ХХ ғасырдың ірі апаттарының бірі – "Титаник" кемесінің суға батуы. Ол әлемдегі ең ірі жолаушылар тасымалдайтын кемелердің бірі болған. Кеме 1912 жылы 14 сәуір күні өзінің алғашқы сапарын жасайды. Сол күні Атлант мұхитында мұзтауға соқтығысып, 2 сағат 40 минутта батып кетеді. Бортта 1316 жолаушы мен 892 экипаж мүшелерін қосқанда барлығы 2208 адам болған. 1496 адам қаза тауып, аман қалған 712 адамды көмекке келген "Карпатия" кемесі құтқарған.
Бәрі былай басталған... Жолаушылар кешкі ас ішіп, би билеп, кейбіреулері болса, ұйқыға дайындалып жатқан болатын. Бірер сәттен соң, тарихта мәңгілік қалатын орасан зор апат болатыны ешкімнің де ойына келмеген еді, тіпті, түсіне де кірмеген. Бүкіл адамзат баласы мұндай ірі көлемді кемені бұдан бұрын еш көрмеген. Ең үлкен, ең қуатты, ең сенімді және конструкторлардың айтуынша еш суға батпайтын кеме - өзіне сәйкес "Титаник" деп аталады.
Корольдік верфтерден (кеме жасайтын және оны жөндейтін жер) шыққан "Титаник" өзінің алғашқы жүзу сапарына аттанып, оның алғашқы және соңғы сапары ретінде тарихта қалды. Бұрын-соңды болмаған осынау апат бүкіл әлемді дүр еткізген еді. Кеменің кереметтілігі соншалықты, құрылысшылар мен флот иелері менменсіген түрмен: "Құдайдың өзі бұл кемені суға батыра алмайды" - деп мәлімдеген болатын.
Нәтижесінде адамның атақ құмарлығы мен менменшілдігі қатаң түрде жазаланып, аса ірі айсберг санаулы секундтардың ішінде Титаниктің болаттан жасалған корпусын жарып, кеме отсектеріне Атлант мұхитының мұзды суын толтыра бастады. Санаулы сағаттардан соң, кеме бортындағы оркестрдің сазды әуенімен әйгілі "Титаник" мұхиттың қойнауына кеткен еді.
Содан бері ғасырдан астам уақыт өтсе де "Титаник" туралы аңызға қызығушылық жойылмай келеді. Бәлкім, оған атақты фильмнің де септігі тиген шығар. Осы оқиғаға арналған Джемс Камэрон туындысы – кино тарихындағы ең табысты фильмдердің бірі. "Титаник" 1997 жылы көрермендерге жол тартқан болатын. Ол көп табыс табудан рекорд жасап, мәртебесін 12 жыл бойы сақтап тұрды.