Дайверлер алып медузаны Ұлыбританиядағы Корнуолл жағалауынан кезіктірді. Олар су астындағы таңғажайып тіршілік иесін көріп, суретке түсіріп үлгерген.
Үлкендігі адаммен бірдей болатын медузаны алғаш көрген биолог әрі тележүргізуші - Лиззи Дейли. Ол су астында бұлт секілді қозғалып бара жатқан тіршілік иесін алыстан аңғарған. Жақындап барып көргенде алып медуза болып шыққан. Оның үлкендігіне расымен таңғалыпты.
- Мен бірінші көргенде қатты таңғалдым. Өмірімде бірінші рет мұндай үлкен медузаны көрдім, - дейді Дейли.
Смитсон ұлттық зерттеу орталығы қызметкері Черил Эймстің айтуынша, бұл медуза корнерот деп аталады екен. Ол бастапқыда кіп-кішкентай болады. Уақыт өте келе өсіп, үлкен медузаға айналады. Ал оны қолда өсірген жағдайда, мұндай үлкен болмайтын көрінеді.
Алып медуза суда балық, кішігірім шаянтектестер және қалқыма су организмдерімен қоректенеді. Көбіне Ұлыбритания жағалауы мен Жерорта теңізінде тіршілік етеді.
Медуза — ішекқуыстылардың еркін жүзіп тіршілік ететін дарабастары. Көбіне теңізде жүзіп жүреді, кейбір түрлері су түбіне бекініп тұрады. Құрылысының ерекшелігі — олардың қаңқасы болмайды. Оның орнында қалың қабатты, аралық зат — мезоглея болады. Салмағының 90-нан астам пайызы судан тұрады. Шатырының жиегінде сезім мүшелері дамиды және қармалауыштары (ұзындығы 30 метрдей) орналасқан. Ол шатырдың жиегін жиырып, жүзуіне көмектеседі.