- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Тауар шынымен қымбат...
Тауар шынымен қымбат па?
Материалдық тұрғыдан өсім қазіргі экономикалық жүйе негізі бойынша қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші мен мақсаты деген түсініктің бары жасырын емес. Экономиканың өсуі үшін тұтынушылар саны артуы керек. Бұндай талап қойылған кезде үздіксіз тұтынушылық өмір сүру салтына айналатыны сөзсіз.
Өкінішке орай, экономикалық жүйенің өсіміне септігін тигізетін әрі «тұтынушылар қоғамын» қалыптастыратын басты күш – медиа. Біз кез-келген жерден «Қазір сатып ал да, үнемде», «жеңілдіктер алаңы» секілді тіркестерді кездестіреміз. Қала берді, «қара жұма», «бақытты сағаттар» секілді жеңілдіктер сәттерін жарнамалаймыз. Тұтынушы артқан сайын, ұсыныстың түрі де, саны да артқаны жасырын емес.
Экономикалық дағдарысқа жол бермеу үшін сұраныс пен ұсыныс теңдігін қалыптастырамыз деп жүргенде, жиналып қалған мәселелердің шешіміне қашан уақыт бөлмекпіз?
Тұтынушылар артқан сайын, мәселенің туындау қарқыны да соғұрлым жылдамдай түседі: экологиялық дағдарыс, халықаралық деңгейдегі теңсіздік пен әділетсіздік және психологиялық дерттер.
Бақыт индексі туралы естіп пе едіңіз? Ендеше, мына деректен де хабардар шығарсыз: ғалымдар соңғы жылдардағы тенденция бойынша, адамның бақыт индексі оның сатып алған тауар көлемімен байланысты екенін анықтаған. Адамның тұтынушы ретінде шығыны азайған сайын олар күйзеліске жиі ұшыраған.
Алып кеңістіктегі қара құрдымның ішінде не бар екені белгісіз. Бірақ, елдер арасындағы тұтынушылық әсерінен туындаған құрдымда нені кездестіруге болатын бізге мәлім. БҰҰ-ның Тұрақты Даму саласы бойынша зерттеуі мынандай қызықты статистикалық ақпаратты ұсынды: дамыған және бай мемлекеттер барлық елдердің төрттен бір ресурсын тұтынса, ал, сүрініп-жығылып күн көріп жүрген үшінші әлем елдері тек қалдыққа «шүкірлік» айтады-мыс.
Кез-келген сауда орталықтары, супермаркеттер мен шағын маркеттерді көз алдыңызға елестетіңізші. Олардың барлығы бір мақсат бойынша жұмыс істейді – тезірек тауарды сату. Сондықтан, ылғи жеңілдіктер алаңына тап боламыз.
«Неге қымбат?», «Бәрі қымбаттап кетті...». Жиі шағымданамыз және айналамызды осы сұрақпен мазалап, көтеріліп кеткен бағадан шошып қалатынымыз тағы бар.
Жеңілдіктер – біз үшін таптырмас мүмкіндік. 2500 теңгенің жейдесін 1999 теңгеге алғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Соны сатып алып жатып, не үшін ақша төлеп жатқаныңыз жайында ойландңыз ба? Нағыз құнын есептеп көрдіңіз бе?
– Өндіруге керекті тауарлар қайдан алынған?
– Өндіру саласында кімдер жұмыс жасайды?
– Бір өнімге қаншалықты токсинді заттар қолданылды?
– Қандай елдер арқылы жеткізілді?
Бұл сұрақтардың бәрін сараптап, жауап іздеп көрсеңіз, біздің тауарға үшін мүлдем ақша шығындамағанымызды ұғуға болады. Сонда біз үшін тауарға кім шығындалып жатыр?
Экология, кедей адамдар және біздің денсаулығымыз. Ағаштар кесіліп, ормандар жоғала бастайды, мұхиттар бос пластикалық ыдыстарға толады, Мексика, Үндістан, Африка мен Конго секілді елдерде балалар мен орта жастағы әйелдер зауыттарда еңбек етіп, токсинді заттарды жұтады: ал, біз тиімді бағада дайын тауарды сатып аламыз да, оны бірнеше айдан соң қоқыс жәшігіне лақтырамыз.
Әрине, жүйе біз сипаттағаннан да әлдеқайда қиын жағдайда жұмыс істейді. Дегенмен, келесі жолы бір тауарды сатып алмас бұрын, сізден бұрын бұған кім және қалай шығындалғанын ой жиегінін бір өткізіп шыққаныңыз абзал.
Т. Есқали