- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Табиғаттың "заңсыз мигранттары"...
Табиғаттың "заңсыз мигранттары"
Қысқа мұрттылар отряды тармағына жататын шегірткенің Қазақстанда 271 түрі кездеседі екен. Олардың өзі үйірлі және саяқ шегірткелер деп бөлінеді. Үйірлі түрлеріне – ұшпа, шөл, қызыл шегіртке және тағы басқалары жатады. Саяқ шегірткеден айырмашылығы – жаппай көбею кезінде топ-топ болып, жүздеген, мыңдаған гектар аумақты басады, бір күн ішінде ондаған шақырым жерге орын ауыстырады.
Мәселен, шөл шегірткесінің үйірі 2400 шақырымнан астам ашық теңіз үстінен ұшып өтіп, солтүстік-батыс Африкадан Британ аралдарына дейін жеткен деген мәлімет бар.
Әрине, Қазақстанды мекендейтін зиянкес азия шегірткелері ұзақ қашықтыққа ұша алмайды. Дегенмен, ересектері бір күнде 80-120 шақырымға орын ауыстыра алады. Азия шегірткесінің әрқайсысы өз өмірінде 300 грамм көк жем, ал бір аналықтың ұрпақтары бір жазда екі қойға жететін жемді жейді. Негізгі қорегі қамыс, әйтсе де үйірлі шегіртке 1-2 сағат ішінде мыңдаған астық алқабын жоқ қылуға қауқарлы. Сонымен қатар қырыққабат, қарбыз, күнбағыс секілді және тағы басқа да ауылшаруашылығы дақылдарымен қоректеніп, салаға зиянын тигізеді.
Суретте – көкшегіртке. Негізгі қорегі – шіркейлер, алайда өсімдік жапырақтарымен де қоректене береді. Кейде ауылшаруашылығы дақылдарына зиянын келтіреді. Тіршілік ортасы – жағалаулардағы орманды, тоғайлы алқап, ылғалы мол жайылым жерлер, шабындықтар, шөптесін батпақты аймақтар.
Дереккөз: nationalgeographic.kz
Е. Жұмабайұлы