Күн – Күн жүйесінің орталық денесі, Жерге ең жақын жұлдыз. Күн – спектрлік класы G2V, абсолют жұлдыздық шамасы +4,83 болатын сары ергежейлі жұлдыз. Жақын жұлдыздармен салыстырғанда Күн 1,97х104 м/с жылдамдықпен Геркулес шоқжұлдызы бағытында қозғалады. Галактика центрін 230 миллион жылда бір рет айналып шығады. Бүкіл күн жүйесі массасының 99,866 пайызы Күнде жинақталған. Жерден Күнге дейінгі орташа қашықтық 150 миллион шақырым.
Күнде өте кең тараған элемент – сутегі. Оның атомдарының санынан гелий атомдарының саны 7 – 8 есе аз, ал қалған өзге элементтердің саны сутек атомдары санынан 1000 есе аз. Күн құрамында басқа элементтерге қарағанда оттек, көміртек, азот, магний, кремний, темір басымырақ. Күннің тікелей бақылауға келетін сыртқы қабаттары, оның атмосферасын қалыптастырады... Бұл күнге берілген физикалық анықтама.
Ежелден әлем жұртының басым бөлігі Күнге табынған. Күн құдайы – Ра деп білген. О.Сүлейменовтің пайымынша, күнге құлшылық, әсіресе, солтүстік белдеуде орналасқан халықтарға көбірек тән болуы керек, өйткені олар үшін Күннің қажеті ыстық белдеулерде тұратын халықтарға қарағанда маңыздырақ.
Қазақ жерінде табылған «Алтын адамдардың» киімінің негізінен қызыл және сары түстерден тұратындығы Күннің және оттың құдыретімен байланысты.
Әлемде Күнді бірнеше ай ғана көретін қалалар баршылық. Жергілікті тұрғындар қалған уақытын түн құшағында өткізуге мәжбүр. Біз сондай қалалардың бірнешеуіне тоқталып өтеміз.
Солтүстік белдеуде орналасқан қаланың бірі – Мурманск. Бұл қалада Күн небәрі жылына 71 рет қана көрінеді екен.
Сондай қалалардың бірі – Кируна! Швецияның солтүстігінде орналасқан қалада мезгілдер негізінен қараңғы болады. Қыста күн түнмен ауысады. Бұл қалада өмір сүрсеңіз жазда Күнді бірнеше апта ғана көресіз. Бұл көбіне маусым айында болатын құбылыс. Кирунада Күн 2 ай 10 күн ғана жарқырап шығып тұрады. Қалған мезгілдің бәрі қою түннің ішінде өтеді.
Жапонияға қарасты Курил аралдарында Южно-Курильск атты орыс қаласы бар. Бұл жерде Күн 365 күннің тек 69-ында ғана көрінеді.
АҚШ-тың Аляска штатының астанасы саналатын Джуно қаласында да Күн көзін көп көре бермейсіз. Бұл жерден алтын табылғаннан кейін 1881 жылы негізі қаланған қалаға бір ерекшелігі апаратын жол жоқ. Джуноға су арқылы немесе ұшақпен ғана бара аласыз. Бұл жерде Күн бар-жоғы 64 рет қана күлімдейді.
Сондай-ақ, Германияның 2000 мың жылдық тарихы Кельн қаласында да Күн 62 күн жарық шашса, Ұлыбританияның ірі қалаларының бірі Бирмингемде Күн 1500 сағат (58 күн) жарқырап тұрады. Соған қарамай жергілікті тұрғындар өміріне налымай ғұмыр кешіп жатыр.
Канаданың Принс-Руперт қаласында болса Күннің шығуы мереке іспетті. Себебі қала тұрғындары Күнді бір жылда 41 рет қана көреді.
Осыған ұқсас Фарер аралдарының астанасы Торсхавнда Күн жыл бойы 36 рет, Норвегияның Ян-Майен қаласында 12 айдың тек бір айында ғана Күн көзі көрінеді.