Индонезиялық зерттеушілер әлемдегі үлкен гүл раффлезияны тапты. Ботаниктер тропикалық алып өсімдікті Суматра аралынан кездестірген.
Диаметрі 1.22 метрді құраған раффлезия қазір жер бетіндегі ең үлкен гүл саналып отыр. Мыңдаған жыл бұрын "алып" гүлдер болған да шығар, бірақ бүгінде ең үлкені осы раффлезия саналады.
Батыс Суматрадағы табиғатты қорғау орталығы мамандары хабарлағандай, жаңа раффлезия осыған дейін ең үлкен болып өсіп шыққан гүлдің орнынан табылған.
Раффлезия – паразит өсімдік. Оның жапырағы мен тамыры болмайды. Өзіне қажетті барлық заттарды өзге өсімдіктің ұлпаларынан арнайы сорғыш тамырлары арқылы алады. Көбіне лиана (шырмауықтың бір түрі) өсімдігімен селбесіп тіршілік етеді.
Бұл гүл өте жай өседі. Өзге өсімдікпен селбесіп гүлдеп шыққанға дейін 9-16 ай уақыт кетеді. Бірақ гүлдегеннен кейін ұзақ өмір сүрмейді. Бар болғаны 3-4 күн ғана жайқалып тұрады. Гүлді негізінен шыбындар тозаңдандырады. Себебі раффлезиядан сасыған еттің иісі шығады екен.
Раффлезия тұқымдасының 30-ға жуық түрі бар. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азияда өседі.