Табиғат таңғажайыптары бізді күннен-күнге таң қалдыруда. Аустралия құрлығының Виктория аймағында орналасқан Джипсленд көлінің басқа көлдерден айырмашылығы – түнде неонды түске боялып жарқырайтындығы. Аумағы – 600 шаршы метрді алып жатқан көлге суретші Фил Харт кездейсоқ барып қалып, таңғажайып көрініске тап болады. Мұндай табиғат құбылысын ғылымда биолюминиценция деп атайды.
Жұмбақ құбылыстың жауабының осы күндері бірнеше нұсқасы бар. Соның бірі - көлді мекендейтін балдырлар мен микро ағзаларға байланысты деген болжам болса, екіншісі – «теңіз ұшқыны», «теңіз жұлдызы», «теңіз перісі» деген атқа ие болып жүрген динофлагеллят түрінің әсерінен деген болжам.
Балдырлардың ерекше құбылысқа қатысы бар екенін бір топ ғалымдар сеніммен айтады. Олар атмосфераны ластайтын қалдықтармен қуаттанады. Қалдықтар дегеніміз - шамадан тыс жауған жаңбыр суы, қатты жел болған кезде көлге ұшып келетін шаң-тозаң, от түтіні. Осы заттар көлге түскенде балдырлардың неонды түс бөлуін қамтамасыз етеді. Көлде өскен өсімдіктер көлемінің кішкентайлығына қарамастан, қатты жарқырайды. Ал келесі топ ғалымдары "теңіз балдырлары мен бактериялармен қоректенетін «теңіз ұшқындары" жауларынан қорғану үшін жарық түс бөледі» дейді.
Көлге тас немесе құм лақтырсаңыз жарығы күшейе түседі екен.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: mir-faktov.ru