Бүгінде ұша алмайтын құстардың 60-тан астам түрі бар. Басым бөлігі құрлықтан алыс орналасқан аралдарда тіршілік етеді. Бағзы заманнан бұл аралдарда құстарға қауіп төндіретін жануарлар болмаған. Сол себепті құстар ұшуды ұмытып, жерде жүруді үйренді.
Адамдар құрлықты зерттеп болған соң, алыс аралдарды игере бастағанда ұшпайтын мыңдаған құс түрі жойылып кетті. Өйткені олар адамның қақпанына оңай түсетін. Science Advances журналында ұшпайтын құстарға арналған көлемді ғылыми зерттеу жарияланды.
Шамамен, 126 мың жыл бұрын алғашқы саналы адамдар пайда болды. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін адам қолынан құстың 581 түрі жойылды. Оның ішінде 166 ұшпайтын құстың түрі бар. Қазір әлемде ұша алмайтын құстың 60 түрі тіршілік етеді. Алайда әлі күнге дейін олардың өміріне қауіп төніп тұр. Адамдар құстарды ауламағанда олардың саны 4 есе көп болар еді.
Кейбір құстар ұшу қабілетін жоғалтып, кейін қайта үйренген. Алайда бұған көп уақыт керек. Осы уақыт аралығында ұша алмайтын құстардың кейбір түрін адам баласы толық жойып тастады. Әдетте ұшпайтын құстардың бойы 15 сантиметрден аспайды, ал салмағы 50 граммға дейін болады. Дегенмен арагідік бойы 2 метрге дейін жететін түрлері бар. Оған страусты қосуға болады.
Ұша алмайтын құстардың көбі адам аяғы баса бермейтін жерде тіршілік етеді. Мысалы пингвиндер Антарктиканың жағалауында, какапо тотықұсы Жаңа Зеландияда өмір сүреді. Ал тауық ұшатын құстардың қатарына жатады. Өйткені олар әлі ұшу қабілетін жоғалтқан жоқ. Оған қоса қанатының ұзындығы денесіне сәйкес келеді. Бірақ олар болашақта ұшуды ұмытып, тек жерде жүретін құсқа айналады.