Көп ұзамай жадырап жаз мезгілі келеді. Әдетте, барлығы кезекті демалысын жаздың жайма шуақ күндерінде өткізуге тырысады. Саяхат жолдамаларын қарастырып, туристік фирмалармен байланыс орнатады.
Саяхат барысында орынсыз жағдайлар мен түсініспеушіліктер болмауы үшін жолдамаларын сатып алған кезде, міндетті түрде, туристік фирмалармен келісімшартқа отыру керек. Туристік фирмалармен келісімшарт жасасқан кезде, аса мұқият болған жөн.
Келісімшартқа қол қойған екінші жақ туралы толық ақпараттың болуын қадағалаңыз. Қол қойған қызметкердің аты-жөні, байланыс телефоны, төлқұжатының нөмері мен жарамдылық мерзімі, оның келісімшартқа қол қоюы туралы құқығын растайтын құжаттары (сенім хат, жарлық, бұйрық) болуы керек.
Келісімшартта туристік фирма туралы барлық ақпарат көрсетілуі тиіс: фирманың толық атауы, мекен-жайы, байланыс телефондары, мемлекеттік тіркеу нөмері, лицензия, банк реквизиттері.
Қонақүй, әуе билеті, жол бағыты, экскурссиялық бағдарламалар т.с.с. саяхатқа қатысты барлық ақпарат туристік жолдама мен келісімшартта бірдей көрсетілуі керек. Келісімшартқа қол қоймас бұрын, осы екі құжатты салыстырыңыз.
Туристік фирма виза рәсімдеу мен медициналық сақтандыру қызметін көрсететін жағдайда, ол туралы келісімшартта толық көрсетілу керек. Сол кезде туристік жолдама құнына осы қызметтерге кететін шығын қосылады.
Туристік фирма саяхат жолдамасымен бірге, сізге баратын қала не мемлекет жайлы толық ақпарат беру керек. Жергілікті ережелер мен салт-дәстүрлері туралы ақыл-кеңестерін аямағаны жөн. Баратын мекеннің картасы мен қажетті телефондар көрсетілген қосымша қағаздарды ұсынуы тиіс. Туристік фирма саяхат жолдамасымен қатар, тұрақтайтын қонақүй қызметі мен жол қауіпсіздігіне жауапты болады.
Саяхат жолдамасын сатып алған кезде, міндетті түрде касса чегін талап етіңіз. Кассалық чекте саяхат жолдамасының бағасы мен қосымша шығындар көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, төлем уақыты, айы-күні мен мөрі болуы керек.
Туристік фирма ешқандай жағдайда келісімшартты бұзбауы тиіс. Саяхат жолдамасының уақытын, қонақүй, әуе билеттерін ауыстыруға, келісімшарттарын өзгертуге құқығы жоқ. Егер де, белгілі бір себептерге байланысты, сіз саяхат жолдамасын туристік фирмаға қайтарып, келісімшартты бұзсаңыз, құжатта көрсетілген талаптарға сәйкес айыппұл төлейсіз.
Саяхат кезінде орынсыз жағдайларға тап болып, демалысыңыз түсініспеушілікке толы болған жағдайда, 20 күннің ішінде туристік фирмаға көңіліңіздің толмағаны туралы шағым түсіре аласыз. Егер де, сіздің шағымыңызға туристік фирма тарапынан 10 күннің ішінде еш жауап болмаса, сіз оларды сотқа бере аласыз.
Суреттер: turbooks.ru, novosti.travel