Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тиясың-ау қуанышты күлкіні.
Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген – көк аспанның күркірі. Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні! - деп Мұқағали ақын жырлап өткендей, адам баласының өмірі тым қысқа. Оның қысқалығы тек санында емес, мәні мен сапасында. Ал сапалы өмір сүру – әрбір секундыңды бағалау, жақын адамдарың мәңгі қасыңда болып, солармен күліп-ойнау, армандарыңа қол жеткізу. Және ең бастысы өміріңді өзің қалағандай етіп өткізу. Ондай адамдар бар ма екен? Болса, қайда? Бір қызығы ондай адамдар бар екен. Олар – әлемнің ең алаңсыз мемлекеті атанған Пираха тайпасы. Өмір сүру үрдістері де ешкімге ұқсамайды. Сенбеген болсаңыздар, оны өздеріңіз салыстырып көріңіздер.
Бразилияның Маис өзен бойын мекендеген тайпаны өткен ғұмырында жазушы, миссионер болған Дэниэл Эверет арнайы 30 жыл бірге өмір сүріп зерттеген.
Ұйқысыз өтетін айлы түндерді жақсы көретін адамдар
Ұйықтар алдында қандай тілектер айтылмасын, олардың мағынасы барлық елдерде бірдей. Пирахтардың тілектері мүлдем басқа: «Қалғып кетіп жүрме! Жыландар шағып алып жүрер». Олардың ойынша, ұйқы адамды әлсіздендіреді. Екіншіден, бір өліп, бір тірілгенмен теңестіреді. Үшіншіден, бұл жерде расымен де жыландар өте көп. Сол себепті бұл тайпаның ұйқысыз түндері де өте көп. Күніне 20-30 минут көз шырымын алып, қалған уақытта алауды айналып би билеп, әңгіме айтып, балаларымен ойнайды. Мұнымен қатар тайпа 6-7 жыл өткен сайын есімдерін өзгертіп отырады. Әңгіме барысында қанша жастағы адам жайында сөз болып жатқанын есімдері арқылы бірден білуге болады.
Әр күндерін соңғы күндеріндей өткізеді
Ұйқысыз түндердің арқасында Пираха тайпасы үшін күн мен түннің айырмашылығы жоқ. Ал «ертең, болашақ пен тарих» деген ұғымды мүлдем білмейді. Сондықтан да күнтізбе мен сағаттарды бұл елді мекеннен кездестіру мүмкін емес.
Шегіртке мен құмырсқа мысалындағы шегірткенің іс-әрекеті естеріңізде ме? Пираха тайпасы да дәл сол секілді, еш уақытта қыстың немесе ертеңгі күннің қамын ойлап, тамақ сақтамайды. Күнделікті не тапса, соны ғана жейді. Бір қызығы тамақтары таусылып қалғанда, аса қайғырмайды. Күнделікті тағам жеу олар үшін жиіркенішті. Күніне ең көп дегенде екі уақыт тамақтанады.
Әдеп – ең қымбат мирас
Әке-шешеміздің санамызға құйған «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» деген секілді тәрбие бұл тайпа үшін жат. Бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін халқымыз секілді алтын сөздермен жеткізбесе де, іштей сезіп, біліп жүреді. Олардың өздеріне ғана тән ерекше әдебі бар.
Кекшіл болма, көпшіл бол
Бұл тайпаның бәрімізге үлгі боларлық қасиеті – кек сақтамайтындығы. Мысалы, біреуі барлығына тиесілі балықты байқамай суға түсіріп алса, онда тұрған ештеңе жоқ. Бар болғаны балық суға түсіп кетті; Бірі екіншісін суға итеріп жібергенде денесі мертігіп қалса, ешкімге ренжудің қажеті жоқ. Тек мерт болған жерді емдеу керек. Мұндай әрекеттер үшін ешкім жазаланбайды. Байқағанымыздай, уақыттың не екенін білмесе де, оны үнемдей білетін адамдар екен.
Өзгеше ойлау
Олар үшін жер шары орман болып табылады. Орман – өлі мен тірілердің мекені және ешбір заңды қажет етпейтін кеңістік. Әлемде одан үлкен еш нәрсе жоқ.
Күле білу – өмір сүру
Олар қорқып, үрейленгенді жақсы көреді. Бұл қуаныш сезімімен бірдей. Әрдайым күлуге себеп тауып, бір-бірін күлдіргенді жақсы көреді.
Бір-бірімен жарысып тұрғызған зәулім үйлер мен қымбат көліктерді қажет етпейтін, уақытпен мүлдем санаспайтын, үнемі күліп жүргенді жақсы көретін, жат пен жақынды бірдей тұтып, кек сақтамайтын жабайы тайпадан өркениетті елдердің үйренетін тұстары бар.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: fishkinet.ru