Дәл қазір Испания жерінде Fiesta de Santa Marta de Ribarteme мерекесі тойлануда. Мерекенің аты да, заты да қызық. Тіпті, оны атап өтетін адамдардың өзі ерекше жандар. Өйткені, мерекені бір кездері өлім аузында болып, аман-есен қалған адамдар тойлайды. Олар бұл күні өздерінің тылсым күштің әсерінен аман қалғандығын ел-жұртқа айтқысы келеді.
Фиеста - Лас Нивес атты кішкентай қалашықта өтеді. Мереке күні қала көшелерінде көңілсіз шеру жүріп өтеді. Адамдар салтанат себепкерлерін табытқа салып, шіркеу қорымына қарай алып барады. Табиғат та, адамдар да жабырқаңқы... Кенет, таңғажайып жағдай орын алады! Табыттағы өліктер тіріліп кетеді де, той-думан басталып сала береді.
Фиеста мерекесінің мәні адамдарды табытта алып жүруде жатқан жоқ. Бұл – өмір мен өлім мерекесі. Яғни, мерекеге жиналған халыққа көп ұзамай бәріміз сол табыттың ішіне барамыз деген ойды ұялатуда жатыр. Бір қызығы, табытқа жатып көргісі келетін адамдардың көптігі сонша, олардың арасында талас туып жатады. Алдын ала кезекке тұрған халыққа уақыт жетпей қалып, ренжулі қайтатындар қатары да жоқ емес.
Шеру соңы әуезді ән мен күмбірлеген күй ойнайтын көңілді кешке ұласады.
Суреттер:decktheholidays.blogspot.com,cutedeadguys.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева