Үндістандағы Думуркота елді-мекені 500 литрге жуық алкоголь ішіп масайған пілдердің шабуылына тап болды.
Пілдер табыны тамақ іздеп, елді-мекеннің маңындағы күріш және шай плантацияларында жайылып жүрген. Алайда оларды жақын маңдағы дүкеннен шыққан жергілікті алкогольді сусын иісі өзіне тартқан. Иіске еліткен пілдер дүкеннің быт-шытын шығарып, 18 ашық тұрған бөшке спиртті ішіп қойған. Спирттің қызуы бойына жайылған мас пілдер естерінен танып, ауылдың тас-талқанын шығарыпты. Үш үйді ойрандап, егістік алқаптарын жайпап өткен оларды тоқтатуға полиция күштері шақырылды.
«Олардың мекен ететін жері Думуркота ауылына жақын болғандықтан, алькогольдің иісін сезіп елді-мекенге келген. Пілдер кәдімгі мас адамдарға ұқсады. Қызу қанды. Алдында кезіккеннің бәрін жайпап өтті. Бірақ бұл осы аймақта мекендейтін пілдердің жартысы ғана. Есеп бойынша, Думуркота 120-дан астам піл бар. Құқық қорғаушылар пілді ауылдан айдап шығару үшін жергілікті тұрғындардан да көмек сұрады. Ақыр аяғында жануарларды Далма өзенінің арғы бетіне әзер айдап өттік», - дейді Думуркота ауылының тәртіп сақшысы Асиш Саманат.
Естеріңізде болса, 100 құты сыраны сіміріп кеткен ішкіш аюлар туралы да айтып өткен болатынбыз.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: oper.ru