Ұлы Седжон – ең мейірімді хан

Әрбір елдің өз дәріптейтін адамы, құндылығы, былайша айтқанда көзайымы болады. Кореяға барған сапарымыздан осыны ұққан жайымыз бар. Иә, расында да, бұл елде адам басты құндылық. Оның неден, қалай басталғаны жайлы сөз етпекпіз.

Корейлердің Чосон династиясының төртінші ваны Ұлы Седжон. Ол 1418 жылдан бастап, өзінің қайтыс болған күні – 1450 жылға дейін ел басқарған. Корея монархтарының ішінде бұл хан өз халқына адамға деген құрметті үйретіп кеткендігімен ерекше. Өз халқының жағдайын жақсарту үшін көптеген әлеуметтік реформалар жасағандығымен де есте қалған. Ал тағы білім мен ілімге, технологиялық дамуға көп үлес қосқандығымен де ел аузында қалған. Мәселен хангыл деп аталатын корей жазба дәстүрін қалдырған да осы Седжон екенін біліңіз.

Ол 1397 жылы 7 мамырда туған. Чосон династиясының Тхэджон ванының үшінші ұлы. Жастайынан оқуға, білімге құмарлығымен көзге түскен. Ал 16 жасында ол хандықтың заңды ұрпағы болады. 21 жасында сол таққа отырады. Бұл өзгеріс халыққа бірден әсер етеді, себебі оның хандық құрған жылынан бастап корей халқының мүшкіл жағдайы түзеле бастайды.

Ескерткіш Кенбоккун сарайының алдында орналасқан

Жазба дәстүрінің бастауы

Жоғарыда хангыл деген жазба стилін қалыптастырғанын да айтып өттік. Бұл жазба дәстүрін жасау үшін Седжон белгілі данагөйлерді жинап, арнайы тапсырма береді. Біріншіде оқу-білімге бағытталған ғылыми орталық құрылса, кейінде корей әліппесін жасауға тапсырма берілген. Сол уақыттарда корей ұлты өзгелермен де, өз ішінде де ортақ жазбаша тілдің жоқтығынан қиындыққа ұрынған еді. Ал бұл жазбаға дейін корейлер қытай иероглифтерінің негізінде жасалған ханчча жазба дәстүрін қолданып келген болатын. Бұл жазбаны ханның ұлты бірыңғай түсіне бермегендіктен осы әліппе басылып шығыпты.

Бастапқыда жаңа әліппе «Хунмин Чоным» деп аталған. Оның мағынасы – «дыбыстарды дұрыс айту емлесі» деп аударылады екен. Сонымен, Ұлы Седжон жаңа дәуірдің – білім мен ілімнің бастауы болады.

Хангыль 1446 жылы жасалды. Десе де оның халық арасына кеңінен таралуына жылдар қажет болды. Ал бүгінде «Хангыл күні» 9 қазан күні Кореяда әлі де аталып өтеді.

Седжонның қоладан жасалған мүсіні

Адамға деген құрмет

Седжон әрбір адамның құрметке лайық екенін айтып өткен адам. Ол тек өз ұлтын ғана емес, сол кездердегі варварлық қоғам саналатын бүкіл адамзатты құрметтеу керек деп есептеген. Халық арасында таралған аңыз әңгімелер бойынша, ол өте қайырымды кісі болыпты. Оның айтуынша, ханның ұлылығы оның халқының бақыты мен байлығымен өлшенеді. Сондықтан да ол халқының әрбір адамы бай болуын, бақытты болуын қадағалайды екен. Монарх ретінде ол кедейлер мен қарттарға үнемі қолдау білдіріп, жағдайларын жасап беріп отырған. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдардың ешқайсысы да билікке салық төлемеген. Ал табиғаттың апаттарынан зардап шеккендер оның қолынан қаржы алып, жағдайын жасайтын дәрежеге де жеткен.

Ескерткіш 2009 жылы қойылған

Өлім жазасына қарсылық

Седжон барынша әділ сот жасау үшін бірнеше рет сот жүйесіне реформа жасайды. Ол өз елінде заңды білмейтін, білімсіз адамның заң бойынша жауапқа тартылуына қарсы шыққан. Өз уәзірлері мен кеңесшілерінің айтқанына қарамастан, ол барлық заңнаманы әрбір адамның жекелей танысып шығуы үшін арнайы тапсырмалар берген.    

Седжон, мұнымен қатар, өлім жазасына қарсы шығып, соттарға тек ерекше жағдайларда ғана өлім жазасына тартуын бұйрық еткен. Оның бұйрығы «Үш рет қайта қарау» деп аталады. Мәселен, жазаға кесілген адам айыптауға қарсы болса үш рет апелляцияға беріп, өз сөзінің әрбір дәрежедегі соттарға баруына құқылы болған.

Ескерткіш артында Пукхансан тауы

Седжон хандығы кезінде Кореяда тапанша жасау технологиясы дамыды. Хвачха деп аталатын қару бұл кезде көптеп шығарыла бастады. Ол ондаған жебені бір уақытта оқдәрі арқылы шашыратып ататын, екі дөңгелегі бар қару жүйесі. Седжонның заманында бұл қару көп қолданыста болмаса да, одан кейінгі монархтар кезінде бұл қару корей әскерлерінің басты қаруы саналыпты. Мәселен, 1593 жылы 3 000 ғана әскерімен корейлер жапондардың отыз мыңға жуық әскерінің шабуыла тойтарыс берген. Бұл ұрыста жапондар 10 мың әскерінен айырылған.

Қартайғанда

Қартайғанда Седжон мемлекеттік шаруалармен айналысуды тоқтатпаған. Тіпті көзі көрмейтін, асқынған сусамыр ауруына шалдықса да хан өз ісін жалғастыра берген. Осы аурудан Седжон 1450 жылы 18 мамырда қайтыс болады. Седжон асқан ақылдылығымен ерекше есте қалған хандардың бірі. Оның білім мен ілімінен басталған жаңа дәуір бүгінде корей ұлтын мәдени де, технологиялық та қырынан асқан қарқынмен дамуына мүмкіндік берді.

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: ©masaget.kz