- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Венецияда канализация құбыры...
Венецияда канализация құбыры жоқ
Венеция – туристер мен ғашықтардың ең сүйікті орны. Қала су бетінде тұрғаны оның басты ерекшелігіне айналғандай. Осыған дейін осы қаланың тұрғындары туралы бір кезек ойланып көрдіңіздер ме? Олай болса сіздердің назарларыңызға Венеция тұрғындары мен қаласы туралы біраз сыр ашпақпыз.
1. Венецияда көбіне қараша және желтоқсан айларында су қалыпты деңгейінен шамадан тыс көтеріледі.
2. Бұл қалада көкөніс біздің елдегідей күн сайын сатыла бермейді. Тек сейсенбі күні көкөніс базарына материктен фермерлер балғын көкөністер алып келеді екен.
3. Венециялық деген атаудың ішіне тек қала тұрғындары ғана емес, көршілес аралдағы адамдар кіреді. Венецияның жанындағы Местре қалашығының тұрғындары венециялық бола алады.
4. 2009 жылы бір топ адам Венецияны «жерледі». Бұлай деуге себеп, қала тұрғындарының саны 60 000-ға күрт төмендеп кеткен. Сол үшін қала тұрғындары наразылық білдіріп, Үлкен арна арқылы үстіне қала туы жабылған бірнеше табытты жіберген екен. Бұл қалада адам қалмай барады деген мағынаны білдірген. Бір қаланың адам саны үшін қам жеп, уайымдауы венециялықтардың жауапкершілігін көрсететіндей.
5. Венецияда дүкен ашуға орын жоқ. Сондықтан саудагерлерге көшеде сатуға тура келеді.
6. Италия Республикасы бойынша ең қымбат жылжымайтын мүліктер – Венецияда. Мұнда үйлер де, өмір сүру де қымбат.
7. Венецияда қоғамдық әжетханалар болмайды.
8. Бір қызығы, Венециядағы ескекшілердің саны ешқашан өзгермепті: олардың саны – 425. Біреуі зейнеткерлікке шықса, келесісі жұмысқа қабылдануға келіп тұрады екен.
9. Венецияда бар-жоғы үш өрт сөндіру катері бар. Судың дәл ортасында тұрып, өрт сөндірушілерді аяды деп ойламаңыз. Теңіз суы тұзды болғандықтан, өрт болған жағдайда тұз үйдің қабырғаларын, жиһаздарды бүлдіреді екен. Сол себепті, олар катердің көмегіне жүгінеді.
10. Венесуэла Республикасының атауы осы Венеция қаласының құрметіне қойылған екен. Еуропалық саяхатшы Америго Веспуччи үндістердің бағандап салынған үйлерін көріп, Венецияға ұқсатқан екен. Сол себепті, атауын ұқсастырып қойған.
11. Венеция су астына кетуі мүмкін. Сол үшін қаланы екі рет қайта құрастырған. Ғалымдар 2028 жылға қарай қала түгелімен су астына кетіп, мифтегі Атландинаның күйін кешеді деседі.
12. Мұндағы халық саны – 270,4 мың адам.
13. Қалаға жолыңыз түсіп жатса, ескі ғимараттардан арыстан кейпіндегі кітап ұстап тұрған Марктың ескерткішін көруге болады. Егер ғимарат үстіндегі арыстанның кітабы ашық тұрса, сол ғимараттың салынуы кезінде Венецияда бейбіт заман болғанын білдіреді. Ал егер бір ғимараттан арыстан кітабының жабық тұрғанын көрсеңіз, сол ғимараттың салынуы кезінде Венецияда соғыс болып жатқанынан хабар береді.
14. Венецияда канализация құбыры мүлдем жоқ. Барлық күл-қоқыс күніне екі рет арнамен ағып кетеді. Сондықтан, Венецияда сантехник қызметкері бар болғаны – 20 адам.
Г. Берік