Белгілі журналист, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс Түркияның Ыстамбұл қаласына саяхат жасапты. Мақсаты – түрік елінің музей ісімен танысып, тәжірибе жинау. Өзге қаладағы өзгешеліктер оған ерекше әсер етіп, қалам тербеуге себеп болған.
1. Қала көшелері өте тар. Елордамыз Астанамен салыстырғанда 3-4 есе кішкентай. Бірақ, бір қызығы, көшеде көлік кептелісі жоқ.
2. Ыстамбұлда адам мен көлік саны бірдей. Көліктер әуелі жүргінші жолынан адамдарды өткізіп жібереді. Және біздегідей бір-біріне сигнал беріп, жанынан балағаттап өтіп, басып озып кетіп жатқандарды мүлде көрмейсіз.
3. Дәріханаларында ем жасайтын арнайы орындар бар. Дәрі сатып алған бетте сол жердегі білікті мамандар сізге ем жасап беруге дайын. Өзім ауырып, дәріханаға барғанымда бір кырғыз келіншегі ем жасап берді.
4. Көшеде мысықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Әсіресе, Босфор жағалауында балық жеп, күнге қыздырынып жатқан мысықтардың көптігіне таңдандым. Тұрғындардың теңіз жағалауындағы мысықтарға тамақ әкеліп беріп жатқандарын көрдім. Бойларынан мейірім сезіледі.
5. Көшеде бір ғана адамнан көмек сұрасаңыз, өтіп бара жатқандардың барлығы қоршап алып, жан-жақтан жол сілтейді. Бәрінің де көмектескісі келіп тұрады. Тіпті, кейбіреулері жарты жолға дейін бірге ертіп апарады.
6. Қалада әрбір 50-100 метр сайын мешіт бар.
7. Бір тұрғын үйдің жанында 1-2 қонақ үй, 1 мешіт, 5-6 асхана, 10 шақты дүкен бар. Дүкен, асхана, қонақ үйлердің есік алдында жарнама жасап тұратын арнайы адамдары бар. Тілмен майдалап, сіздің қалауыңызды тауып, асханасына немесе дүкендеріне кіргізіп алады. Мәзірдегі бағаны да түсіріп, небір жеңілдіктер жасайды. Бастысы, алғашқы 2 кесе шай тегін.
8. Халқы өте сабырлы. Асығып кетіп бара жатқан жанды кездестіру өте қиын.
9. Ыстамбұлдықтар өте қарапайым киiнеді. Біздегідей біреуден асып түссем деген пиғыл байқалмайды.
10. Жергілікті халық ана тілдерін қатты құрметтейді. Түрікше білмейтін түрікті кездестіре алмадым. Оған қоса, ағылшын, француз, неміс, испан, орыс тілдерін ептеп болса да біледі. Туристермен тілдесу үшін барын салады.
Сурет: danaeavia.ru