияның Eurac Research зерттеу орталығының басшылығымен бір топ ғалымдар осыдан 5300 жыл бұрын өмір сүрген Эци адамының асқазанын зерттеді. Бұл зерттеудің нәтижелері Current Biology порталында жарияланды.
Мумия Эци аумағынан табылғандықтан оған Эци деген атауды австриялықтар берген. Ал италиялықтар оны Симилаун адамы деп атайды. Адамзат тарихынан сыр шерткен бұл мумия 1991 жылдың 19 қыркүйегінде Еуропада, Симилаун тауының маңында табылды. Ауа температурасының төмен болуынан суықта жақсы сақталған бұл дене табылғаннан кейін Австрия мен Италия арасында талас болды. Алғашында Австрия жерінде табылды деп хабар тараса, артын ала таудағы шекаралар толыққанды есептеліп, нәтижесінде дене табылған орын Италияға тиесілі екені белгілі болды.
Германияның Нюрнберг қаласында туып-өскен Гельмут және Эрик атты екі неміс осы аумақта саяхаттап жүріп күтпеген жағдайға тап болады. Тау ішінде аңыратып көз аштырмайтын боран соғатын көрінеді. Қақаған ауа райында көз аша алмай тұрған олар сыртқы сұлбасы адамға ұқсап, алыстан қарауытқан бір сырлы дүниеге кез болады. Жақындай келе оның адам екені анық байқалады. Тіпті, үстінде киімі де сол қалпында сақталған. Көп уақыт созбай бірден құтқару қызметіне хабарлаған олар зерттеу жұмыстарынан кейін бұл мумияның 5 300 жыл бұрын өмір сүргені анықталғанда сенбепті. Адамзат үшін зор маңызға ие бұл дене 1991 жылдан бері тоқтаусыз зерттеліп, сала бойынша түрлі халықаралық ғылыми конференцияларда талқыланып келеді.
Ғалымдар микроскоптың көмегімен Эцидің ағзасынан улы қырыққұлақтың қалдықтарын, түрлі өсімдіктердің, ешкі, бұғы етінің қалдықтарын тапқан. Зерттеушілердің дәлелге негізделген болжамы бойынша, Эци қайтыс боларының алдында 30 минут пен 2 сағат аралығында тамақ ішкен. Сонымен қатар, ол сол замандағы адамдармен екі күн қатарынан айқасып, 45 жасында дүниеден өткен.
А. Қажиев