Біріміз оларды көрсек, теріміз бұрқ етіп, қорқа бастаймыз, екіншіміз айқайға саламыз, өлтіру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз, басқамыз оларға қарап отырып елжіреп, жақсы көруге ұмтыламыз, кейде асырауға да келісеміз. Әрине, олар – тышқандар.
Хайуанаттар өмірімен таныстыратын жобамызды әлемдегі ең үлкен жануар саналатын пілден бастасақ, ең ұсақтар қатарындағы тышқандар өмірімен жалғастырмақпыз.
Тышқандар – кеміргіштер тобының беделді әрі кең таралған өкілдері. Олардың шамамен 400-ден астам түрі бар екен. Үлкендерінің ұзындығы 7-10 сантиметрге жетсе, ең кішелері 5 сантиметр болады. Мойындары қысқа, табандары өте жұқа, құйрықтары кейде денесінен де ұзын келеді.
Тышқандар ымыртта және түнде белсенді келеді. Астық піскен уақытта қысқы азықтарын күндіз де дайындайды. Көпшілігі жартылай жер үсті өмір салтын ұстанып, дақылдармен қоректенеді. Синантроптар үйде өмір сүреді. Жылы маусымдарда көбейеді, ал үйде өмір сүретіндер мезгіл таңдамайды. Тышқанға жетілу үшін 1,5-3 ай әбден жеткілікті.
Кеміргіштер өте дарынды, ақылды хайуандар саналады. Олар жаңа жағдайларға тез бейімделе алатын қасиетімен де ерекшеленеді. Кеңістікке керемет бағдар жасай алады, өздеріне керекті жолдарды есте сақтап алады.
Әлемде әрбір секунд сайын 30 тышқан өмірге келеді. Салыстырмалы түрде айта кетейік, әлемде әрбір секунд сайын бір ғана адам туылады.
Қарапайым тышқандардың өмірі шамамен 6-9 айға созылады, кейбірі 1 жылға дейін, ерекше түрлері 3-5 жылға дейін өмір сүруі мүмкін.
Аналық тышқан бір сәтте 6 тышқанды туа алады. Олардың жүктіліктері шамамен 21 күнге созылатын көрінеді. Яғни, жылына 6-10 реттен балалайтындары да болады.
Ежелгі Египетте тек мысықтарды ғана емес, тышқандарды да бальзамдаған екен. Олар тышқаннан жасалған тағамдарды асқазан ауруларына қарсы қолданған.
Тышқан сөзі (орыс тілінде "мышь") санскрит тілінде "ұрлау" деген сөзден шыққан. Олар әрдайым осы атауына сай тіршілік қылып келеді. Тышқандар тіпті желім мен сабынды да ұрлап жейді. Мұны тышқандардағы метаболизмнің деңгейінің жоғарылығымен түсіндіруге болады. Олар ылғи да әйтеуір бір азықпен қоректеніп тұру керек.
Тышқандар тамақ талғамайды, олар өздерінің арасындағы өлгендерді де, өлгелі жатқандарды да жей алады.
АҚШ-та үй тышқандарының 300-ден астам түрі кездеседі.
Кейбір ғалымдар тышқандардың егеуқұйрықтардан пайда болғанын айтады.
Германияда ақ тышқанмен кездесу – бақыт әкеледі деген наным бар. Ол елде альбиностарды өлтіргендер сотта жауап береді.
Тышқандар өте батыл келеді, кейде олар өздерінің бірнеше есе үлкен жануарларға шабуыл жасайды.
Тышқанды биік үстелге көтеріп қойсаңыз, ешқайда қашпайды, себебі, олар биіктен секіруге қорқады екен.
Тышқандардың ең сүйікті асы – нан. Барлығымыз тышқандарды ірімшікті жақсы көреді деп ойлаймыз. Алайда, британдық ғалымдар мұны қателік деп отыр. Кеміргіштер қант мөлшері жоғары тағамдарды ұнатады екен. Мәселен, дәнді дақылдарды, жемістерді жейді. Ал ірімшіктің иісі мүңкіген тағамдар оларды шошытады екен.
Иерусалим университетінің ғалымдары тышқандардың адамдарға қатты ұқсайтындығын айтады. Егер тышқанды адамның бойына жететіндей үлкейтіп, қаңқаны жазса, адам мен тышқанның буындары ұқсас орналастырылғанын байқауға болады екен. Сүйектердің саны да бірдей дегенді айтады. Олар адам гендерінің функциясын тышқандар арқылы зерттеудің оңай екенін де мәлімдеді.
Олар мұрындарының жанындағы кішкентай талшық (мұрт) арқылы заттарды сезіп, қараңғыда жол тауып кетеді. Кішкентай ғана құлақтары өте жақсы естиді.
Алғашқыда тышқандар Солтүстік және Оңтүстік Америкадан басқа барлық құрлықта өмір сүрген. Ал қазір олар адамдар арқылы Жердің барлық жеріне тарап кетті, аралдарда да өмір сүреді. Барлық климаттық белдеулер мен аймақтарда: тропикалық, жапырақты, қылқанжапырақты ормандарда, шалғында, шалшықта, жазықтықта, жартылай шөлді аймақтарда, тауда (4000 метр биіктікке дейін) кездеседі.
Тышқандар болмаса қырандар, жапалақтар, түлкілер болмас еді, себебі олардың басты азықтары – осы кеміргіштер. Тышқандардың кесірінен егістің жақсы шықпауы мүмкін.
Тышқандардың қысқа жинаған азықтары толық тұтынылмаса, жаңа жерде жаңа өсімдіктер (балқарағай, орман жаңғақтары, емен жаңғағы) өсіп шығады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: port2all.dp.ua, oggo.by