Танзания тылсымы туралы

"Танзания" сөзін естігенде көз алдымызға бірден жабайы жануарлар елестейді. Расында бұл тылсым елде "Үлкен африкалық бестіктің" барлық түрі мекендейді. 

ТАРИХ

Шығыс Африкада орналасқан Танзания мемлекеті тәуелсіздігін 1964 жылдың 24 сәуірінде отаршыларға қарсы соғыстың нәтижесінде алды. Өзін Занзибар және Пемба Халық Республикасы деп жариялаған. Алайда арада ұзақ уақыт өтпестен көрші Танганьика Республикасымен екі мемлекетті біріктіру туралы келісімге келді. Осылайша Танзания Біріккен Республикасы пайда болды. Оның құрамына Танганьики мен Занзибар мемлекеті кірді. 

Қазіргі таңда Танзания халқының саны шамамен 55 миллион адамды құрайды. Ресми деректерге сәйкес, елдің жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімі 2017 жылы 7,1 пайызды құрады. Соңғы жылдары халықаралық қаржы институттардың көмегі арқасында Танзания инфрақұрылымдық жобаларды және алтын, темір, алмаз, танзанит деген табиғи ресурстарды белсенді дамытып жатыр.

ДОСТЫҚ

Күні кеше Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Танзания Біріккен Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Модаст Джонатан Меро екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты мәлімдеді.

Қол қою рәсімі барысында Қазақстан мен Танзанияның тұрақты өкілдері экономиканың әртүрлі салаларында ынтымақтастық орнатуға және екіжақты әріптестіктің перспективаларын егжей-тегжейлі талқылауға қызығушылық білдірді.

Модаст Джонатан Меро елдің ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы әңгімеледі. Көпжақты ынтымақтастық шеңберінде дипломаттар БҰҰ күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша, оның ішінде терроризмге қарсы күресу, Ұйымды реформалау және Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру салаларындағы ұстанымдардың ұқсастығын атап өтті. Осы және басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге және халықаралық құрылымдарда өзара қолдау көрсету туралы келісімге қол жеткізілді.

 СІЗ БІЛМЕЙТІН ҚЫЗЫҚТАР

1. Танзанияның екі астанасы бар. Тарихы тереңде жатқан Дар-эс-Салам қаласы әкімшілік орталық болса, заң шығарушы Додома қаласы. 

2. Мемлекет атауы Британ империясының отары болған Танганьики мен Занзибардың қосындысынан пайда болған.

3. Кешікпеу – сыйламаудың белгісі. Әлем елдерінің басым бөлігінде шақырылған жерге уақытылы келмеу – сыйламағандықтың белгісі. Ал Танзанияда белгіленген дәл уақытында келу – құрметсіздік нышаны. Сыпайы, тәрбиелі қонақтардың барлығы 15-30 минут кешігіп келеді екен.

4. Танзанияның ресми тілі - ағылшын және жергілікті суахили тілі. Тұрғындардың басым көпшілігі ағылшынша білмейды. Бірақ бұл елде халық 120 тілде сөйлейді екен. Өйткені Танзанияның территориясында 162 тайпа өмір сүреді. Суахили – араб, португал және африкалық тайпалардың тілінің бірігуінен туған. Африка туралы естігенде бірден "Сафари" көз алдымызға елестейтіні белгілі. Ал осы "Сафари" сөзі суахили тілінен алынған. Мағынасы "саяхат" дегенді білдіреді. Сонымен қатар, жазушы Джордж Мартиннің "Мұз бен алау жыры" романында дотракин тілін ойдан құрастырады. Осы роман желісі бойынша түсірілген "Тақ ойындары" телехикаясында өндірушілер сол тілді жетілдіреді. Тілдің грамматикалық және фонетикалық негізі орыс, түрік, инуктитута және суахили тілдерінен алынған. 

5. Өткен ғасырдың 46-шы жылы Занзибарда әлемге танымал Queen рок тобының вокалисі Фредди Меркьюри туған. 

6. Мемлекеттің территориясының 30 пайызы қорғалатын аймақ. Танзанияда барлығы 12 саябақ, 13 қорық және 38 табиғи қорғалатын аймақ бар.

7. Танзанияның батысындағы Танганьика көлі тереңдігі жағынан әлемде - екінші, Африкада - бірінші орында. Танганьика көлі – "судың жиынтығы" деген ұғымды білдіреді.

8. 1962 жылы елде күлкі індеті тіркелген. Мыңға жуық адам 18 ай бойы күлген екен. Адамдар бірнеше сағаттан бастап бір-екі күн бойы еріксіз күле берген.

9. Танзаниялықтар – жас ұлт. Халық санының 2,5 пайызы ғана 65 жастан асқандар. Ал елдің орташа жасы – 18. Әлемнің 228 мемлекетіне мониторинг жүргізген World bymap organization қауымдастығының статистикасына сәйкес Танзания ең жас ұлттар рейтингінде 10-шы орынға табан тіреген. 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің саны 44,1 пайызды құраған.

10. Басқа мемлекеттерге қарағанда Танзанияда альбиностар көп туылады. Әлемде 20 мың адамның тек біреуі альбинос болып туса, Танзанияда әр 3 мың адамның біреуі альбинос болып өмірге келеді.

ЕҢ, ЕҢ...

Ең қысқа соғыс. 1896 жылдың 7 тамызы күні Танзанияда тарихтағы ең қысқа соғыс өтті. Аталған соғыс, тіпті, Гиннес рекордтар кітабына енген. ХІХ ғасырдың соңында Занзибар елі Ұлыбританияның отары болған. 1896 жылы Занзибардың жаңа сұлтаны Халид ибн Баргаш осы құлдық құрсауынан құтылу үшін әрекет жасайды. Ол үшін ол өзіне серік іздеп, Германиядан көмек сұрайды. Бас қолбасшы өзімен бірге азғантай ғана сарбаз жинап, әскерді XVI ғасырдан қалған қару-жарақпен жабдықтайды. Ұлыбританиялықтар бұл әрекетті ашық соғыс деп қабылдап, 27 тамыз күні таңғы сағат 9:00 кезінде соғыс болатынын ескертеді. Екі жақ алдымен теңіз бетінде шайқасуға келіседі. Яғни алыстан бомбылау арқылы екі жақ кемелерінің күшін сынай бастайды. Ақыры екі жақтың соғыс нәтижесінде соғыс ұзақтығы 38 минутқа созылып, жаңа сұлтан тағына келген Халид ибн Баргаш әскеріне шегіну туралы бұйрық беріп, өзі неміс жеріне бас сауғалап кете барады. Қырық бес минут ішінде Занзибар жақтан 560 адам оққа ұшып, көз жұмады. Ал ұлы державаға қарсы соғыс ашқан сұлтан 1916 жылы ағылшындардың қолына түсіп, 1927 жылы Момбас даласында қаза табады.

Ең жас ұлттар тізімінде. БҰҰ-ның "Халық қоры" (UNFPA) мәліметіне қарағанда екі мың жыл бұрын дүниеде 300 миллион, 1600 жылы 600 миллион, 1804 жылы 1 миллиард адам болса, бұл көрсеткіш 1900 жылы 1,5 миллиардқа өсіп, 2011 жылы 7 миллиардқа жеткен. Жаһан жұртының жаппай көбеюі екінші дүниежүзілік соғыстан соң яғни 1950 жылдардан соң басталды. Қазіргі күнде әлем халқының саны – 7,7 миллиард. 2050 жылға дейін әлем халқының тең жартысын 9 мемлекет: Үндістан, Нигерия, Конго, Пәкістан, Эфиопия, Индонезия, АҚШ, Уганда және Танзания құрайтын болады.

Ең үлкен метеориттер тізімінде. 1930 жылы Танзания жерінен Мбози метеориті табылған. Салмағы – 25 тонна, өлшемі – 3 метр. Бұл темір тас Танзания тұрғындарының қасиетті тотеміне айналған. Мбозидің кратері табылмаған, соған қарағанда ол жерге қиғашынан құлап, домалап барып қазіргі мекеніне жайғасқан тәрізді. Талдау дәлелдегендей, Мбози құрамының 90%-ы темірден тұрады екен. Ал 8 пайызы – никель, қалған бөлігі – күкірт, мыс, фосфор. Сондай-ақ, Мбози жерге құлаған ірі метеориттердің тізіміне кіреді.

"Қара құрлықтың" ең биік шыңы - Килиманджаро тауы Солтүстік Танзания жерінен орын тепкен. Килиманджаро сөзін суахили тілінен аударғанда "жылтыраған тау" деген мағынаны білдіреді. Аппақ қалпақ киген жанартау үшін бұл әбден лайықты ат деуге болады. Шыңын мәңгі ақ қар басқан сұр-көгілдір ұлы таудың ең керемет көрінісін Африка саванналарынан тамашалауға болады. Әсіресе, аптапты ыстық күндері буланған қарды көріп, тау төбесі қайнап жатыр ма деген ойға қаласыз. Ал осы уақытта аспанда көшіп жүретін жеңіл бұлттар тау сұлулығына сұлулық қосады. Килиманджароның алып жатқан аумағы - 97 шақырым, ал ұзындығы - 64 шақырым. Тау Кибо, Мавензи және Шира атты жанартаулардың бірігу жүйесінен құралған.

1889 жылдың қазан айында Ханс Майер, Людвиг Патшеллер және Йонас Кинала Лауво есімді альпинистер Килиманджароның ең биік нүктесі Ухуруды бағындырды. Жалпы таудың ең биік шыңына жету үшін 5-8 күніңізді шығындауыңызға тура келеді. Алайда 2007 жылы Жерар Бавато есімді альпинист рекорд жанартты. Ол Ухуруға 5 сағат 26 минут және 40 секундта шыққан. Оңтүстік Африкалық газеттердің хабарлауынша, 2002 жылы осы жердің жергілікті тұрғыны Джошуа Шумакэре тауға шыққан. Бұл кезде оның жасы небәрі тоғызда болды. Шынашақтай бала рекорд жасап қана қоймай, 10 жасқа толмаған балалардың тауға шығуға болмайтыны туралы ережені бұзды. Килиманджароны бағындырған ең кәрі кісі - француз Вэйлт Дэниел. Ол 87 жасында еш қиналмастан таудың шыңына шығып, тағы да бір рекорд жаңартты.

Айбар Рысдәулет