- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Түркиядағы Kral Kizi...
Түркиядағы Kral Kizi моншасы ЮНЕСКО тізіміне енді
Түркия еліндегі Йозгат провинциясы, Марыкая ауданында Рим империясы кезінде іргетасы қаланған тарихи монша бар. Basilica Therma моншасы бүгінде Kral Kızı деген атаумен де танымал. Міне, дәл осы бірнеше ғасырдан сыр шертіп тұрған тарихи орын ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енді.
Жергілікті Йозгат губернаторы әкімшілігінің хабарлауынша, бұл орын 2010 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Йозгат провинциясының губернаторы Кемаль Юртнач 2017 жылы Kral Kızı нысанын ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізу бастамасын көтерген. Провинция билігі бұл тарихи нысанды адамдардың көбірек білуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Кемаль Юртначтың сөзіне қарағанда, Kral Kızı моншасы Түркияның аса маңызды көрікті жерлерінің бірі.
Йозгат провинциясының музейлер басқармасы 2010 жылы археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастырған болатын. Оның барысында рим моншасының қабырғалары - екі қабатты, 10 ойықты арка табылды. Бірақ бұл орынды танымал етуге ешқандай әрекет жасалған жоқ,- дейді Юртнач. Оның айтуынша, Kral Kızı моншасы екі мыңға жуық жылдан бері жер бетіне ыстық су шығып жатқан әлемдегі екі орынның бірі.
Римдіктер жылы су қайнары көзіне монша тұрғызған, бүгінгі таңда да кез келген тілек білдіруші мұндағы ыстық суға шомыла алады. Айта кеткен жөн, жылы суға толы бассейннің аумағы футбол алаңымен тең.
А. Қажиев