1980 жылы Францияда «La Bougie du Sapeur» атты газеттің алғашқы саны шыққан еді. Басылымның бір ерекшелігі ол тек 29 ақпан күні, яғни кібісе жылы ғана жарыққа шығады. Сондықтан да журналистер басылымға «Кібісе газеті» деген бейресми атау таққан. Ал оның қазіргі «La Bougie du Sapeur» деген аты қазақшаға аударғанда «Сапер шырағы» деген мағынаға келеді.
Газеттің аты 19 ғасырда ойлап табылған француз комикстерінің қаһарманы Camember сапердің құрметіне қойылған екен. Аңыз бойынша, ол 29 ақпан күні дүниеге келген. Сондықтан да оған туған күнін жыл сайын атап өту бақыты бұйырмаған. Ал оны әскерге алып кеткен кезде жасы бар болғаны 5-те болған.
Газеттің соңғы саны 2012 жылдың 29 ақпанында жарық көрді. Бұл 1980 жылдан бастап санағандағы 9 нөмірі. Ал оқырмандарын сағындырып жететін «Кібісе газеті» бүкіл елге 200 мың данамен тарайды. Бағасы 4 еуро. Сондай-ақ оқырмандар газетке бірден 100 жылға жазыла алады. Ол үшін 100 еуро төлесеңіз жеткілікті.
Оның 2012 жылы шыққан санында сыра сусыны кеңінен талқыланған екен. Сондай-ақ нөмірде дәстүрлі кроссвордқа да орын табылған. Бір қызығы, оқырмандар олардың дұрыс жауабын тек төрт жылдан кейін, яғни 2016 жылдың 29 ақпанында біле алады.
Тағы да бір қызық жайт. 2004 жылы газеттің 7-ші нөмірі бұл «la Bougie du Sapeur — Dimanche» (Сапер шырағы: жексенбілік шығарылым) газетінің бірінші нөмірі деген қосымшамен жарыққа шықты. Кейін белгілі болғандай, басылым редакторлары дәл осындай қосымшасы бар нөмірді тек 29 ақпан жексенбі күніне сәйкес келгенде ғана шығаруды көздегендерін айтты. Демек осындай санақпен есептесек, газеттің дәл осындай келесі саны 2032 жылдың 29 ақпанында шығады екен.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: 4france.ru