Тауық бірден балапан "босанды"

Тауық бірден балапан "босанды"

Шри-Ланкада айтарлықтай ғажап зоологиялық оқиға болды. Тауық жұмыртқа салудың орнына толықтай жетілген, тірі балапан туды.

Жергілікті билік өкілдері мұндай тылсым дүниені өмірлерінде алғаш рет көріп отырғандарын да жасырмайды. Өкінішке орай, тауық «босану» кезінде өлген. Дегенмен, Шри-Ланка басқармасын таң қалдырған осындай оқиғаның мән-жайын анықтауға тауықтың өлімі себепші болды.

Велимада провинциясының мемлекеттік ветеринары Яапа мырза арнайы тексеру барысында эмбрион тауықтың жыныс жүйесі ішінде құрылғанын және оның 21 күн бойы жұмыртқа күйінде жетілгенін анықтады. Балапан құрсақ ішінде жарылып, бірден сыртқа шыққан. Алайда, бұл тауық-ананың өліміне әкелді.

Жергілікті журналистер оқиғаның егжей-тегжейін білмей тұра, бұрыннан келе жатқан ("Дүниеге кім бірінші келді? Тауық па жұмыртқа ма?") таласты шешуге асыққан еді. 

Шри-Ланка газеттері дәл осындай философиялық тақырыптармен жарыққа шықты. Бірақ, өкінішке орай, ветеринар өзінің түсіндірмелерімен бәрін бүлдірді. Ал кімнің бірінші дүниеге келгені әлі де анықталмаған күйі қалды.

Бұдан бұрын тағы да бір ерекше тауықтың екі жылға жуық бассыз өмір сүргенін айтып кеткен болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, 1945 жылдың 10 қыркүйегінде АҚШ-тың Колорадо штаты, Фрут қалашығында балапанның басын шапқан еді. Алайда, балта ғайыптан тайып, негізгі күретамырдан қиыс кетеді. Ал мойнында ми бағанасының біршама бөлігі сақталғандықтан, балапан тірі қалғанымен қоймай, өсіп-жетіледі.

«Майк» атты балапан халық қаһарманына айналып, бүкіл елді аралап, тіпті «Тайм», «Лайф» секілді журналдардың беттерінен де көрінген болатын.

 Сурет: zooclub.ru

Ж. FM