- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Зерттеу: Ай туғанда...
Зерттеу: Ай туғанда адамның ұйқысы бұзылады
Америка ғалымдары ай мен адам ұйқысының арасында ғылыми байланыс барын анықтады.
Ай туғанда жердегі мұхит пен теңіз атаулы түнде тартылып, таңертең қайта арнасына келетінін бәріміз білеміз. Ал өліара шақта адамның ұйқысы қысқарып, күні ұзаратынын білеміз бе?
Ендеше Вашингтон университеті ғалымдарының зерттеуіне көз жүгіртейік. Ғалымдар электр жарығы бар және жарық жоқ екі жерді алып, онда өмір сүріп жатқан қауымның ұйқы фазасын тексеріп көрген. Ең алдымен Аргентинада қоныстанған үнді халқы – тоба тайпасынан 98 тұрғынын алып, қолына ұйқы режимі мен ай циклін бақылайтын портативті қондырғы тағып берген. Тайпаны үшке бөлген. Бір тобы электр жарығы бар жерде өмір сүреді де, екінші тобы электр тоғы бірде бар, бірде жоқ жерде, ал үшіншісі мүлде жарық жоқ жерде қоныстанған.
Өркениеттен алыс жатқан қауым мен заманауи қоғамда тіршілік кешіп жатқан адам ағзасының ай фазасымен байланысын салыстыру үшін Сиэтл қаласындағы 464 студентке де дәл осындай қондырғы тағып берген.
"Ай сәулесі жап-жарық. Ай туғанда айнала сүттей аппақ көрінеді. Әрине, мұндай жарық сәуленің адамға әсер етпеуі мүмкін емес. Адамның түнгі әрекетін белсенді етіп, ағзаға күш беруі мүмкін. Біз осы гипотезаны тексеріп көрмек болдық", - дейді зерттеу авторлары.
Тәжірибе барысында үнді қауымының ай туғаннан кейін 30 минут кеш жатып, 50 минут аз ұйықтайтыны белгілі болды. Ең қызығы да сол – ай туғанда, жарықпен қамтылған қалада тұрып жатқан студенттердің де ұйқысы азайған. Олар үнді қауымынан да кеш жатып, аз ұйықтаған.
Ғалымдардың ойынша, мұндай құбылыс адамзатта ерте дәуірде қалыптасып, ағзасына сіңіп кеткен. Күн сәулесінің жарығымен ғана өмір сүрген бұрынғы қауым ай сәулесін де пайдалана жүріп, шаруа-тіршілігін қамдайтын болаған. Бұл ағзаның эволюциялық адаптациясын әкеліп, ай жарығында адамның да ұйықтай алмайтын қасиеті пайда болған.
"Бұл жаңалық адамзат ағзасының әлі күнге дейін аймен синхронды байланыста екенін дәлелдейді. Адамзаттың әлеуметтік-мәдени дамуға қол жеткізсе де, эволюциясынан алшақтаған жоқ", - дейді зерттеушілер.
Қ. Слямбек