- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Табиғаттың ақ қалтасы...
Табиғаттың ақ қалтасы
Ақ қалта – Аризона мен Юта штаттарының шекарасында орналасқан Вермиллион ұлттық ескерткішінің аумағындағы шөл далада оқшау орналасқан құмды жер. Аймақтың барлығы да жақпар-жақпар сұр қабаттармен көмкерілген, кейде бірнеше сантиметрге ғана жететін жұқа қабаттарды да кездестіруге болады. Аталған өңір бір қарағанда қант ұнтағы себілгендей болып көрінсе, қабаттары қисайған келесі бір жерінде алып мәрмәр бәлішке ұқсап кетеді.
Ақ қалтадағы әдеттегіден тыс геология әлі күнге дейін толық түсіндірілмей келеді. Кейбір геологтар бұл құбылыс юра дәуірінде шөгудің деформациялануы нәтижесінде пайда болды деген қорытынды шығарды.
Ал Ақ қалтаға ең көп зерттеу жүргізген мұнай геологы Марк Десховиц жер сілкінудің әсерінен құмның мөлшері төмендеп осындай пейзаж пайда болды дегенді айтып отыр.
Жұқа тілімшелердің ғасырлар бойы сақталып келе жатқандығы таңқалдырмасқа қоймайды. Қызыл, қоңыр, ақ түстердің белгілі бір ретпен орналасуы да ақылға қонымсыз құбылыс болып көрінеді. Толқынды тастар 910 метр биіктікке дейін көтеріле алады.
Осыдан бір жыл бұрын Ақ Қалтаны тек қана жергілікті тұрғындар білетін еді. Кейіннен National Geographic Вермиллиондағы ғаламат құбылыс туралы деректерді айдай әлемге таратты. Бүгінде Ақ Қалта әрбір саяхатшының, әрбір табиғат сүйер қауымның тізімінен орын алды десек, артық айтқандық емес.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: daypic.ru, lifeglobe.net