Каппадокия – Кіші Азияның орталық бөлігіндегі аймақтың ежелгі атауы. Нақтырақ айтсақ, Түркияның Невшехир, Кайсери, Ақсарай және Нигде, Кирсехир атты 5 ауданы орналасқан аумақтың жалпылама атауы деуге болады.
Ерте заманда Каппадокия халқы өздерін “хаттармыз” деп атаған. Біздің заманымыздан бұрын 3 мыңжылдықта бұл өңірге үндіеуропа тайпалары басып кіре бастады. Кейін осында Хет патшалығының негізгі бөлігі орналасты, Ассирияның сауда қоныстары болды. Біздің заманымыздан бұрын 6 ғасырдан бастап, Каппадокияны Мидия, Иран, кейін Рим империясы жаулап алды.
Кейіннен Рим империясы бөлінген кезде Каппадокия Византияның құрамында қалды. 1047 жылы аймақты селжұқтар басып алып, 15 ғасырдан бастап Осман сұлтандығының құрамында болды. Ежелгі дәуірде және орта ғасырларда Каппадокия сарайларымен әйгілі болды. Сол сарайлар, жерасты қалалары, таулы шіркеулер бүгінде бұл аймақтың сәнін келтіріп әлемнің миллиондаған туристін өздеріне шақыруда. Қараңызшы, тіпті табиғат та бар махаббатын Каппадокияға төккендей көрінеді.
Сан мың ғасырдың куәгері атанған мына бір саңырауқұлақ пішіндес "тас бағаналарда" шешілмеген жұмбақтар жатыр-ау...
Каппадокияда көпшілікке кеңінен танымал үш жартас бар. Олар Башхисар,Ортахисар, Учхисар деп аталады.
Табиғат пен адамның бірлесе жасаған мына керемет көріністер ең үздік деген режисерлердің қызығушылығын оятып келеді. Бұл жерде бірнеше фильмдер түсіріліп үлгерді.
Каппадокиядағы ең кең таралған саяхаттау әдісі әуе шарымен серуендеу екен. Сіз әуе шарын кез келген маусымда, кез келген аптаның күнінде жалға ала аласыз. Дегенмен, сәуір мен қазан айларының аралығы ең ыңғайлы мезгіл болып табылады.