- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Тарих толқынында «жүзген»...
Тарих толқынында «жүзген» хаттар #2
Атаулы тақырып бойынша алдыңғы бөлімде де қызықты деректер ұсынғанымыз көзіқарақты оқырмандарымызға белгілі. Адамзаттың тудырған асыл мұрасы, өркениетінің өрелі тұсы – кітап пен хат десек әбестік болмас. Хат – жер шары халықтарының алыс қашықтықтарды байланыстыру арқылы қызмет пен құрметке ие болған ғұмырлы да құнды дәуір парақтары. Осы орайда су бетінде билеген «бөтелкедегі хаттардың» тылсым әрі тағлымды тұстарын тану үшін тағы да хаттар әлеміне сүңгіп көрелік.
1. Жиырма төрт жылдан кейін жауап алған бөтелке-хат
Неміс баласы араға ширек ғасыр салып Балтық теңізінде кемеден жолдаған өзінің бөтелке-хатының жауабын алды. 13 жасар орыс баласы Даниил Коротких ата-анасымен жағажайда қыдырып жүріп құм арасынан күнге шағылысқан затты көреді. «Мен осы бөтелкені көріп едім, ол мені қатты қызықтырды, – дейді Даниил. – Ол керамикалық тығынмен тығындалған неміс сырасының бөтелкесіне ұқсады, ал ішінен хат көрінді». Оның әкесі неміс тілін білгендіктен, целлофонға мұқият қапталып, медициналық дәкемен оралған жолдауды аударған. Онда: «Менің есімім – Фрэнк, мен бестемін. Біз, әкем екеуіміз кемемен Данияға жүзіп барамыз. Егер бұл хатты тапсаңыз, өтінемін, маған жауап жазыңыз, мен сізге қайта жауап жазамын» делінген. Хатта «1987 жыл, Косфельд қаласы» деп көрсетілген. Хат иесі – Франк Ойсбек, қазір 32-де. Оның ата-анасы әлі де сол аталған қалада тұрып жатыр. Хатты тапқан орыс баласы Даниил Коротких ғаламтор желісі арқылы хат иесі – Неміс азаматы Франк Ойсбекке тапқан бөтелкесін көрсетіп, өзара әңгіме-дүкен құрады.
2. Әлемдік рекорд: 97 жылдан кейін табылған бөтелке-жолдау
Шамамен жүз жыл толқынында жүзген шыны құтыдағы хат Гиннес Рекордтар кітабына енген. 43 жастағы капитан Эндрю Липер шотландтық «Copious» кемесімен жағалауда жүргенде балық аулайтын торына «алтын балық» іліккен. «Жерден жеті қоян тапқандай» қуанған ол бұл жағдайды лоторея ұтысынан кем көрмеді. Бір қызығы, осы хаттан бұрын табылған тағы бір жолдауды дәл осы бортпен жүрген Марк Андерсон тапқан екен. Хатты су айдынына 1914 жылы маусым айында Глазго қаласындағы Кеме жүргізу мектебінің капитаны К. Браун жіберген.
3. Ұлттық Секвойя саябағында қырық жылдан соң табылған хат
Ескі тот басқан темір құты жерде қырық жыл жамбастапты. Оны 69 жасар Калифорнияның қырағы көзді тұрғыны Лэрри Райт байқаған. Ұлттық Секвойя саябағының Майлстоун тауының маңында ұлы Аарон және немересі Скайлермен серуендеп жүрген. Ол жерден жартылай жылтылдап жатқан қабықша астындағы қорабшаны көреді. Ішінде 1972 жыл 17 тамызда жазылған мұқият сақталған жазу бар. Онда: «13 жасында 1972 жылы 17 тамызда бұл шыңды Тим Тэйлор бағындырған. Біреу тапса, маған жазуын сұраймын» делінген. Таңқалған Райт хат иесі Тэйлорды іздеуге туп-тура бір ай жұмсаған. Ол хатта жазылған мекен-жайдағы үйге барады, үйдің жаңа қожайыны Коичи Уемура бұл үйде 18 жыл тұрып келе жатқанын айтады. Ол Тэйлорлардан кейін үйді сатып алушы үшінші тұрғын екенін білсе де, Райт іздеуді тоқтатпайды. Әлеуметтік желілер (Google) айтарлықтай нәтиже бермеген соң, БАҚ-тың (La Cañada Valley Sun) көмегіне жүгінеді. Олар Райттың Тэйлорды (қазір Сан-Диегоның Жоғарғы соты) іздеп жүргені туралы хабарлағаннан кейін туыстары мен достары қоңырау шала бастаған. Тэйлор хатты барлау отрядымен саяхаттап жүргенде көмген. Жас жеткіншек 12 000 футтық биіктіктегі барлау картасында белгіленбеген белгісіз шыңға өз бетінше шығуға шешім қабылдайды. Және де жүрген жерінде жолдау тастау әкеден қалған әдет екенін мақтанышпен айтқан.
4. Қырық жыл бұрын жазылған бөтелкедегі хат арқылы дос болған құрбылар
Розалинд Хирс қырық жыл бұрын бүгінгі құрбысымен Құрама Штаттағы жағажайда табылған бөтелке-хат арқылы танысыпты. Америкалық Сандра Морристің кемеден жіберген хатын қарт теңіздің қуалаған қарқынды толқыны Оңтүстік Уэльстегі Маргам жағалауына әкелген. Құрбылар қазір қырық сегізде. Жыл өте жастары ұлғайса да, әлеуметтік желіде аралары бір елі ажырамаған. Бұл сөзімізге әлі де хат алмасып тұруы дәлел бола алады.
Сурет:mixstuff.ru, chilipep.ru.
Е. Жұмабайұлы