Түс көру – пенде баласына тән тылсымдардың бірі. Тылсым деп қарағанмен, көрген түске қарай түрлі жорамалдар айтылады. Мұны түс жору дейді. Түс жору – қазақтың мәдениетінде ертеден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан тамаша ғұрыптарының бірі.
Әдетте түсті жақсылыққа жоримыз. Ертеде көреген қариялар түс арқылы кей қауіп-қатерлердің алдын алуды болжап та білген. Бүгін түске қоян енсе, қалай болжағаны жайлы аз-кем айта кетпекпіз.
Қазақ ұғымында қоян даланың жабайы аңдарының біріне жатады. Ал әдеби ұғымда бұл тіршілік иесін бейуаздық, қорқақтық бейнесінде суреттейді. "Қоянның қарасын көріп, қалжасынан түңіл", "Қоян бұлтаққа салса ұстатпас", "Қоян қуған бұлтарыста сүрінеді", "қояндай қорқақ", "қоян көз" деген бейнелі сөздер көп-ақ.
Түске кірген қоянды кейде жақсылық нышаны, кейде суықтың белгісі деп жорып жатады.
• Түсіңде тұзағыңа қоян түссе – бұл жақсылық нышаны. Онда өңіңізде бір марапатты бәйгеге қатынасып, жеңімпаз боласыз. Түсіңізді жасы үлкен адамға жорытыңыз. Оған сүйінші беруді де ұмытпаңыз.
• Түсіңді қоянды қуып ұстай алмай жүрсең – бұл жақсылы нышаны. Онда өңіңізде бір асыл арманды қуып жүресіз, алдыңызда сізді қол бұлғап, көп жақсылық шақырып тұрады. Түсіңізді жақсы көретін жеңгелеріңіздің біріне жорытыңыз.
• Түсіңізде ақ қоян көрсеңіз – бұл да жақсылық нышаны. Бұл түсті екі мәнде жоруға болады. Бірі – жолыңыз ашылады, қуанасыз. Енді бірі – жыл сүреңі өзгереді. Қыс айлары болса, қалың қар жауады, жаз айлары болса, ақ жауын жауады. Күн салқындайды.
• Түсіңізге қара қоян кіріп, ұстатпай жүрсе, не басыңыздан секіріп өтсе – бұл жақсылық нышаны емес. Ауырып, төсек тартып жатудан хабар береді. Ертеректе мұны аң мен құстың біріне көшіретін болған. Садақа берген абзал.
• Түсіңізде көк қоян көрсеңіз – бұл жақсылық нышаны. Онда өңіңізде басыңызға ғайыптан бақыт қонады. Жолыңыз ашылып, дәулетіңіз шалқиды.
• Түсіңізде қоянның көжегін көріп, оны ұстап әкеліп үйшікке салып бағып жүрсеңіз – бұл жақсылық белгісі. Онда өңіңізде ұрпақтарыңыздың бар арман-мүдделері түгел орындалады. Болашақтары жарқын болады. Түсіңізді анаңызға жорытыңыз. Бөгде адамға айтпаңыз.